Жетпіс жылдан кейін...

Жетпіс жылдан кейін...
ашық дереккөз
Жетпіс жылдан кейін...

8дерегі табылған әке қабіріне зиярат етіп қайттым Адамзат тарихындағы ең қанқұйлы, қаншама ананы жесір, баланы жетім еткен  соғыс жылдары дүние есігін ашқан ұрпақ өкілімін. Әкем майданнан оралмады. Ес біліп,  қағаз жазуға жарағалы іздеу сала бастадым. Аудандық, облыстық, республикалық әскери комиссариаттарға жаздым. Кеңес одағы кезінде Мәскеу облысының Подольск қаласындағы Ресейдің  бас  әскери мұрағатына  да  бірнеше рет сұрау салдым. Бәрінен де «хабар-ошарсыз  кетті»  деген жауап келумен болды. Ал менің үміт үзгім келмеді. Әлдебір түйсікпен бір хабары шығатынына көзсіз сендім. Өйткені, атам Тілепберген мен анам Айтбаланың айтуына қарағанда, әкем қатарының алды, қайратты, сом денелі, ауылының, елінің намысын қорғай білген азамат болған.    Көзін көргендер 1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің алғашқы сайлауы өткенде  ауылдастарының қолқалауымен күреске түсіп, өзге өңірден келіп, белдескеннің бәрін тізерлетіп астамсыған палуанды жеңгені  туралы   маған талай рет  әңгімелеп берген. Тарихтан белгілі, соғыс басталған жылы шаруашылық өндірісіне аса қажет мамандарды броньмен қалдырған ғой. Менің әкем де осындай тізімге іліксе керек. Бірақ, бір жарым жылдан кейін  өзі сұранып  әскер қатарына алынған. Алдында  інісі  Дүйсен және атамның асырап алған Мұсақұл, Жақатай деген ұлдары да соғысқа алынған екен. Бір шаңырақтан төртінші болып, менің әкем Кәрентай Тілепбергенов ұрыс даласына аттаныпты. Бірде-бірі оралмады. Үйленгені менің әкем  ғана. Ал қалғандары жар қызығын көрмей аттанғандықтан, арттарында ұрпақ қалған жоқ. Біздің ауыл шалғайдағы Мойынқұмның шеткі өңіріне орналасқандықтан фотошеберхана деген қайдан болсын. Осы себептен  әкем суретке де түспеген. Сондықтан  кескін-келбеті қандай болғаны маған белгісіз. Көзін көргендер «сен әкеңе айнымай  тартқансың»  дейтін. Әкем соғысқа аттанғанда мен анамның құрсағында қалыппын. Атам Тілепберген баласы аман-есен  оралсын деген ниетпен атымды Аманкелді, ал ныспымды  «Кәрентаев» деп жаздырған. Атам  шаруаның көзін таба білетін адам еді. Шу өзенінің бойын жағалап, таңдап тал кесіп, оны кептіріп  киіз үйдің ағашын дайындайтын. Ал апам Жібек  өгіздің терісінен жіңішкелеп таспа тіліп керегелерді көктейтін. Екеуі жасаған киіз үйге сұраныс көп болатын. Содан да отбасымыз тапшылық көрген жоқ. Атам мен апам мені кішкене кезімнен  еңбекке баулыды.Үй  шаруасына қолғабыс етіп,  мал жайғап, шөп шаптым. Оқушы кезімнен-ақ бәрі де «әкең жақсы адам еді, оның атына кір келтірме, жақсы оқы,  үлкен  азамат бол» дейтін. Осы сөз намысымды қайрап өмір көшінің алдында  жүруге ұмтылдым. Құдайға шүкір, жаман болмаған сияқтымын. Білім қуып алдымен техникумды, сонан соң қос бірдей жоғары оқу орнын, Мәскеуде аспирантураны бітірдім. Бозбала кезімде колхоздың бақылаушы механигінен басталған  қызмет жолымда  сатылап өсіп  облыстық басқармаларды, іргелі аудандарды басқардым. Зейнеткерлікке өзім он жыл