Тараздық өнерпаздар тартуы

Тараздық өнерпаздар тартуы
ашық дереккөз
Тараздық өнерпаздар тартуы

тұрғындарды таңғажайып әлемге жетеледі

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс орталығындағы аудандардың Мәдениет және өнер күндері өз шарықтау шегіне жетті. Тараз қаласының Мәдениет және өнер күндері аталмыш мерекелік шаралар легін түйіндеді. Тұңғыш Президент саябағындағы мерекеде тараздық өнерпаздар тұрғындарды бір серпілтіп, ән-жырмен сусындатты. Мерекелік шараға қонақтармен бірге облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров те куә болды. Келушілерді мың бұралған биші қыздар қарсы алып, керім ырғақпен көпшілікті ашық аспан астында әзірленген көрмеге қарай бастады. Көрмеде таңғажайып өнердің көріністері сыр шертті. Әсіресе, тарихи шаһардың орта ғасырлық келбетін келістірген өнерпаздар көне ғасырлардағы қала базарында қайнап жатқан сауда үлгісін керсеткені көпшіліктің көңіліне қонды. Онда саудагерлердің бірі арба үстінен қауын-қарбыз сатып, тәттіден дәм татырып жатса, енді бірі тоқыма бұйымдарын, мата түрлерін саудалады. Ол ғана емес, көрме барысында қонақтар жаугершілік заманда тақ үстіндегі хан және оның қасындағы уәзір-сұлтандармен де танысуға мүмкіндік алды. Ақ сауытын, дулығасын киген баһадүрлердің өршіл кейпі де көрушілерге патриоттық сезім сыйлады. Қылқалам иелерінің пейзаж, портрет, графика секілді бейнелеу өнерінің әдемі үлгілерін айшықтаған дүниелері де қонақтардың талғамына сай түсіп жатты. Айталық, Алтен Дінмұханбеттің «Ұлттық натюрморт», Минара Құлымбетованың «Жібек жолы» картиналары, Ғалымжан Пірімбектің Бауыржан Момышұлы портреті де көрменің көрігін ашты. Осыдан соң, жиналғандар саябақтың қақ ортасында орналасқан сахнадан тараздықтардың концерттік бағдарламасын тамашалады. Халықтық «Жібек жолы» үрмелі эстрадалық оркестрінің орындауындағы Нұрлан Байкөзовтің «Карнавал» музыкалық шығармасымен шымылдығы түрілген мерекелік шара көрермендерге шат-шадыман көңіл-күй сыйлады. Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін орындаған халықтық «Қарахан» ұлттық фольклорлық ансамблінің өнері жұртшылықты  сүйсінтсе,  «Қазақ елі осындай» әнін бебеулете шырқаған қалалық Мәдениет үйінің әншілері Әсем Әбенова мен Нұрболат Батырбековке де толассыз қошемет көрсетілді. «Әлия» әнін әуелеткен Қаламқас Тасқожаева, «День Победы» әнін қалықтатқан Андрей Власов, «Туған жер» әнін шырқаған Ақерке Құрбановалардың өнері де көрерменнің жүрегінен орын алды. Мерекелік шара соңы «Қосып дала, тау мен өзен арасын, Тараз, мәңгі тарих болып қаласың. Көркіңменен күннің көзін ғашық қып, Өркендей бер, өрістей бер, Таразым» деп әсерлі жыр шумақтармен түйінделгені де мерекелік шараның мазмұнын аша түсті. Сахнаға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың өнерпаздарға деген ықылас гүлі жеткізіліп, отшашу шашылды. – Биылғы жыл  Елбасының Жарлығымен  татулықтың тірегіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20, мемлекеттігіміздің негізі болған Қазақ хандығының 550,  Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы секілді айтулы мерекелерге толы болып отыр. Мерейтойларды мәдени тұрғыда насихаттап, өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатындағы ұйымдастырылған облыс орталығындағы аудандар мен Тараз қаласының Мәдениет және өнер күндері өз мәресіне жетті. Екі айға созылған уақытта өңір-өңірлердегі көптеген беймәлім өнерпаздар өз мүмкіндіктерін пайдаланып халық алдына шығып, өнерлерін көрсетті. Қолөнер, ағаш шеберлері мен темір ұсталары, суретшілер мен мүсіншілер өз шығармаларын халық алдына шығарып, ұсынды. Облысымызды мекендейтін өзге ұлт өкілдері де шарадан тыс қалған жоқ. Осының бәрі осы бағыттағы жұмыстардың жемістілігі, – деді бізбен ой бөліскен облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол». Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар