Аты-жөнде мән бар ма?

Аты-жөнде мән бар ма?
ашық дереккөз
Аты-жөнде мән бар ма?

2немесе ұлдарының есімдерін Сталинжан, Шыңғысайтмат, Мұхтарәуез, Назымхикмет, Нұрфидельхан деп қойған әке туралы сыр

Әкем Әбілжан Шілдебайұлы аты шыққан ақын, жазушы болмаса да, өзінің бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, ұстаздық етуден жалықпаған, ешкімнің де ала жібінен аттамаған, көзі ашық, көкірегі ояу азамат еді. Әдебиетті жанындай сүйіп өтті. Еліміз көлемінде шығатын түрлі мерзімдік басылымдарда кезінде жазған мақалалары жиі жарияланып та тұрды. Әкем қой жылы өмірге келген-ді. Қой жылын қастерлейтіні соншалық, қолына пышақ ұстап, мал бауыздаған емес. Небәрі қырық сегіз-ақ жыл өмір сүрді. Ортамызда жүрсе, 2013 жылы жетпіс жасқа толған мерейтойын атап өткен болар едік. Амал не... Осы күні әкемнің көзін көрген қатарлары, замандас інілері маған жолыққан сайын әңгімелесе қалса болды, «Әкең нағыз осы заманның адамы еді, әттең, ерте кетіп қалды» деседі. Айтайын дегенім, бұдан елу жыл бұрынғы түсінік пен қазіргі кездегінің айырмашылығы жер мен көктей. Бағзы замандағы әулие кісілер 40-50 жыл бұрын алдағыны болжап айтып отырған. Солар секілді әкем де осы заманды болжап білген, алайда елдің санасына жеткізе түсіндіре алмай кеткен сыңайлы. Естуімізше, бір жолы әкем мектептегі қарапайым ғана қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі (бар-жоғы 22 жастағы кезі ғой) бола тұра, өзінің жұмысына түк қатысы жоқ совхоздың жиналысына қатысып, басшылардан халықтың алдында бір жылда атқарылған жұмыстың есебін берулерін талап еткен. Бұл оқиға 1965 жылы болған. Мұны теріс түсінген басшылар «бұл бізді тексертіп, соттататын болды» деп, аудандық әскери комиссариатқа айтып, бір түнде әскерге алып кеткен. Ал қазіргі кезде сол есеп беру дегеніңіз «сәнге» айналды. Әкімдер ғана емес, ақындар, әншілер, дәрігерлер, тіпті, мұғалімдер де жыл сайын есеп беретін болды. Қай дәуірде де қазақтың заманынан озып туған, елінің, халқының қамын ойлаған, азаттықты аңсаған ойы ұшқыр, өте сауатты, білімді азаматтары болғаны анық. Бұл отарлық, кеңестік тоталитарлық кезеңде де биліктегілерге ұнай қойған жоқ. Мұндай «ноқтаға басы сыймаған» арда азаматтарымызға кезінде «халық жауы», «ұлтшыл», «диссидент» атаулары телініп, оларды қоғамнан аластату, оқшаулауға дейін шара қолданылғаны белгілі. Бертінде Алматыда қазақ мектептерінің ашылуын үлкен мәселе етіп көтерген Шона Смаханұлы атамыздың өзі кеңестік режім теперішін аз көрген жоқ. Өздері өмірден өтсе де, халық сол кісілердің ой-ниеттерін, еңбегін енді түсініп, бағалап отыр. Менің әкемнің де ел мүддесін ойлаудан туған осындай әрекеттері көп қой. Ол кісі әскери борышын аман-есен өтеп келгеннен соң, ауылда өзінің мұғалімдік қызметін қайта жалғастырды. Отызға толғанында отбасын құрып, балалы-шағалы болды. Қазақ өзі ырымшыл халықпыз ғой. Балаларымызды ұлы адамдардың, тарихи тұлғалардың есімімен атағымыз келеді. Сол кісілерге ұқсасын деген ниет қой. Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында әкем ұл-қыздарына елде жоқ есімдерді қоюымен де «ерекшеленген» екен. Тұңғышы қызбала болған соң, атын «Нұрдана» (арада 30-40 жыл өткен соң бұл танымал есімдердің біріне айналарын бимәлім түйсікпен сезді ме екен?!.) деп қойыпты. Ал екіншісі ұл бала өмірге келгенде, қуанышында шек болмапты. Ол кезде баланың тууы туралы куәлігін ауылдық кеңес береді. Әкеміз де ұлының атын қойып, «метрикасын» алу үшін солай қарай жол тартады. Ол бір биліктегілердің өзін көру былай тұрсын, атын естігенде елдің есі кететін кез ғой. Атын қоюға тыйым салынған тұлғалар да болды. Әкем ел басқаратын ұл болсын әрі өзімдікіне ұқсас болсын деген ниетпен «баламның есімін «Сталинжан» деп қоямын» дегенде, ауылдық кеңес хатшысының үрейленгеннен көзі шарасынан шығып кете жаздайды. Сәлден соң өз-өзіне келіп «Мұндай есімдерді қоюға болмайды» дегенге тілі әрең келіпті. Сонда әкем «Бала – менікі, өзім білем кім деп қоятынымды» деп бой бермей, баланың атын бәрібір солай қойыпты. Амал не, Сталинжанға бес жасында көз тиіп, қатты ауырып шетінеп кетіпті. Бірақ әкеміз мұнымен тынбай, бұл ісін одан кейінгі ұлдарына ұлы жазушылардың аты-жөнін қоюмен жалғай берді. Абай хакімнің «болмасаң да ұқсап бақ» дейтініндей, менің атымды қырғыз халқының ұлы жазушысы Ш. Айтматовтың құрметіне «Шыңғысайтмат» деп қойған екен. Өзімнен кейінгі ініме қазақтың ұлы жазушысы М. Әуезовтің құрметіне «Мұхтарәуез» есімін беріпті. Екінші ініме Куба халқының даңқты перзенті Фидель Кастроның есіміне қазақтың «нұр» және «хан» деген сөздерін қосып «Нұрфидельхан», ең кіші ініме түрік халқының ұлы жазушысы Н. Хикметке ұқсасын деп «Назымхикмет» деп ат қойып, азан шақырыпты. Арада қырық жылдай уақыт өткенде, әкеміздің осы ат қою «үрдісін» елімізге танымал сазгер Қалдыбек Құрманәлі ағамыз жалғастырып, ұлдарының есімдерін «Шәмшіқалдаяқ», «Мұхтаршахан», «Бекзатсаттархан» деп қойғанына бір жағынан қуанамыз әрі қайран қаламыз. Бұл не, кездейсоқтық па, бірін-бірі өмірде көрмеген адамдардың өзара ой, рухы, мінезі, өмір сүру салттары үндес шығуынан ба екен, әлде? Кім болсаң да өз еліңе пайдаң тиетін азамат болсаң, жеткілікті. Әкемнің ой-ниеті де осыған саяды. Дейтұрғанмен, ат қоюдың да өзіндік әдебі, мән-маңызы бар. Есімдеріміздің өзгешелеу қойылуының өмірде «пайдасын» көріп келеміз. Әкеміз бізге аттастарымыздай болмасақ та, соларға ұқсап бағуды, аттарына кір келтірмеуді, жөн сөйлеп, түзу жүруді аманаттап та кеткендей. Құдайға шүкір, артында өзі секілді әдебиетті, өнерді сүйіп, қастерлейтін, өлең шығарып, ән де айтатын ұрпақтары желкілдеп өсіп келеді. «Орнында бар оңалар» деген, сірә, осы болар.

Шыңғысайтмат ӘБІЛЖАНҰЛЫ.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар