Қоқыстар қордалана бере ме?

Қоқыстар  қордалана  бере ме?
ашық дереккөз
Қоқыстар қордалана бере ме?

8өңірімізде 6 миллион тоннадан астам  қатты тұрмыстық қалдықтардың жиылып қалуы ойлантады

Әсіресе, «пакет» деген пәлекетіңіз бүгінде... барлық өңірдегі егістік, шабындық, жайылым-өрістерді бұлттай тұтып, әрбір бұта басында дерлік жалаудай желбіреп тұратынын күнде көзіміз көріп жүр. Күре жолдың бойына құдды бір оларды жапырлата егіп тастағандай көрінеді. Осылайша жерді де, көкті де, суды да «жаулап алды». Онсыз  өмір сүру де қиын. Үйде де, түзде де пайдаланамыз. Орташа есеппен 20 минут қана пайдаланатын мұндай дорбалар шірімей 400 жылға дейін теңкиіп жата беретін көрінеді. Оның көзін құртпасаң, «өгіз өледі» – жантайып жатып жерге зиянын тигізеді, өртесең «арба сынады» – жанып жатып әуеге аса улы органикалық қосындылар бөліп шығарады. Ал күлінде ауыр металдар бар. Одан – шөп, шөптен – мал, малдан – адам ағзасына түскен ауыр металл қатерлі ісікке себепкер деседі. Сенсеңіз, сол полиэтилен дорбаларыңыздан  қоршаған ортаға, жалпы тіршілік иесіне жаһандық жылынудың қаупіндей қатер төнулі. 7 6Ғалымдар әлемдегі әрбір құстың құрсағында пластикалық қалдық бар екенін, бір жылда бір миллион қанатты полиэтилен қалдығын жеп өлетінін айтады. Осындай қалдықтар оны қорекке ұқсатып қылғыта беретін қаншама киттің, су тасбақасы мен итбалықтың түбіне жетуде десеңізші. Құрлықта да пакет жұтып түйнеліп, пышаққа түскен жануарлар жөнінде жиі естиміз. Жеті атасын жадыда сақтайтын қазақтардың он алты атасы ауысқанша алақандай пластик айналаны тұрақты ластаумен болады екен. Дегенмен, пакет деген пәлекетіңіздің көзін құрту анау айтқандай оңайға түспей тұр. Қазір әлемнің бірқатар елінде бұл өнімге қарсы «соғыс» жүріп жатыр. Көптеген дамушы мемлекеттерде полиэтилен өнімдері өндірілуіне де, оны қолдануға да тыйым салынды. Ал бізде, біздің өңірімізде ше?.. Жылма-жыл көлемі өсіп, ұлғаю үстіндегі полиэтилен бұйымдарын ғана емес, жалпы қоқыстар мен қатты қалдықтарды болсын ұқсату, өңдеу тетігі бізде қашан қалыптасып, дамыр екен? Мысалы, мамандардың айтуынша, Тараз қаласындағы қоқыс көлемі бұрнағы жылдарға қарағанда әлденеше есеге көбейген. Моноқалалар мен аудан орталықтарындағы арнайы қоқыс орындарының аузы-мұрнынан шығарыла толтырылып тасталғаны анық. Олар ауа арқылы айнала төңірегіне, жақын орналасқан аумақтағы елді мекендерге жайсыз иіс қана емес, түрлі аурулар да таратып, қапталдан соғар қатерді еселей түсіп отыр. Мәліметтерге сайсақ, Таразда 2 миллион 300 мың, ал облыс бойынша 6 миллион тоннадан астам  қатты тұрмыстық қалдық жинақтаулы тұр. Оларды жер қойнына тапсыруға мүлде болмайды – улы заттардың жерасты суларына араласып, өсімдіктерге зиянын тигізуі, ауаға таралуы қаупі бар. Тоқетері, өңірімізде қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу-ұқсату  индустриясын дамытудың өте-мөте қажеттігі өткір сезіліп-ақ тұр. Облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев те қоқыстарды, әсіресе, қолданылған пластиктер мен пакеттердің қалдығын қайта өңдеу бірден-бір тиімді жол екенін айтады. Ол үшін қалада полиэтилен пакеттерін салатын арнайы қоқыс жәшіктері көптеп қойылуға тиіс. Әйтпеген күнде ауамыздың ластанғаны ластанған. Суда да, құрғақта да, егістікте де, көшеде де теңкиген, шашылған полимер ыдыстары көлемі бірер жыл өткеннен кейін бүгінгісінен әлденеше есеге дейін өспек. Қалай болғанда да, оның қоршаған ортаға, адамға да, жан-жануарға да тигізер кері әсерін азайту, қауіптің алдын алу керек-ақ. – Жалпы, әрбір ауданның өздеріне тиесілі бір-бір полигоны болуы тиіс. Бұл жұмыстар облыстық бюджеттен қаржыландырылып, біртіндеп жүзеге асырылу үстінде.  