Мыжыма

Мыжыма
ашық дереккөз
Мыжыма

Қазақы дастарханда ет кәделі ас саналғанымен, сыйлы қонақты ұннан жасалған тағаммен аттандырған кездері де болған. Сондай бағалы алайда бүгінгі күні дастарханымыздан көп табыла бермейтін, ұмытылған тағамның бірі – мыжыма. Әдетте қазақ сыйлы қонағына мал сойып, бас ұсынады. Кейде қонақтар асығыс жүріп, арнайылап мал сойдырмаған. Мұндайда қазақтар мал сойдырмаған кісілерге соған лайық дәм таттырудың жолын білген. Мыжыма тез әзірленеді, әрі дәмді тағам. Келген кісілердің соятын малға қарамайтынын білген бәйбіше шоққа дереу таба нан салып, сары майды мол салып осы тағамды әзірлеген. Тұзды сары майға мыжылған нан ерекше дәмді болады. Бұл дәмді мыжыманы жеген қонақтар «бас көрмедік, ет жемедік» демей риза болып аттанған. Өйткені бұл тағам жеңсік ас саналған. Демек, мыжыманың жолы, дәрежесі ет тағамымен, тіпті бір малдың басымен бірдей кәделі, құнды ас саналған.

Ұқсас жаңалықтар