- Advertisement -

Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

86

- Advertisement -

IMG_7464Енді санаулы күндерден соң қоңыр күздің алғашқы күндері де басталып, аумақтағы білім ұялары мектеп оқушыларына есіктерін айқара ашатын болады. Міне, осынау жауапты сәтке облыстың білім саласы қандай дайындықтармен келіп отыр. Бұл туралы газет тілшісімен әңгіме барысында облыс әкімдігі білім басқармасының материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің қызметкері Рашид Әлімжанов жан-жақты хабардар етті. Оның айтуынша, басқарма тарапынан облыстағы білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығының барысына қатысты жүргізілген мониторинг қорытындысы, биыл өңірдегі барлығы 449 мектептің 197 мыңнан астам оқушыны қабылдауға сақадай-сай әзір тұрғандығын көрсетеді. Ағымдағы жылы мектеп жасындағы балалардың 26071-і бірінші сыныптың табалдырығын аттамақшы. Әлеуметтік әлеуеті әрқилы деңгейдегі отбасыларынан шыққан балалардың мектепке бірдей дайындықпен келуін қамтамасыз ету үшін тамыз айының басынан бастап, облыс қалалары мен ауылдық елді мекендерінде республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыларына жергілікті бюджет және демеушілер есебінен қолдау көрсетіліп келеді.
Облыстың білім саласына қатысты білім мекемелерінің ғимараттарын жаңарту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткізу, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту сияқты кешенді мәселелердің шешімін табу ісі ұдайы басты назарға алынуда. Соның бір нақтылы айғағы ретінде, бүгінгі таңда, өңірде жобалық-сметалық құны 7,4 миллиард теңгені құрайтын 24 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатқанын айтсақ та жеткілікті. Соның ішінде бір мектептің құрылысы жуырда аяқталып, пайдалануға берілген. Сегіз мектептің үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде оқушыларды қабылдауға толық мүмкіндігі болады деп күтілуде. Ал бес балабақшаның ғимараты жыл аяғына дейін құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Қалған 10 білім ұясының құрылысын 2016 жылы аяқтау межеленуде. Сол сияқты, биыл он мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 532,7 миллион теңге, ал 169 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 391372 мың теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. Сондай-ақ, облыс мектептеріне жалпы сомасы 81,1 миллион теңге тұратын 4 физика, 7 биология,  2 химия, 10 лингафондық және мультимедиалық кабинеттері сатып алынған.
Елбасының білім саласы мекемелерінің алдына қойып отырған басты міндеттердің бірі – оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесі. Оның шешімін табу үшін биылғы оқу жылы қарсаңында өткізіліп жатқан республикалық «Мектепке – оқулықпен» акциясы шеңберінде оқушыларды 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 918 683 мың теңге қаржы бөлінген. Қажетті мөлшердегі оқулықтарды мектептерге жеткізу биылғы жаңа оқу жылының басына дейін толық аяқталатын болады.
Жас ұрпақтың білім ұяларынан сапалы білім, саналы тәрбие алып шығуына мектептердегі мұғалімдер санының жеткілікті болуы әрі олардың біліктілік деңгейінің заманауи талаптарға сай келуі де айтарлықтай ықпал ететіндігі белгілі. «Сондықтан, биыл облыстың барлық аудандарындағы білім бөлімдері жаңа оқу жылына орай ұзын саны 95 жас маманға сұраныс берген еді. Олардың педагог-кадрларға деген сұраныстары қазірдің өзінде толық өтелді», – деді облыс әкімдігі білім басқармасының материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің қызметкері Рашид Әлімжанов мәселенің мән-жайы хақында толық баяндап.

Сапарғали Әлібай,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support