басқарған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан шықтым. Алған мемлекеттік марапаттарым, құрметті атақтарым баршылық. Шүкіршілік, әкемнің атын шығардым, қолдан келгенше. Балалық шағыма қайта оралсам, туған ауылымда соғыстың жалыны шарпымаған шаңырақ кемде-кем еді. Ауыл адамдары, оның ішінде анам  Айтбала да колхозда таңның атысы, күннің батысына дейін қара жұмыста болды. Соғыстан кейін де  шаруашылықта  қашан жасы келіп зейнеткерлікке шыққанша арық қазып, кетпен шапты, ауылдағы тірліктің бәрін  атқарды. Тыл және еңбек ардагері ретінде алған мемлекеттік наградалары бар. Немере-шөберелерінің алдында, былтыр 95 жасында бақиға озды. Әкемнің  майданда ерлікпен қаза тапқаны, жерленген жері табылғаны туралы  естіп кетті, жарықтық. «Сабақты ине сәтімен» деген,  әкемнің   соғыстағы тағдыры туралы баяндаған құжатты  табуымыз былай болды. Ресей Қорғаныс министрлігінің электрондық деректер базасы негізінде ғаламторда «Мемориал»  сайты ашылғаны белгілі. Соғыстан  қайтпаған әкелері мен бауырларының бір дерегін осы сайттан тапқандар туралы естіп, біз де  іздей бастадық. Әрине, тез таба алған жоқпыз. «Бақсақ бақа екен» демекші, бар бәле қазақ жауынгерлерінің ныспысы орысша бұрмаланып жазылып кететіндігінде болып шықты. Менің әкеме қатысты қағаздар да осындай кепке ұшырапты. Майдандағы кеңсе хатшысы (писарь) әкемнің ұрыста қаза тапқаны туралы анықтама қағазды толтырғанда ныспысын да, атын да адам түсінбейтіндей етіп бұрмалап жазыпты. Дегенмен де әскер қатарына Шу әскери комиссариатынан алынғаны, Қызылтал ауылдық кеңесінен шақырылғаны, «туысқандары» деген  сызық жолда «әйелі Тлепбергенова Айтбала»  деп жазылған  құжаттың  менің әкем туралы екені  сөзсіз-ді. Онда  қаза тапқан, жерленген жері анық көрсетілген. Сайтты талай күндер  ақтарып  ақыры осы  құжатты  тапқан  Астанада қызмет істейтін үлкен ұлым Ермек «Сүйінші, атамның дерегі шықты» деп хабарласты. Бірден құжатта көрсетілген мекен-жай бойынша Ресейдің Новгород облысы, Старая Русса қаласындағы әскери комиссариатқа хат жазып, оған ғаламтордан тапқан әлгі  құжатты қоса тіркеп жібердік. Жауап та кешіккен жоқ. Онда шайқастарда  қаза тапқан жауынгерлердің  мәйіттері орман ішінен қазылып алынып, Холм қаласындағы Жеңіс алаңына қайта жерлеу жүргізілгені, бұл іске «қызыл ізшілер» – мектеп оқушылары  тартылып,  олар жазғы демалыстары кезінде шайқас өткен жерлерді аралап,  мұражайға жәдігерлер жинағаны, орман арасынан, мәйіттердің бойынан табылған медальондары, сақталып қалған құжаттары, қызыл әскер кітапшалары арқылы аты-жөндерін анықтағаны, ал қайта жерленгендердің есімдері мәңгі есте қалдыру үшін мәрмәр тасқа жазылған тізімге енгізіліп отырылғаны туралы жазылыпты. Іздестіру отрядтары осындай жолмен    батырлық танытып, ерлікпен қаза тапқандарын анықтағандардың арасында Панфилов дивизиясының қатардағы жауынгері  менің әкем Карентай Тілепбергенов те бар  екен. Әкеміз жерленген жерге барып, рухына зиярат ету қамына кірістік. Бұл  2014 жылдың қараша айы болатын. Алдын ала