Қуғын-сүргін қасіреті

Қуғын-сүргін қасіреті
ашық дереккөз
Қуғын-сүргін қасіреті

Қазақ халқының тарихында қаралы бет болып саналатын жаппай саяси қуғын-сүргін заманында халқымыздың аяулы ұлдары жазықсыз жазаланып, атылды. Олардың қатарында А.Байтұрсынов, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сынды біртуар перзенттеріміз бар. Бұрынғы Кеңес одағы деп аталған унитарлық-тоталитарлық орталықтағы саяси репрессияларды жүргізу механизмін теңселмелі маятник түрінде болды десек, оның бір шетінде республикалық орталық, траекториялық қозғалыстың орта бөлігінде – облыс орталығы, ал келесі шеткі нүктесінде қалалар мен аудандардың болғандығы анық. Республика территориясында жаңа облыстар құрылып, жаңа аудандардың саны өскен кезде, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында 19, ал Қызылорда облысының құрамында 8 аудан болған еді. Соғыс алдындағы бесжылдықтарда жаңа өнеркәсіп орындары, колхоздар, МТС-тер мен совхоздар құрылып жатты. Осыған сәйкес әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылым-ның да жетіле түсуі облыс эконо-микасындағы қалалар мен аудандардың маңызын арттыра түсті. Қалалық және аудандық деңгейдегі партия және кеңес кадрлары, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы мекемелерінің басшыларын қалыптасқан тәртіпке байланысты Қазақстан К(б)П ОК ғана қызметке қоятын немесе бекітетін. Оның үстіне, теңселмелі маятник ұғымына сәйкес, саяси қудалаулар орталықтың бастамашылығымен аудандар мен мекемелерде жүргізілсе, оның орталыққа байланысты да қайтарылымы болып, кейбір репрессиялық акциялар аудандарда туындап, одан облыс орталығына жетіп, тіпті соңында орталықтағы саяси күштердің орналасуына да өз әсерін тигізе алатын. Партия иерархиясы баспалдақтарымен көтерілу дәстүріне сәйкес, партия басшылары өз карьераларында партиялық биліктің аудандық деңгейін аттап кете алған жоқ, сондықтан да осы аудандарда өз жақтастарын, өздері қызметке қойған адамдарын, сонымен қатар қарсыластарын да қалдырып кеткен еді. Аукомдар мен ауаткомдардың партия және кеңес билігі органдарындағы ерекше маңыздылығы – олардың халықпен қоян-қолтық араласып, қажетті жағдайда оларға нақты әсер ете алатындығында болатын. Олар орталықта қалыптасқан саясатты жүзеге асыруда соңғы буынның рөлін атқарды. Репрессиялық саясатты жүргізу барысындағы партия және кеңес номенклатурасын жаппай тазалау науқанында, ауком хатшылары мен ауатком төрағаларының көпшілігі Ішкі істер халық комиссариаты (ІІХК) органдарының құрығына түсті. Осылай, 1938 жылдың 31 наурызындағы, яғни жаппай репрессиялар әлі жалғасып жатқан кездегі «ҚК(б)П аукомдары мен қалкомдарының коммунистерге берген партия құжаттарына халық жаулары болып кеткен адамдардың қолдары қойылғандығы» туралы архив материалында 70-тен астам ауком хатшыларының фамилиялары бар. Олардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қызылорда облысынан 14 фамилия кездеседі. Жалпы аудандар санына қатысты алсақ (19 аудан) репрессияланғандардың пайыздық үлесі 73,2 пайызды құрайды. Аудандық деңгейдегі кадрларға қарсы репрессиялар «стандартты» – «буржуазиялық ұлтшыл», «қаскүнемдікпен шұғыл-данды», «сын мен өзара сынды тұқыртты» деген айыптауларға қосымша «бүгінде әшкереленген халық жауымен байланыста болды» немесе «халық жауының қойған адамы» деу негізінде қылмыстық іс қозғауға ұласты. Соңғы айыптаулар сол уақыттағы кейбір құжаттарда жетекші партия органдарына «өз» адамдарын тартудың дұшпандық әрекеттері» ретінде көрсетілді. Тиісінше, егер обком хатшыларына олардың жаңа ауком хатшыларына ұсынуына байланысты айыптаулар табылып жатса, соңғылары дәл осындай кепті ауатком төрағалары мен өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы басшыларын тағайындағаны үшін кешті. Сондықтан да аудандық деңгейдегілерге «халық жауы ретінде» әшкерелену қаупі «жоғарыдан» да, сол сияқты «төменнен» де төніп тұрған еді. Осындай аудандық деңгейдегі кадрларды мұқият «тексерудің» нәтижесі 1937 жылдың 3-10 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қабылданған «ҚК(б)П ОК бюросының партия және кеңес органдарының басшы қызметкерлерін жұмыстан шығару жөніндегі шешімінде» анық көрінген еді. Мы-салы, бұл үдеріс «31п. Әбдіраза-қовты Оңтүстік Қазақстан облысы №49 ат зауыты директорлығынан босату. 36п. Оңтүстік Қазақстан обкомы К(б)П-ның А.Изба-новты Түркістан К(б)П-ның хатшылығы қызметінен алу туралы ұсынысын қабылдау. 37п. Оңтүстік Қазақстан обкомы К(б)П-ның Н.Данияровты Сарысу аукомының хатшылығы қызметінен алу туралы ұсынысын қабылдау… 38п. Оңтүстік Қазақстан обкомының… С.Баймахановты Мирзоян аукомы ҚК(б)П хатшылығынан алу туралы ұсынысы қабылдансын деп басталып, ары қарай жалғаса беретін. Осылай, аудандық комитет хатшылары мен аудандық шаруашылық қызметкерлеріне қарсы қолданылған репрессиялардың, ОК Бюросының қаулысы негізінде жүзеге асырылуы кездесіп тұратын. Басқа аудандардағы осындай жағдайлардың өзіндік ерекшеліктері болғанымен, жалпы алғанда бәрі де ортақ сценарий бойынша жүріп жатты. Мәселен, Мирзоян (қазіргі Тараз) қаласында қазақстандық алғашқы журналист- коммунист Сабыр Айтқожиннің де қызметі доғарылды. 1936 жылы ол Мирзоян (Жамбыл) аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі қызметіне келіп, 1937 жылдың 2 қазанында тұтқындалады, оған контрреволюциялық буржуазиялық-ұлтшыл ұйымға қатысқансың және мектеп құрылыстарын салу мен сауатсыздықты жоюға бағытталған іс-шараларды қаскөйлікпен бұздың, – деген айыптар тағылады. КСРО Жоғарғы Соты Әскери Колле-гиясы С.Айтқо-жинді ату жазасына кескен. Аудандық деңгейдегі басшыларға қарсы репрессиялар Мирзоян ауданында да орын алды. ҚК(б) П АК бірінші хатшысы С.Баймаханов (1903-1938) ол кезде репрессияға ұшырап кеткен бұрынғы ҚазКСР-інің білім халкомы Т.Жүргеновтің «қойған адамы» ретінде тұтқын-далады, ол шындығында 1933-37 ж.ж. білім халкомының орынбасары болып Жүргеновпен бірге жұмыс істеген еді. Жоғарғы соттың әскери алқасы 1938 жылдың ақпан-наурызында оны да ату жазасына кеседі. ОблҚазТАГ-тың хабар-ламасында «халық жауларын жасырушы Янсонның ҚК(б)П қатарынан шығарыл-ғандығы» айтылып, ары қарай «…Янсонның партияның облыстық комитетінде Баймахановтың халық жауы Жүргеновпен байланысы туралы сөздерді ести тұра, оған тиісті дәрежеде мән бермеуі, ол туралы аукомның бюросына есеп бермегені… Янсонның Баймахановтың ірі байдың баласы екендігін, оның туысқандары банданың белсенді мүшелері болғандығын біле тұра, оған бұл туралы насихатшы Сейітов Баймахановтың мәселесі қаралған бюроға дейін айтса да, Янсонның тіс жарып ештеңе демегенін, соңғы уақытқа дейін Янсонның халық жаулары Айтқожин, Коломейцев, Савлукті және басқаларды әшкерелемей, жасырып келгендігін хабарлайды. ҚК(б)П ОК Бюросының қаулысында аты аталып өткен Мирзоян ауданы №49 ат зауытының директоры Ә.Абдыразақов та репрессияға ұшырап, оны ЖСӘК (жоғ. сот әске.колл.) 1938 жылдың 25 наурызында ату жазасына кеседі. Оңтүстік Қазақстан облаткомы президиуымының 1937 жылдың 4 қазанындағы қаулысына сәйкес, Мирзоян ауаткомының бұрынғы төрағасы Досымбаев халық жауы ретінде облатком пленумының құрамынан шығарылады. Осылай 1937 жылдың күзінің соңына дейін Мирзоян ауданының бірінші басшылары түгел репрессия құрығына ілініп біткен болатын. Сондай-ақ, мұрағат құжаттарынан МТС басшыларының ауыл шаруашылығы басшыларының төменгі деңгейіндегі ең бір «репрессиялық қауіпті» категорияға жатқызылғандығын пайымдауға болады. Мәселенің мәнісі мынада болса керек, МТС жауапты ауыл шаруашылығы науқандарында (егін себу, жекелеу, жинау т.с.с.) көптеген колхоздарды машиналар және тракторлармен дер кезінде қамтамасыз етуі тиіс болды, бұлай етілмеген жағдайда, ол саяси қылмыс ретінде қарастырылып, кеңес үкіметінің саясатымен келіспеушілік деп есептелінді әрі жазаланып отырды. Жалпы алғанда репрессия зардабынан аудандық деңгейдегі кеңестік билік ауыр зардап шекті. Соның нақтылы айғағы ретінде, 1938 жылдың 1 сәуіріне дейінгі облатком пленумының 22 мүшесінің 16-сы халық жауы ретінде оның құрамынан шығарылып, қудалауға ұшыратылғандығын айтсақ та жеткілікті. Кеңестік репрессиялық аппарат өздерінің бар тактикалық мүмкіндіктерін пайдаланып, көпшіліктің пікірін партиялық баспасөз арқылы өз ұсынымдарына ыңғайлап қалыптастыра алды. Сол кезеңде қалыптасқан саяси сөздік қоры – жалпы халыққа барынша түсінікті түрде жеткізіліп, мұның өзі Кеңестік билік жүйесінің өз әрекеттерінің дұрыстығына электоратты сендіруіне мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ, Ішкі істер халық комиссариаты органдарының АК хатшыларына бағынбауы, олардың ойына келген ойранды жүзеге асыруына жағдай жасады. Осылардың бәрі біріге келе аудандық деңгейдегі кадрлар тағдырының трагедиялық жағдайға душар болуына әкеліп соққан-ды.

Сейдехан Бақторазов, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Ұқсас жаңалықтар