«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ӘУЛИЕАТАҒА АСФЕНДИЯРОВТЫҢ ФИЛИАЛЫ КЕЛЕДІ

ӘУЛИЕАТАҒА  АСФЕНДИЯРОВТЫҢ ФИЛИАЛЫ  КЕЛЕДІ
ашық дереккөз
ӘУЛИЕАТАҒА АСФЕНДИЯРОВТЫҢ ФИЛИАЛЫ КЕЛЕДІ

Тараз қаласында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық  университетінің  филиалы ашылмақ. Аталған оқу орнының өкілдері мен өңіріміздегі емдеу мекемелері басшыларының қатысуымен өткен жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мұны өте қуанышты һәм тарихи оқиға ретінде атап өтті.

– Медицина саласындағы қызметтің сапасын көтеру өте маңызды. Салада кадр тапшылығы да бар. Облыстың қала, аудандарындағыларды қоса алғанда, 200-дей маман қажет. Соңғы жылдары бізде заманауи талаптарға жауап берерлік облыстық,  қалалық балалар ауруханалары салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде 300 төсектік көп профильді аурухана мен перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек,  аудан, қалаларда емханалар соғылуда. Осылардың бәріне маман керек. Филиалдың осынау мәселе оңды шешілуіне, сөз жоқ, септігі тимек. Оның түрлі медицина салалары бойынша кафедралары жұмыс істейтін болады. Медициналық университетті бітірушілердің осында дайындықтан өтуі қамтамасыз етілмек, –  деді Кәрім Нәсбекұлы.

Осы орайда айта кетерлік бір жай, өңірдегі кадр тапшылығын жою мақсатында С.Асфендияров атындағы медициналық университетте жеңілдікпен оқу мүмкіндігіне ие болған 110-дай жамбылдық студенттің оқу төлемақысының тоқтатылуы соңғы жылдары шулы мәселеге айналған-ды. Дейтұрғанмен, олар қамқорлықтан қағыс қалған жоқ. Өңір басшысы осымен байланысты аталған оқу орнында оқитын жамбылдық білімгерлердің 2014 жылғы қысқы, биылғы жылғы жазғы сессияларында да оқу төлемақысы  демеушілер арқылы төленгенін, ал өңірімізде аталған университет филиалының ашылуы олар үшін үлкен көмек болатынын жеткізді.

Алдағы уақытта осы филиалға ауысып, оқуын одан әрі жалғастыруға ынталы білімгерлерге 4-курста –   20, 3-курста –  15, 2-курста –  10, 1-курста 5 пайыз жеңілдік берілетін болады.

Бұдан кейін  сөз алған жоғарыда аталған оқу орнының ректоры, медицина ғылымдарының докторы  Айхан Ақанов: «Жамбылдық студенттердің әрі қарай оқимын дегендеріне біршама жеңілдік жасалып, тиісінше көмек те көрсетілетін болады. Бір ғана Тараз қаласының өзінде үш бірдей  кардиохирургиялық  орталық бар, оларға да білікті мамандар ауадай қажет», – деп, сала ісі ілгерілеуін, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуын ұдайы назарда ұстайтындығы үшін облыс басшысына шынайы алғысын да жеткізді.

Оның айтуынша, алдағы уақытта университет тарапынан кафедралық профессорлар мен ассистенттер тобын 6-8 ай, клиникалық интернатура бойынша тәжірибеден өтуге бітірушілерді 5-6 ай мерзімге жіберу арқылы жамбылдық дәрігерлермен әріптестік ынтымақтастық негізінде бірлесе жұмыс жүргізу, көмек беру ісі нығайтылмақ. Таразда республикалық білім жетілдіру институтының да кафедралары  ашылатын болады. Университеттің өзара байланыс орнықтырған әлемдегі 102 жетекші медициналық жоғары оқу орындарымен тәжірибелі ғалым-дәрігерлер алмасуға да мүмкіндігі бар. Медбикелер біліктілігін көтеру, алғашқы медициналық көмек көрсету мәселелерінде де тараздық дәрігерлерге республиканың медициналық оқу орындары көмекке келетін болады.

– Міне, мұның барлығы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы өткелі отырған, қазақтың қасиетті төрі, киелі жері ретінде де белгілі өңірдің медициналық әлеуеті едәуір артуына да септесетініне сенімдіміз, – деді А. Ақанов.

Бұл орайда университетке Тараз қаласында жалға беру үшін жай бөліп беруге көмек көрсету облыс әкімдігі, ал одан басқа ұйымдастыру жұмыстары университет әкімшілігі тарапынан жүзеге асырылатын болып келісілді. Арнайы рәсімде осымен байланысты өзара ынтымақтастық туралы екі жақты меморандумға қол қойылды.

Баймаханбет АХМЕТ,

«Ақ жол».

 

Ұқсас жаңалықтар