хабарласқанымда Новгород облысы Холм муниципалды ауданының басшысы (оларда бізше әкім  емес, Глава района дейді – автор) Виталий Ильич Саляев телефонмен ашық-жарқын әңгімелесіп, келесі 2015 жылдың 9 мамырында Жеңістің 70 жылдығы мерекеленетін кезде келгеніңіз дұрыс деген ұсыныс айтты. Өздерінде үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын, қаза тапқандардың есімдерін мәрмәр тақтайшаларға жазу жұмыстары осы күнге дейін аяқталатынын  жеткізді. Келісім осылай болды. Ойға алған істің орайымен орындалғанына жетер не бар? Уақыт сынаптай сусып, ақыры    Ұлы Жеңістің 70 жылдығы да  келіп жетті. Ресейге сапарға шығып, 7 мамыр күні   Санкт-Петербург қаласынан ұшақтан түсіп, 400 шақырым қашықтықтағы Холм қаласына  автобуспен  жеттім. Ресейдің Новгород облысының ең оңтүстігіндегі  ну орманның ішіне орналасқан  қала өте шағын. Атына заты сай екен. Бұлай дегенім, «холм» сөзі қазақша «төбе» деген ұғымды білдіреді ғой. Қала ну орман қоршаған төбе десе, төбе. Екі қапталын айналып Ловать өзені ағып жатыр. Кейін сұрастырып білгенімдей, тұрғын халық саны аудан бойынша жеті мың адам  ғана  болып шықты. Мәскеу мен  Санкт-Петербургтің  ортасында болғандықтан   жастар көбіне  осы алып қалаларға  барып, жұмысқа орналасып кетеді екен. Қалың ағаш, негізінен  қарағай мен қайың  қоршаған, айналасы қыста да қатпайтын  ну  батпақты  қаланың тарихы да қызық. 1777 жылы Ресейде патшалық еткен Екатерина ІІ–нің Жарлығымен Холм деревнясы қала атанып, Псков губерниясына кірген екен.Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдың қыркүйек айында неміс-фашистер қаланы басып алады да қырғын соғыс 1944 жылғы ақпан айына дейін созылып, екі жақтан да көп шығын болады. Шайқастарға Қазақстанда жасақталған 316-дивизия да қатысқан.Ол кейін генерал Панфилов атындағы 8- гвардиялық дивизия атанған. Менің әкем осы құраманың сапында шайқасып жүріп 1943 жылы Холмға таяу Новички деревнясы түбіндегі ұрыста  қаза тапқан. Новгород облысы  әскери комиссариатының Старая Русса, Холм, Парфинск және Поддорск аудандары бойынша бөлімінің басшысы И.Скачков қол қойған   анықтама қағазда осылай жазылған. Арада көп жыл өткеніне қарамастан Мәскеу түбіндегі шайқаста өшпес даңққа бөленген Панфилов дивизиясы туралы  жергілікті халық   жақсы білетін болып шықты. Кімнен сұрасаң да панфиловшылардың ерліктері  туралы тәптіштеп айтып береді. Сапар барысында көзім анық жеткені –Новгород облысында «Долина» экспедициясы аясында  қаза тапқандардың қабірлерін іздестіру, есімдерін анықтау, туған-туысқандарына хабарлау, салтанатпен ірі елді мекендерге қайта жерлеу, мәрмәр тақтайшаларға  аты-жөндерін жазу жұмыстары  үздіксіз жүргізіліп келеді. Холм қаласында  жұмыс істейтін іздестіру отряды «Пирамида» аталады. Қала әкімшілігі кеңсесінің  жанындағы  аумақты Жеңіс алаңы атайды. Қолына автомат ұстаған жауынгердің еңселі ескерткіші алыстан көз тартады. Оның алдындағы алаңшаға қаза тапқан жауынгерлер жерленген. Олардың денінің мәйіттері қалаға айнала төңіректегі   жақын-жуық деревнялардан әкелініп, қайта жерленген. Жалпы саны 5800 болып шықты. Олардың төрт мыңға жуығының аты-жөндері анықталып, мәрмәр тақтайшаларға  жазылған. Тиісті құжаттары табылған менің әкемнің де аты-жөні өзі сияқты 19 жауынгермен қатар бір тақтайшаға жазулы тұр. Қалаға келісімен кідірмей бірден   осында келіп,  әкемнің  мәрмәр тасқа жазылған есімінің үстіне гүл қойып, әруағына  тәу  еттім, ішімнен дұға  оқып, құран бағыштадым. Маған қатты ұнағаны жауынгерлердің қабірлері мен есімдері жазылған тақтайшалардың өте таза ұсталатындығы, күтім жасалатындығы болды. Келген күні қалалық  мұражайда болдым. Бұл жерге кешегі соғыстан қалған жәдігерлер көп қойылған. Олар неміс армиясының Мәскеуге баратын жолында тұрған Холм қаласы түбіндегі қанды шайқастарда 1941 жылы Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының  көп ұлтты  жауынгерлері ерекше көзге түскенін де баяндайды. Бұл әскери құрамаға Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының, ішінара Қырғызстанның таңдаулы  ұлдары алынғаны тарихтан белгілі. Дивизия командирі болған генерал-майор И.В.Панфилов туралы даңқты жерлесіміз, халық батыры  Бауыржан Момышұлы жазған кітаптан бүгінгі ұрпақ  жақсы біледі. Асықпай, зор ынтамен  жәдігерлерімен танысқан мұражайдың екінші залында тұрған жауынгердің кеуде мүсінін көргенде «Бұл біздің  батыр қыз Әлия Молдағұлова ғой» дедім дауыстап. Қасымда еріп жүрген мұражай директоры мені құптап басын изеді де, келушілердің, әсіресе, қазақстандықтардың шығыс қыздары арасынан алғашқы болып шыққан Кеңес Одағы Батырын бірден танитыны туралы әңгімеледі. Құралайды көзге атқан мерген қыздың 387 фашисті жойғанын бұрын білсем де, бұл жайында Ресей жерінде тағы да естуімнің әсері ерекше бөлек болды. Келесі стенділерде Қазақстанда жасақталған 316-дивизияның алғашқы командирі болған генерал-майор Иван Васильевич Панфиловтың, ол  Мәскеу түбіндегі шайқаста 1941 жылдың 18 қарашасында қаза болғаннан кейін құраманы басқарған генерал-лейтенант Иван Михайлович Чистяковтың,  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың араласуымен 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілген Бауыржан Момышұлының фотосуреттері ілініп, астына   өмір деректері, майдандағы ерліктері жазылған. Әкем соңғы шайқасына қатысқан Новички деревнясында да болып, түн болған соң  қаладағы мейманханаға оралдым. Алған әсерлерден бе  көпке дейін әкем туралы ойлаумен болдым. Қаншама жылдар бойы ең болмаса жерленген жерін  көрсем деп армандадым.Сол тілегім бүгін жүзеге асты. Алты мүшел жасқа келгенше біреуге «әке» не «көке» деп айтып көрмеппін. Мана есімі жазылған мәрмәр тақтайшаға гүл қойып, ішімнен  «Мен  келдім, әке!» деп дұға бағыштағанымды есіме алдым. Қуаныш пен қайғы қатар келгендей сезімді бастан өткердім. Бұл күйден   елге қайтқанша  арылған жоқпын. Ертеңіне, 9 мамыр күні  таңертеңгі сағат 10-да Жеңіс алаңында  салтанатты митинг өтті. Қала тұрғындарына деревнялардан, Минскіден, Мәскеуден, Костромадан, Наро-Фоминскіден, Мытыщиден, Псковтан, Выборгтен, Челябинскіден, Екатеринбургтен,   өзге де қалалардан келгендер қосылып жиналған халық қара-құрым көп болды. Тіпті, Қазақстанның Алматы, Астана, Талдықорған, Өскемен қалаларынан келгендер де бар  еді. Өңі  қазақ екенін  айтып тұрған соң өз тілімізде сөйлесіп шұрқырасып қалдық, топтанып суретке де түстік. Митинг басталар алдында құрметті қонақ ретінде мені аудан басшылары тұрған, микрофон орнатылған алаңшаға  шақырды. Митингіні аудан басшысы Виталий Ильич Саляев ашып, одан кейін Новгород облысының мемлекеттік азаматтық қызмет және жергілікті басқаруды дамытуға қолдау көрсету комитеті төрағасының орынбасары Ю.Д.Пикалев, Холм қаласы әкімшілігінің басшысы А.В.Ковалев, әскери бөлімнің командирі А.А.Степановский құттықтау сөз сөйледі. Солардан кейін қаза тапқан жауынгерлердің туысқандары атынан маған сөз берілді. Қазақстаннан келгенімді хабарлады. Толқи тұрып бүгін мерекеленіп жатқан Ұлы Жеңістің бір кезде Одақ құрамына кірген халықтардың бәріне ортақ екендігін,  сол қанқұйлы соғыстың қаһармандарының ерліктері, есімдері ешқашан ұмытылмайтынын айта келіп, соғыстан оралмаған әкемнің дерегін көп  жыл іздеп әзер тапқанымды, Холм ауданында жұмыс істеп жатқан іздестіру отрядтарына, аудан әкімшілігіне, жалпы жергілікті тұрғындарға өз жерлерінде шайқасқан, қаза тапқан қазақстандықтарға деген құрметтері мен ізеттері үшін алғыс, ризашылығымды жеткіздім. Менен кейін Беларусь Республикасынан келгендер атынан сөйлеген Дмитрий Яковлевич Малиновский де сөзін Холм қаласының басшылары мен тұрғындарына  алғыс арнаумен аяқтады. Қаза тапқандар еске алынып, бір минөт үнсіздік жарияланды. Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, қорымды  айналып өттік. Митинг аяқталысымен Жеңіс алаңында мерекелік  концерт қойылды. Солдат ботқасынан дәм таттық. Соғыс туралы  шағын сахналық көріністер қойылды. «Бессмертный полк» шеруіне  қайтыс болған  соғыс ардагерлерінің портреттерін көтерген қала тұрғындары да қатысты. Мерекелік шаралар тұп-тура өзімнің туған қалам Тараздағыдай болып шықты.Сірә, бұл ерлікті  құрметтеу  сияқты  қастерлі қасиеттің  барлық халыққа ортақ екендігінен болар. Бәрінен де  соғыс сұрапылын бастан өткерген Ресей жерінде қазақстандықтардың, соның ішінде әкемнің ерлігі ерекше қастерленетінін, біздің батырларымыздың есімдерін  мәрмәрге ойып жазғандықтарын, мұражайда суреттері ілулі тұрғанын көру ерекше  әсер сыйлады. Жетпіс жылдан кейін табылған әке қабірінен елге  бір уыс топырақ ала қайттым. Құдай қаласа, бір дерегін білуді аңсап өткен атам мен апамның қасына жерлеп, басына  құлпытас қоймақпын. Көзін көрмесем де, Ұлы Жеңіске жету жолында шейіт болған әке алдындағы перзенттік   парызымды осылай өтемекпін. Жетпіс жылдан кейін туған жерінен топырақ бұйырған әке бейнесі  ғұмырын жалғастырған ұрпақтарының санасынан өшпейді.

Аманкелді Карентаев, экономика ғылымдарының кандидаты,  «Құрмет» орденінің иегері,   Жамбыл облысының  Құрметті азаматы.     Тараз-Санкт-Петербург- Холм- Санкт-Петербург-Тараз.

Ұқсас жаңалықтар