Өңірлік даму бағдарламасы аясында соңғы жылдары Меркі, Қордай, Жамбыл, Шу аудандарында осындай бірегей полигондарды іске қостық, оның бірін Жуалыда да салу жоспарлануда. Облыс қазынасынан бөлінер қаражат көлеміне қарай бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғастырыла беретін болады. Мұндай полигондардың құны сыйымдылығына, елді мекендерден шығарылатын қоқыстардың көлеміне де байланысты. Көлемі шағындауларының өзіне 180-200 миллион теңге аралығында қаржы жұмсалады. Полигондар пайдалану тиімділігі ескеріле отырып, 30-40 жылға дейінгі шекті мерзімге арналып соғылады, – дейді Рахманқұл Тұрсынқұлұлы. Мамандардың айтуынша, мұндай полигон, бұл – сыртқы қоршаған орта мен қалдық заттардың әсерлесуінің ара-жігін ажыратып отыратын бірегей құрылым. Оның құрылымдық ерекшелігі міндетті түрде сақталуға тиіс. Арнайы қазылған шұңқырларға кез-келген қоқысты апарып төге беруге де болмайды. Қоқыстар арасында құрамында қоршаған ортаға зиянды қалдық заттар болуы ықтимал. Қоқыстарды қоршаған ортаға зиянсыз жинақтаудың бүгінгі таңда бірнеше жобасы бар. Оның біріншісінде шағалмен араластырыла қорғаныш (оқшаулау) қабаты жасақталады. Екіншісінде шұңқыр табанына латекс (пленка секілді бұйым) жұмсақ топырақпен араластырыла төселеді. Оның өзі бірнеше қабаттан тұрады. Қалай болғанда да тиісті талаптар сақталуы керек. Қоқыстар әрбір 60-70 сантиметр сайын тапталып, жоғарыдағыдай жабынмен тұмшаланып  отырылады. Сондай технологиясы сақталғандары ғана «қатты қалдықтар полигоны» аталады. Ал қазір бізде қалай? Әдетте, елді мекендер аумағынан арнайы бір жерді «қоқыс төгетін орын» деп белгілеп, қоқыс атаулының барлығын үйіп-төгіп сонда апарып тастау белең алды. Ит-құс та, улы заттар да, жағымсыз иістер де сонда. Әртүрлі аурудың таралу көзіне айналуы да ықтимал. Олардың сыртқы қоршауы болуы, өсімдіктер дүниесінен оқшаулануы да тиіс. Қатты қалдықтар полигонының алты траншеядан тұруы да ықтимал. Бірін пайдаланып, бес жылдан кейін көміп, екіншісін ашады. Технологиясы қатаң сақталуын бақылап отыратын қызметкерлері, арнаулы техникалары болуы міндетті. Елді мекеннен қанша қашықтықта болатыны да ескеріледі. Алайда бүгінде еліміздің мегаполистерінде полигоннан гөрі қоқыс өңдеу зауыттарын салу анағұрлым тиімді болып отыр. Бұл қатты қалдықтардың пайдалысын алып, пайдасы жоғын залалсыздандырып, заматта жойып отыруға да мүмкіндік бермек. Бұл тұрғыда облыстық табиғи ресурстар, табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Анабеков осынау жүйені қоқыс тасымалдаудан бастап бір қолға беру мәселесі Үкіметте де жиі сөз бола бастағанын айтады. – Қоқыс қалдығын өңдеу-ұқсату зауыттары әзірге еліміз бойынша Астана, Алматы қалаларында ғана бар. Оларда макулатураларды қайта өңдеудің пайыздық көрсеткіші тым  аз, алайда жылдан-жылға біртіндеп көбейіп келеді. Көңіл қуантарлық бір жай, қайта өңдеу зауыты біздің Тараз қаласында да салынбақ. Бүгінде оның техникалық, жобалық сметалық құжаттамалары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізуге әзірленуде. «Рековес» фирмасы жалпы құны 8 миллиард теңгені құрайтын зауыттың құрылысын 2016 жылы бастап, 2017 аяқтауға тиіс. Зауыт қатты қалдықтардан өңдеу-ұқсату арқылы газ бен энергия қуатын да өндіреді деп күтілуде, – дейді ол. Оның айтуынша, өңіріміздегі 373 елді мекенде 167 қоқыс орны (эмиссиялық рұқсат берілген полигондар) тіркелген. Тараз қаласы да соның қатарында. Жалпы, полигон құрылысының мақсаты қоқыстардың бейберекет шашылып жатпауын, оларды қоршаған ортаға зиянының алдын алып, жоюды ғана көздейді. Ал полиэтиленді жоюға, қағазды қайта өңдеуге, органикалық заттарды ауыл шаруашылық мақсаттарға пайдалануға жіберу арқылы жұмсақ және қатты қалдықтарды рет-ретімен өңдеу ісі өңірдің экологиялық сауықтырылуына, тұрғындардың әлеуметтік тұрмысы жақсаруына мол пайдасын тигізері анық. Қалай болғанда да, мұндай ауқымды істің жүзеге асырылуы үшін тұрғындар тарапынан көмек, қолдау қажет-ақ. Әрбір үй, ауладан шығарылар қоқыстардың арнайы қойылған жәшіктерге ас қалдықтарын – бір бөлек, құрылыс қалдықтарын – бір бөлек, қағаз картон, полимер бұйымдарын бір бөлек мұқият жинақтау ісін әрбір жеке тұрғын міндетті азаматтық парызым деп мойнына алса, тіпті құба-құп емес пе?! Бәрін де «Авгийдің атқорасын» тазалаудан – өзіміздің үй-өтен, ауламызды қоқыстан арылту ісінен бастаудың мезгілі әбден пісіп-жетілген де секілді.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар