Бүгінде әлемнің көптеген елдері экономикалық тұрғыда дағдарысты бастан өткеруде. Өйткені, жалпыәлемдік қарыздың мөлшері шамадан тыс артып кетті. Мұның басты себебі, қарызданушы елдер тым көп көлемде қаржы алып, енді соны қайтара алмай отыр. Оның салдары әлемдік экономикалық өсімге айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Қарызы артқан мемлекеттердің үкіметтері мен олардың орталық банктері тығырықтан шығудың әртүрлі жолдарын қарастырғанымен, жағдай одан әрі шиеленісіп кетті. Экономикаға қызыққан кез-келген адам үшін Еуропадағы қарыз дағдарысы жақсы таныс. Соңғы екі жылда ең басты қауіп-қатер де кәрі құрлықтағы осы жағдай болып отыр. Сонымен қатар, бүгінде көпшілікті Қытайдағы өсімнің баяу қарқыны мен АҚШ экономикасының бұлыңғыр келешегі алаңдатуда. Бұл екеуі әлемдегі ең ірі экономикалар болып саналады. Олар туралы мәліметтердің жеткілікті деңгейде айтылып, жазылатыны да сондықтан. Дегенмен, жер шарында тығырыққа тіреліп тұрған басқа да елдер бар.
Канада
Канада доллары 2008 жылғы дағдарыс кезіндегі деңгейден де төмен құлдырап кетті
Канада экономикасы өзіндік қиындықтарды бастан өткеруде. Мұнай және шикізат нарығындағы жаппай келеңсіздік елді рецессияға итермеледі. Соның салдарынан Канада доллары 2008 жылғы дағдарыс кезіндегі деңгейден де төмен құлдырап кетті. Сондай-ақ, аталған нарықтарға тәуелділігі басым мұндағы Альберт және Ньюфаундленд аймақтары ең күрделі жағдайға душар болуда. Бір мәрте мұнай бағасындағы серпілісті өткерген олар сондай сәттің тағы да қайталанып, барлығы өз қалпына келеді деп болжауда. Барлық мәселе де осы болжамда болып отыр. Торонто мен Ванкувердің баспана нарығындағы жағдайы да көкейге сенім ұялатпайды. Бұл мәселенің ушығып тұрғанын дәлелдейді. Соңғы алты айда Канада банкі пайыздық мөлшерлемесін екі рет төмендетуге мәжбүр болды. Жағдайдың қаншалықты қиын екенін ескерсек, оларға мөлшерлемені нөлге дейін төмендетіп, сандық жеңілдету бағдарламасын бастау керектігін байқау қиын емес.
Австралия
Жағдайдың жақсаратын түрі байқалмайды
Соңғы 20 жылда Қытай әлемдік өсімнің басты қозғаушы күші ретінде қарастырылып келді және ол ақылға қонымды еді. Жылдық өсу қарқыны 8 пайыздан 15 пайызға дейін болатын Қытай экономикасы тауар мен шикізатты жалпақ тілмен айтқанда «шайнамай жұтып» жатты. Соған қарамастан, өзі де өндіруде белсенді қимылдады. Осыған орай, бұл елге өз өнімдерін жеткізуші мемлекеттер немесе компаниялар ақшаны «күректеп» тапты. Олардың қатарында Австралия да бар. Ал қазір Қытайдың өсу қарқыны қатты баяулап қалды. Кейбір экономистердің айтуынша, нақты өсім бар болғаны 3 пайыздық көрсеткішке тең. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өте көп мөлшердегі құлдырау болып саналады. Осы ретте Қытайдағы өсімнің тұралап қалуы және ол елдің қажетті қарқынды сақтау үшін жасап жатқан әрекеттері бүкіл әлемге айтарлықтай өз әсерін тигізетінін атап өткен жөн. Бірінші болып барлық ауыртпалықты жақын шикізат жеткізуші болып табылатын Австралия сезінеді. Сондықтан осы елдің үкіметі мен орталық банкі құлдыраудың алдын алу үшін қолдан келген барлық мүмкіндікті жүзеге асыруға тырысуда. Солардың бірі пайыздық мөлшерлеменің бұрын-соңды тіркелмеген ең төмен деңгейге дейін түсуі. Соған орай, Австралия доллары өткен жылға қарағанда 25 пайызға күрт арзандап кетті. Алайда, бұдан жағдайдың жақсаратын түрі байқалмайды.
Бразилия
Құлдыраудың салдарын сезінуде
Австралия секілді Бразилия да Қытайдың өсімінен көп нәрсе алып отыр. Сондықтан қазір бұл ел де құлдыраудың салдарын сезінуде. Елдің экономикасы 12 ай қатарынан қысқартылып келеді. Бұл соңғы 25 жыл ішіндегі ең ұзақ құлдырау ретінде тіркелді. Бұдан әрі қарай да жағдай ушыға түспек. Экономиканың қысқартылуына қарамастан, инфляцияның өсуі пайыздық мөлшерлеме секілді жалғасып келеді. Мәселен, Бразилия реалы 53 пайызға құлдырады! Сондықтан бұл ел толыққанды экономикалық күйреуге тым жақындап қалды. Экономикадағы өсу қарқынының азаюы мен инфляцияның күрт көтерілуі 2004 жылдың І тоқсанынан бастап жайсыз үйлесім болды. Сондай-ақ, 2015 жылдың мамырындағы қазыналық тапшылық соңғы 11,5 жылдағы ең күштісі болып саналады. Бюджеттегі тапшылық 2004 жылдың қаңтарынан бастап ІЖӨ-нің 7,9 пайыздық деңгейінде ең жоғары көрсеткішке жетті. Соңғы 137 ай ішінде тек бес жағдайда ағымдағы шот тапшылығы қазіргі жағдаймен салыстырғанда сәл ғана көп болды.
ШвецияЕл экономикасы өзін жайсыз сезініп отыр
Бразилия мен Австралияға қарағанда Швеция Қытайға көп қарайламайды. Бірақ соңғы күндері ел экономикасы өзін жайсыз сезініп отыр. Жалпы, әлемдік БАҚ-тан Швеция туралы мәліметті өте сирек кездестіреміз. Себебі, бұл елдің экономикасы күрт өсіп немесе құлдырап кеткен емес. Ол жай ғана қимылсыз тұр. Қазіргі кезде Швеция еуроаймаққа кірмейді. Әйтсе де, елдің оған жақын орналасуының өзі өсімнің болмауына жеткілікті деңгейде әсер етуде. Еуроаймақтағы қарыз дағдарысы апатты деңгейде. Оны енді тоқтату мүмкін бола қоймас. Ал дағдарыс еуроаймаққа кіретін, сондай-ақ, оған жақын елдердің экономикалық тіршілігін тұралатып барады. Өкінішке қарай, Швецияға да ол жағдай тым жақын тұр. Қандай жолмен болсын экономикаға жан бітіру үшін орталық банк «баспа станогын» іске қосып, теріс мөлшерлеме енгізуді дұрыс деп шешті. Бұл, әрине, төбеден жай түсірер жайт. Мамандардың пікірінше, мұндай қадам компаниялар мен халықты өз әмияндарын босатып, қайта ақша жұмсауға мәжбүрлейді. Соған қарамастан, бәрі бұрынғыдан бетер нашар бола бермек. Әлемдік дағдарыстың жағдайын есепке алсақ, Швецияның оған қарсы бір нәрсе істей қоюы екіталай. Жаһандық экономикалық құлдырау елді есеңгіретіп, ел ақшасы кронды да қатты әлсіретеді.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді