Алты атадан берi бiр кәсiппен айналысқан әулет – музыкант Бахтың шаңырағы едi. Бұл отбасы – Германия мемлекетiнiң мақтанышы. Олардың танымалдығы сонша, «Bach» сөзі қалада «қала музыканты» деген ұғымда қолданылды. Дүниежүзіне танымал болған Иоганн Себастьян Бах бұл жанұяда 1685 жылы дүниеге келген.
Себастьян Бахтың анасы, артынан көп уақыт өтпей әкесi Иоганн қайтыс болғанда ол небәрi 9 жаста едi. Әкесi өздерi тұрған Орфрут қаласында белгiлi музыкант болды. Сөйтiп, ата-анасыз қалған Бахты үлкен ағасы Кристоф өз қолына алады. Ағасы да органда ойнайтын музыкант едi. Бах мектепте оқып жүрiп, ағасының көмегiмен музыкамен айналысады. Мiне, сол кезде ағасының бұған көрсетпей тығып қойған ноталарын айдың жарығымен көшiремiн деп көзiне зақым келтiрдi. Алғашында Бах Люнебургтағы Әулие Михаил шiркеуiне қарасты мектепте оқиды. Оның тәлiмгер-ұстазы органшы Георг Бем едi. Бiрде Бах Люнебургтан Гамбургке органшы және композитор И.А.Райнкенiң концертiн тыңдауға барады. Әрине, қалтасындағы аз-маз ақшасы бiткен соң керi қайтады. Тыңдаған жаңа музыканың әсерiмен жарты жолға келгенде қарны ашқаны соншалық, iшегi шұрылдап, әсерлi әуеннiң қайда кеткенiн де бiлмей қалады. Сөйтiп келе жатқанда алдынан трактир кездеседi. Ондағы тамақтың исi Бахтың сiлекейiн шұбыртады. Ол жалма-жан қалтасындағы ақшасын есептесе, түкке жетпейдi. Кенет трактирдың терезесi ашылып, бiреу бiрнеше балықтың басын сыртта үйiлiп жатқан қоқысқа лақтырады. Әбден қарны ашқан болашақ композитор жүгiрiп барып әлгi бастарды тазалап, бiреуiн ендi тiстей бергенде, қатты бiр нәрсе тiсiне тиедi. Алып қараса бастың iшiнде... алтын ақша! Қуанып кеткен Бах екiншi, үшiншi бастарды да ашса, олардан да алтын ақша шығады. Себастьян дереу трактирге кiрiп, тойып тамақ iшiп, қайтадан И.А.Райнкенi тыңдауға Гамбургке кетедi. Ал балықтың басына ақшаны кiм салғанын ешкiм бiлмейдi... Ол Люнебургтағы мектептi бiтiрген соң университетке түскiсi келедi. Бiрақ оған оның ақшасы жоқ едi. Бах Тюрингке келiп ханзада Иоганн Эрнест Саксонскийдiң капелласында скрипкашы болып жұмысқа кiредi. 1708 жылы Иоганн Себастьян Бах өзiнiң немере әпкесi Мария Барбараға үйленедi. Барбара 7 бала туады, бiрақ оның төртеуi ғана тiрi қалады. Осы жылы Бах Веймар қаласына көшiп келедi. Мiне, осы жылдан бастап Бахтың шығармашылық өмiрi басталады. Орган мен клавесинге (клавишті ескi музыкалық құрал) арнап көптеген пьеса жазады. 1717 жылы Бах князь Леопольд Ангальт-Кетенскийдiң сарай дирижерi болады. Мұнда ол скрипкаға арналған сюиталар, сонаталар жазады. 1720 жылы Бахтың әйелi Мария қайтыс болып, ол бiр жылдан соң сарай музыкантының қызы Анна Магдалина Вилькеге үйленедi. Анна музыканттар отбасынан болғандықтан, әсерлі әуенге ерекше елітіп тұрды. Күйеуіне көмектесе жүріп, музыканттың көптеген шығармаларын қағазға түсіреді. Жалпы айтсақ, Бахтың бұл жолғы құрған отбасы біршама сәтті болды. Соның әсері болса керек, Иоганн жұбайына «Анна Магдалина Бахтың нота дәптері» атты шығармасын тарту етеді. Анна Бахқа 13 сәби сыйлайды. Топырлап туған балалардың тек алтауы ғана тірі қалады. 1723 жылы Бах Лейпцигке кантор қызметіне ауысады. Осы уақытқа дейін танымал болып үлгерген оны қасиетті Фома атындағы шіркеудің директоры күтіп алады. Музыкант ұстаз болып, қыздар хорына тәрбие беруге кіріседі. Дегенмен, оқытушылықтың да өзіндік қиындықтары бары белгілі. Оның үстіне балалардың музыкалық дарыны да мәз емес еді. Осының барлығы музыкантты шығармашылықтан аздап алыстатты. Дегенмен «Матфейге құштарлық», «Иоанға құштарлық», «Ұлы месса», «Ұлы оратория» секілді шығармалары дүниеге келеді. Лейпцигте Бахтың Вильгельм Фридеман, Филипп Эммануил, Иоанн Христиан атты үш ұлы дүниеге келеді. Олар да дарынды музыкант болып өседі. Бахтың музыкалары керемет болса да, шіркеу әуенімен көп үйлесе бермейтін. Ақыры осы мәселе ашық текетіреске ұласты. 1740 жылдан кейін, Бах осы келіспеушіліктердің әсерінен жұмыстан кетпесе де, қызметіне бұрынғыдай көңіл бөлмеді. Жеке шығармашылығына бас ұрып, инструменталды музыкалар жазып, еңбектерін кітап етіп шығаруға талпынады. 1747 жылы Берлинде Фридрих екіншінің алдында өнер көрсетеді. Бұл концертті сол жақта қызмет ететін ұлы Филипп Эммануэль ұйымдастырған еді. Сапардан оралған соң, музыкант «Музыкалық тарту» деп ат қойып, Фридрих екіншіге шығарма арнайды. Өмiрiнiң соңғы кезiнде Бах қатты ауырып, көзіне ота жасатқанымен соқыр болып қалады. Бірақ музыкаға жаны ынтық Бах шығармашылығын тоқтата қоймады. Ол 1750 жылдың 28 шілдесінде дүние салады. Себастьян Бах тiрi кезiнде ешқандай атақ-даңққа бөленбедi. Тiптi еленбедi де. Оның өлгенiнен, тіпті, музыка қоғамы бейхабар едi. Бiр қызығы, оның музыкасына деген қызығушылық ол қайтыс болғаннан кейiн басталды. Себастьян Бахтың қайтыс болғанына міне, содан бері 265 жыл уақыт өтсе де, оның шығармасына деген құштарлық арта түспесе, кемiген жоқ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді