«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қайран Құнанбай

Қайран Құнанбай
ашық дереккөз
Қайран Құнанбай

ұлы Абайдың әкесі туралы фильм несімен құнды?

9 8Өз заманының қатал да әділ билік иесі болған, ұлы Абайдың әкесі Құнанбай тағдыры ешкімді де бейжай қалдырмайды. Осы орайда Досхан Жолжақсыновтың режиссерлігімен дүниеге келген «Құнанбай» фильмі тұлғаның талайлы тағдыры туралы  жан-жақты баяндайды. Жуырда ғана қалың көрерменге жол тартқан бұл картинаны өнерсүйер қауым кино өнеріндегі үлкен оқиға ретінде қабылдап үлгерді. Фильм тұсаукесері әуелі Семей топырағынан бастау алғанын тұлға аруағына деген құрмет пен өнеге десек, аталмыш туындыны Астана күні қарсаңында тараздықтар да алғашқылардың бірі болып тамашалауға мүмкіндік алды. «Баласағұн» орталық концерт залына лық толған халықта есеп болмады. Бәрі де белгілі тұлғаның кинодағы болмыс-бейнесіне куә болуға асыққандай. Кинотуындыны көпшілікпен бірге облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев та тамашалады. Екі сағаттай уақытқа созылған фильмді тараздықтардың бір деммен көріп шыққанынан-ақ туындының көпшілікке қандай әсер сыйлағанын түйсіндік. Фильм барысы кең панорамада қамтылған аспен өрбіген. Аста көшпенділердің далалық ажары, базарлы шағы әдемі суреттелгенін айтып өтпеске болмайды. Негізінен, кинотуындыда Құнанбайдың кісілік дәуренінің кемеліне көтерілген кезі баяндалады. Картиналардың бәрі нанымды, ұлттық бояуға қанық сипатта айшықталған. Өн бойында ешқандай жасандылыққа бой алдырмай, сол тұстағы қазақ тіршілігінен нақты хабар беретін ғажап көріністер бірінен соң бірі астасып, көрерменді баурай түседі. Бізді қызықтырғаны аттың шабысы, қосарлана сілтеген тұяқ дүбірі фильмнің өн бойында қайталанып көрініс тауып отырғаны болды.  Есте болса көрермен мұндай әдемі өрнекті, осындай қозғалысқа негізделген дыбысты «Біржан салдан» да байқаған болатын. Яғни, туындыға ұлттық ерекшелік сыйлайтын  бұл элементтер Досханның режиссерлығына ғана тән бояу десек қателеспейміз. Сондай-ақ, Құнанбай мен Барақ сұлтанның астағы кездесуі кезінде Зере ананың да тұлғалық бейнесі тиісінше алдыңғы планға шығады.  Мұндағы Зере ананың бейнесі ел жүрегіндегі Домалақ ана, Қызай ана, Мұрын ананың Құнанбай заманындағы жалғасы сияқты сезіледі. Осы ретте басты рөлде өмір сүрген, Құнанбайдың бейнесін сенімді алып шыққан Досхан Жолжақсыновпен қатар Зере әженің образын әдемі келістірген, жерлесіміз, актриса Нұрсипат Салықова мен Сарыбай образын сомдаған Асқарбек Сейілханды да ерекше атап өтуге болады. Фильмде режиссерлік шешім де философиялық терең ойға қалдырады. Неге десеңіз, туынды түйініндегі Құнанбай мен бала Абайдың диалогы сәулелі саналарға ой тастап қана қоймай, әке тәлімінен тамыр алған баланың ілім жолына аттанар кезі де сәтті суреттелген. Сонымен, режиссер Досхан Жолжақсынов пен сценарий авторы Таласбек Әсемқұловтың өзара іштей түсінісуі арқылы әдемі картинаға айналған фильмге тараздықтардың берер бағасы биік болды. Оны туындыны тамашалап болған соң, залды толассыз дүркін шапалаққа бөлеген көрермендердің қошеметінен аңдадық. Сахнаға фильм режиссері әрі басты рөлді сомдаушы Досхан Жолжақсынов көтеріліп, түсірілім жұмыстары туралы қысқаша баяндап, өздерін жылы қабылдаған облыс әкімдігіне, шаһар жұртшылығына ризашылын жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Арғынбай Бекбосын туындыдан алған әдемі әсерімен бөлісіп, «Досханның Құнанбайын» жоғары бағалайтынын жеткізді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар