Қаржылық қызметтер мен ресурстарға ауыл тұрғындарының қолжетімділігін арттыру мақсатында қолға алынған бағдарламаның бірі – «Ырыс». «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның бұл бастамасының шапағатын көріп отырған тұрғындар біздің өңірде де баршылық. Атап айтсақ, Меркі ауданындағы «Бахор» шаруа қожалығы өткен жылы осы бағдарлама бойынша 43 миллион теңге несие алып, Ресейден асыл тұқымды, сүтті 101 бас ірі қара мал әкелген болатын. Бүгінде «Бахордың» сол сиырлары бұзаулап, аталған шаруашылықтың ісі алға басуда. Біз бағдарлама арқылы алғашқылардың бірі болып несие алған «Бахор» шаруа қожалығының қожайыны Бақтияр Хасанбаевты сөзге тартқан едік. – Осы күнге дейін әкемнің кәсібін жалғастырып, мақсары, арпа, қант қызылшасы, жоңышқа өсіріп келдім. Мал шаруашылығын қолға алғаныма үш жылдың жүзі болды. Алайда, осы уақытқа дейін ірі қараны тек ет үшін ғана ұстап келген едім. «Ырыс» бағдарламасы туралы аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың кәсіпкерлермен өткізген жиынында естідім. Жағымды жаңалықты естігеннен кейін мен халықты енді тек етпен ғана емес, сүтпен де қамтамасыз етуге бел байладым, – деді Бақтияр Буаханұлы. Оның айтуынша, әр сиырды жеткізу құнын қоса есептегенде, орта есеппен 400 мың теңгеден айналған. Бүгінде сол қаржыға алынған 38 сиырдың 20-сы бұзаулапты. Әр сиыр күніне орта есеппен 20 литрден сүт береді екен. Яғни, тәулігіне 400 литр сүт алынады. Оның күніне 130 литрі бұзауларға берілсе, қалған 270 литрін «Меркі сыр зауыты» ЖШС-на келісім-шарт бойынша өткізеді. Аталған зауыт сүттің әр литрін 56 теңгеден қабылдайды екен. Бақтияр Хасанбаев әкелген сиырларының қалғаны жыл аяғына дейін бұзаулайды деп отыр. Сол кезде күніне 2 тонна сүт өндірілмек. Халқымызда: «Сиырдың сүті – тілінде» деген сөз бар. Мұны жақсы білетін «Бахор» қожайыны Бақтияр Хасанбаев биыл қысқа 20 мың түк жоңышқа, 5-7 мың түк сабан, 150 тонна арпа, 70 тонна бидай, 30 тонна кебек, сондай-ақ, әрқайсысы 50 тоннадан жүгері мен жымық дайындауды көздеп отыр. Қазіргі уақытта қыстыгүні шөп сақтайтын орын мен жем сақтайтын қамбасының құрылысын аяқтаған. Жоспардағы шөп қорының жартысына жуығын жинап қойыпты. Енді арпа, бидай, жүгері сынды дақылдардың жиын-терімін күтіп отыр. Орайы келгенде айта кететіні, «Ырыс» бағдарламасына қатысу үшін белгіленген құжаттарды реттеп шыққан соң, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан 60 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Оның пайыздық мөлшерлемесі – 11 пайыз. Дегенмен, мемлекет ол несиені субсидиялайтын болса, мөлшерлеменің «салмағы» екі есеге азаяды. Міне, осындай жеңілдік жасалып жатқанда сүт шаруашылығымен неге айналыспасқа? Ал ең бастысы, аталған бағдарлама ауылдық жердегі кәсіптің дамуына оңтайлы жағдай жасап отыр. Мұны «Бахордың» қазіргі жағдайымен танысқан кез-келген адамның бағамдайтыны анық.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол». Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді