Саңырық батыр

Саңырық батыр
ашық дереккөз
Саңырық батыр

Өзінің бірнеше мыңжылдық тарихында сан өліп, сан тірілген қазақ халқының жері байтақ та, бай болғаны белгілі. Аузын аждаһадай ашып жалаңдаған екі ұлы империяның  Ресей мен Қытайдың ортасындағы осы сайын даланың байлығына қызығып, күші келген жерде қырғын салып біразын тартып та алған. Еуропаның небір үлкен мемлекеттерін жер көлемі жөнінен он есе орап кететін Қазақстанның елін де, жерін де қорғай білген апайтөс алып, батырлары да аз болған жоқ. Солардың бірі – атағы алты алашқа шыққан бабамыз – Саңырық батыр. Тарихтың соққан талай дауылды тәлкегімен гүлденген далаларын, сулары құбырларында сылдыраған қалаларын қасық қаны қалғанша қорғаған ердің бірі батыр бабамыз туралы дер кезінде жазылған тарихи деректер шамалы. Әйтсе де екі жүз жыл бойы жан алысып, жан берісіп қырқысқан қалмақтардың қазақ жеріне ойран салған 1723 – қоян жылы – «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қасірет ретінде ел есінен ешқашан шықпаған. Осыған сол қырғын апаттың тікелей куәсі болған, кез-келген құлынның тұлпар болар-болмасын жазбай тани білген атақты Толыбай сыншының баласы Қожаберген жырау шығарған «Елім-ай» дастаны дәлел. Жасында Самарқан, Бұхар, Үргеніш медреселерінде діни терең білім алып, Шығыстың, исламның тарихынан сыр тартқан Қожаберген жыры тарихи дерек. Сол жыр негізінде айтылатын «Елім-ай» әні күні бүгінге дейін қазақ халқының аса ауыр тағдырын еске салатын қайғылы гимндей естіледі.

Сол бір кезеңді жырау былай суреттейді: Қырылу Алакөлден басталып тұр, Қазақтар жау қалмақтан жасқанып тұр. Орыстар мен Қытайға арқа сүйеп, Ит қалмақ сол екі елден күш алып тұр. Алтын,  күміс, мал беріп аямай-ақ, Орыстар мен Қытайдан білгір жалдап, Сыбан Рабдан ден қойып өнерпазға, Ғаскерін үйреттірді бес жыл қамдап. Қаруын орыс, қытай қалмаққа сатты, Айдап сап малғұндарды қоқаңдатты. Қырғызып қазақтарды қалмақтарға, Орыстар қамалдарын салып жатты. «Жұт – жеті ағайынды» демекші, қалмақтармен қатар қазақ еліне башқұрттар, түрікмендер, Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтары да қазақ елінің мал-жанын, жерін олжалауға көшті. Сол жылдары қазақ халқының үштен бірі қырғын тапты. Мұның өзі қазіргі ғылыми тілде «геноцид» деп аталатын халықтан тұқым қалдырмау жолындағы қырғын еді. Бір айта кететін жәй – Қожаберген жырау өзі куәсі болған сол бір кезең туралы: Тараз бен Түркістанды қалмақ алды, Ташкентке жетіп нөпір лаң салды. Тігілген ақ ордалар, қайран қоныс, Қаңырап тіршіліксіз босқа қалды. – деп күңірене жырлайды. Осы жырдан Талас өзені жағасындағы туған қаламыздың талай шапқыншылықты көрсе де сақталып келгенімен, енді жоңғарлар қолынан жермен-жексен болғанын білеміз. Міне, осындай қырғын шақта елім деп туған ерлер тоз-тоз болған  жұртын жинап,  жауға қарсы аянбай күресті. «Елім-ай»  дастанынан тағы бір үзінді: Қатысты Кіші жүзден Тайлақ мерген- Құлатты көздегенін атқан жерден. Бір мерген Саңырық атты жараланды, Тайлақтың жолдас болып қасына ерген. Осы жолдардан Саңырық бабамыздың аты алдымен мергендікпен шыққанын білеміз. Туған жеріміздің тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен Саңырық бабамыздың жасаған ерліктері қандай? Оның шыққан тегі қандай? Мұны әркімнің-ақ білгісі келетіндігі орынды. Атақты ғалым Әубәкір Диваевтың өткен ғасырдың бас кезінде жинаған мәліметтеріне қарағанда, Саңырық баба Ұлы жүз Бәйдібек ұрпағы ошақты руының Тасжүрек атасынан шыққан. Ол шешесі  жағынан кіші жүз Тайлақ батырға немере жиен. Үш жүздің хандары мен билері  жоңғарларға қарсы бірлесіп күресу үшін Ордабасыдағы Күлтөбеге жиналған ұлы кеңеске қатысқанда 35 жаста екен. Тарих ғылымдарының докторы Қ.Қаражановтың, филология ғылымдарының докторы Ж. Дәдебаевтың зерттеулеріне қарағанда, батырдың туған кезеңі шамамен 1691 жылға келеді, яғни биыл оның туғанына 324 жыл толады. Ордабасы тұсындағы ұлы кеңес 1726 жылы өтті  делініп жүр. Ал оны кейбіреулер бұдан бір-екі жыл кейін шегереді. Тоқтыбайұлы Саңырық ағасы Дәнен, інісі Сарымерген үшеуі бір анадан. Ел  аузында сақталған естелік аңыздарға қарағанда, үшеуі де батыр әрі құралайды көзге атқан асқан мерген болған. Саңырықтың жасөспірім шағы болса керек. Ағасы Дәнен екеуі далада аң аулап жүрген кезінде жортуылшы 12 қалмақ кездейсоқ кездесіп қалады. Бес қаруы сай 12 жау қазақтың екі баласын оңай олжа көріп, қоршап алады. Жастайынан жаттыққан ересектеу Дәнен 11 қалмақты найзамен түсіреді. Ал буыны қатпаған Саңырық өзімен жекпе-жек келген қалмақ батырын жеңбесе де жеңілмей,  өзін де алғызбай шайқасады. Ағасы Дәнен інісінің шайқасын байқап: – Маған қарай тақалт! – деп айқайлайды. Жас бала жауын имексітіп ағасына жақындатқанда Дәнен батыр он екінші қалмақты да аттан құлатады. Жаудың 12 атын олжалап, жүруге әлі келгендерін ауылдарына байлап әкелгенде осы бір шайқас ел аузында аңыз болып тарап та үлгерген екен. 12 жоңғарды бірдей аттан түсірген Дәнен емес, Саңырық батыр делінген екен. Сонда Дәнен батыр «Түбінде менің емес, інім Саңырықтың аты әйгілі болады екен» деп ырым жасаған көрінеді. Шындығында да, осы бір ел аңызы, ардақтауы Саңырықты рухтандырып, күшіне-күш қосып, ерте ер жеткізген, жауға деген кегін қылыштай қайраған. Енді бір аңыз Саңырықтың інісі Сарымергенге қатысты. Кезекті қырғын соғыста Сарымергеннің атына оқ тиіп жаяу қалады. Ол Саңырықтың тұңғыш ұлы Қозыкеннің атына мінгесіп, жаумен қаша соғысады. Мінгескен қос қазақты көрген қалмақтың мұздай темір сауытпен құрсанған бір батыры найзасын толғай қуады. Мұны көрген Сарымерген атқа теріс мініп садағына жебесін салып, атуға дайындалады. Қалмақ батыры қуып жетіп алдымен найза салады. Сарымергеннің қолтығынан өтіп, алдындағы інісінің сауытсыз тәніне сүңгі ұшы тигенде жас бала шырылдап: – Өлдік қой, аға, атсаңызшы! – деп айқайлайды. Сол кезде жау бетін ашып қалады. Сарымерген садағын кере тартқанда жебесі жау бетін тесіп өтіп, желкесінен бір-ақ шығады. Қолы мыңнан асқанда Саңырық батыр мұнан әрі осыған дейінгі майда ұрыс салуды лайық көрмей, жүз басыларымен ақылдаса келіп қалмақпен ашық айқасқа шығуға бел буды. Жаушыларынан Шұна Дабо түменінің Бетпақты кесіп өтіп, Ұлытауға бет түзегенін естіген. Сол жақта нағашы жұрты – Кіші жүз жігіттерінің жасақ құрап жатқанын құлағы шалғаны бар. Ал қазіргі тұрағына жақындау Түркістан, Сауран, Ташкент қалаларында қамалға тығылған қазақ сарбаздарының қорғанысқа қөшкенін, бұл маңдағы хан, сұлтандардың басы біріге қоймағанынан да хабардар еді.  Сонымен жорыққа жиналып жатқан кезде бетін орамалмен таңып алған, қосағында аты бар жаушы келді. – Батыр, Сыбан Рабданның мың басы бастаған қалың қолы сізді іздеп келеді. Саудакенттен шықты, көп ұзамайды. Батыр жаушының сөзін бөлді. – Әлгі зеңбіректері бар ма екен? –  Жоқ. Өздері мыңнан көп болмаса, аз емес. Батырдың үні саңқылдай шықты. Жауынгерлер жүздіктерімен жедел жиналды. – Ата жаумен бетпе-бет майдандасар сәт те келді, бауырым! Құдай қолдап кек аламыз. Қамданыңдар! Саңырық Дәнен, Сарымерген басқаратын білтелі мылтықты жүздік пен 200 садақшыны алғы шепке шығарды. Екі жүздікті жаудың ту сыртынан атой салуға бұйырды. Бұл жүздіктерді орағытып ұзақ жүретін болғандықтан жедел аттандырды. Алғы шептегі мергендер үш-төрт дүркін оқ атысымен, 500 сарбазбен өзі бастап тұтас көтеріліп қылыштасуға ұмтылатынын ескертті. Осы тұста садақшылар екі айырылып, жүз-жүзден жаудың қос бүйірінен оқ жаудыратын болады. Саңырық қол бастап  жау бағытына қарсы жүрді. Ұзамай-ақ даланың қою шаңын будақ-будақ көтеріп, сары желіспен келе жатқан жоңғарлар көрінді. Қол қалың әрі жинақы. Қалмақтар екпіндей келіп, алды оқ жетер жерге келіп тоқтады. Топ ішінен жатаған сұр ат мінген дулығалы ноян суырылып жеке шықты. – Жекпе-жек! Саңырық майдан дәстүріне қанық болғанымен, жекпе-жекке батыр дайындай қоймаған еді. Осы сәтте: –  Келсең кел, – деп ағасы Дәнен бәйге күреңін ойнатып шыға келді. Дәненнің де қылыш кеспес, найза өтпес сауыты бар, бес қаруы сай еді. Жолы үлкен болған соң ба, Дәнен Саңырықтан рұқсат сұрамады. Қос батыр алдымен найза қағысты. Дәненнің найзасы сабынан шорт сынып, ұшып түсті. Қалмақтар шулап қоя берді. Қазақ жауынгерлері демін ішіне тартқан, тым-тырыс. Саңырық жауынгерлерге ақырындап жауға жақындай беруге бұйырды. Дәнен қылышын суырып, дұшпанына қарсы шықты. Ал қалмақ болса қанжығасынан қыл арқанын алып, лақтыруға ыңғайлана бастады. Қолма-қол ұмтылған Дәнен мұны күтпеген еді. Қылышын лақтырып жіберіп, жан дәрмен садағын, жебесін алды. Екеуі де сілтеді, бірақ Дәненнің жебесі бұрынырақ жетіп дұшпанның кеңсірігіне қадалып, шыр айналған күйде құлап түсті. Саңырықтың жүздіктері түйдек-түйдегімен оқ жаудырды. Қалмақтардың алдыңғы легі топырлап оққа ұша бастады. –  Қапта, ата жауға өлім! Ата-анасының, босқын бауырларының, сүйегі далада қалған ағайын, туыс кегі үшін кескілесуге бет алған қазақ сарбаздары өте ызалы. Олар өлген-тірілгеніне қараған жоқ, аямай-ақ қылыштасты, найзаласты. Саңырық кек қызуымен аңғармаған екен, кәнігі жау бұларды ортаға алып, қақпанға түсіріп үлгеріпті. Жау құрсауы тарылып келеді, бірақ өлімге басын тіккен жігіттер ұмтыла ұрыс салып жүр. Кенет дұшпанның бір бүйірі іріп сала берді. Бұл жаудың сыртынан киліккен сарбаздар күші еді. Қалмақтардың біразы  ат басын кері бұрды. Саңырық жасағы көз байланғанға дейін кескілесті. Жау тобы едәуір шығынға ұшырады. Бірақ қазақ сарбаздарының төрттен бірі шейіт болды. Ертеңіне майданда құрбан болған бауырларын жерлеген жігіттер қалың қамысқа сіңіп кетті. Нешеме күн күзет қойып, қайта оралып соғар деген қалмақ оралмады. Ата жауды күйретіп жеңбесе де, ойсырата соққы берген ержүрек Саңырық сарбаздарының ерлігі кең даланы шарлады. Бұдан соң тау аңғарынан, Көкшенің құмынан, Бетпақтың құм даласынан босып кеткен қазақ жігіттері үздік-создық келіп жатты, қосылып жатты. Саңырықтың қолы үш мыңнан асты. Мұнша жасақпен қалмаққа қарсы шабуылға шығуға да болады. Батырға Арқадан, Тайлақ батырдан арнайы хабаршы келді. Бүкіл әскерімен Ырғызға қалуды қолқалапты. Ата жаудан кек қайтармаққа бел байлаған қазақ жасақтары сонда жиналып, соғыс тәсіліне жаттығу жүргізді. Жоңғардың қазақтың мысын басатын айбарлы қаруы – зеңбіректері бар болатын. Қылыш, найза емес, осы қауіпті. Шұна Дабодағы жиырма зеңбіректің арба толы оқтары да мол. Қытайдан, орыстан алған мылтықтары және бар. Бұлардағыдай білтесін тұтатып әуреленіп жатпайды, жеделдете атылады. Қалай дегенде де күш тең емес. Қалмақтың ажал себетін қаруы басым. Осылардың барлығы Тайлақ батырдың ордасында ру ақсақалдары мен батырлардың кеңесінде ұзақ талқыланды. Екі өзеннің аралығы Қарасиыр аңғарының қолайлы болып табылуының елеулі себептері болды. Батпақты, қатты ағысты өзенді жаудың жетекке алған зеңбіректерімен, доңғалақтары арбаларымен кешіп өтуі, сөз жоқ, біраз әбігерге түсіреді. Тіпті кері шегінген жағдайда екінші өзен өткеліне дұшпан қолы бүгіледі. Бұл ұзап кетуге мүмкіндік береді. Екіншіден майдан даласында сай-жыра, қыраттар көп, баспаналап ұрыс салғанға қолайлы. Бүкіл алапты алып жатқан қалың ши де аттылы кісіні жасырады. Дұшпан еркін көсіліп шаба алмайды. Қазақ жасақтары жаудың алғашқы легі өзеннен өткенде ұрыс ашуға кірісті. Ақсақалдар мен батырларға, әсіресе, Саңырықтың ұсыныстары ұнады. Көбіне соның талаптары қабылданды. Батыр қашанғы тәсіліндей ең алдынғы шепке атқыштарды және садақшы мергендерді шығаруды талап етті. Сөйтіп, Малайсары, Тайлақ, Саңырық батыр білтелі мылтықты үш жүз және садақшы бес жүз мергенді бөлек топтастырды. Жүздік басшыларын іріктеді. Ең алғыр, шабандоз жігіттерден екі жүздік таңдады. Бұларға зеңбіректер мен атқыштарды жою қатал тапсырылды. Басқа майданға араласпай тек осы міндетті орындау баса ескертілді. Жүздіктің бірін найманның жас батыры Кенже, екіншісін құралайды көзге ататын мерген Сарымерген басқарды. Оң және сол бүйірден шабатын болып уағдаласты. Мергендердің алғашқы шабуылынан іле-шала Малайсарының мыңдығы қолма-қол айқасқа кірісті. Қолма-қол айқастың екінші толқынын Дәненнің мыңдығы кешікпей бастап кетуі тиіс. Осыған жалғаса үшінші, төртінші мыңдықтар қанды шайқасты одан әрі лек-легімен қыздыра түседі. Соғыстың барысын бағдарлап, қажет болған шепке қосымша күш жіберу Саңырыққа жүктелді. Малайсары мен Тайлақ батыр Саңырыққа бүкіл майдан тізгінін тапсырды. Ақсақалдар әруақ,  Құдайға сиынып, бата берді. Шұна Дабоның әскері он екі түмен – он екі мың сарбаз. Ал Саңырық, Тайлақ, Малайсарының жасағы он мың. Өзенге келгенде де қалмақтың алдыңғы легі іркілген жоқ.  Кешіп өтті. Сұсты дұшпанға қалың ши ортасынан 500 атқыш жауынгер қарсы шығып, іркілмей дүркін-дүркін қорғасын оқ пен жебелерді қардай боратты. Мұншалықты қарсылықты күтпеген жоңғар тобының алдыңғы шебі абдырап, ат сауырына құлай бастады. Содан қашан қылыштасуға жеткенше жасақтар атысты тоқтатқан жоқ. Осы сәтте Малайсарының мың жігіті ұрандап ұрысқа кірді. Дәненнің жігіттері де қылышын жалаңдатып, қалың жаудың ортасына сыналай енді. Бұларға әруақтап, тағы да мыңдықтар бірінен кейін бірі қосылып жатты. Кәнігі қалмақ басқа тәсілге көшті, қақ жарылып қазақтарды екі бүйірінен орап, қақпанға алды. Сонымен қабат зеңбіректерден оқ атуға жол ашты. Іле зеңбіректер бүкіл төңіректі тітіркендіріп, гүрсілдеп берді. Ысқырып ұшқан доптар зулап келіп, қазақ жауынгерлерінің ортасына жарылып, атымен қоса аспанға лақтырып, қирата бастады.  Азан-қазан болған жасақтан ес кетті. Жылыстап, жан сауғалап шетке шыққандарын жоңғар қылышы кескілеп жатты. Жау айқайға басты. Қазақ енді-енді қашады деген сәтте зеңбіректердің дүрсілі де сап тиылды. Саңырық шабуылға жаңа мыңдықтарды қосты. Жігіттер жан алысып, жан берісер қанды шайқасқа арқалы күшпен кірісті. Осы ұлы майдан жайлы белгілі жазушы Әнуар Әлімжанов «Жаушы» романында былай суреттейді. «Жасақшылар жоңғарлардың бас біріктіруіне ырық бермей, майдан шебін созып жіберді. Ұрыс Бөлентінің екі бетінде де қызу. Енді Дамбаның да, Хансананың да (әскер басшылары) еш шаралары жоқ еді. Тек Шұна Дабоның жеке басын қорғайтын таңдаулы мыңдық қана ұрысқа кіріскен жоқ.» Әміршінің шатырына қарай ұмтылған қазақ жүздіктерін жоңғарлар жан-дәрмен боп кейін қайтарған кезде шаңқай түс те болған еді. Бірақ ұрыс нәтижесін бұл тойтарыс шешкен жоқ. Жасақшылар одан әрмен қызына түскен. Жоңғарлардың осал деген тұстарына сонаша қадалып, көпе-көрінеу бұзып жарып кетеді. Тыңнан қосылған  жүз сарбаз кенеттен тиісіп жоңғарлардың қалың тобын биік жардың үстіне қарай тықсырып әкеп тыққан. Басқа жігіттер де көмекке ұмтылды. Тағы бір жүздік келіп жетті. Жоңғарлар қыспақта қалды. Үрейлері кетіп, бірін-бірі тықсырып, аттарымен биік жардан суға қарай ұшып түсе бастады. Жоңғарлардың мүлде естері шықты. Жүзбасшыларын, мыңбасшыларын да тыңдамастан қаша жөнелді. Шұна Дабо шатырын тастап, атқа мінді. Көз алдындағы қан төгіс ханзаданың есін тандыра жаздады. Қалың әскері ұрыс даласын тастап, кең жазықта тым-тырақай болып барады екен. Жайрап жатқандарын көргенде «Осы қазақта нем бар еді» деп күңіренді. Жеңілуді білмейтін жоңғар әскерлерінің Қарасиыр аңғарында Саңырық қолынан қырғынға ұшырап, аман қалғандарының бас сауғалап құла далаға лағып кеткені туралы қуанышты хабар қазақ жұртын шұғыл шарлап кетті. Халық жасағының тұңғыш жеңісі белгілі шығыс зерттеушілері Ә.Диваев, М.Тынышбаев жазғандай, еңсені езген ауыр қайғының қара бұлтын серпіп, қалың қазақтың жаншылған рухын көтерді. Ата жаудан кек алуға ұмтылған жігіттер бұдан былай бас біріктіріп, ашық майданға шықты. Ұлтымыздың мерейін көтерген тұңғыш жеңістің қас батырлары Ұлы жүз ошақты Саңырыққа сол кездері дәстүр бойынша халқымыз жолбарыс бейнесі салынған алтын жамбы, Кіші жүз Тайлаққа бүркіт бейнеленген алтын жамбы тағыпты деседі. Бұлар батырлардың жүректілігі мен алғырлығын, мәртебесі мен шенін айқындайтын айырма белгілер болса керек. Саңырық батыр қазақ жерінің барлық түкпірінде де соғысты. Ол сонау Торғай даласындағы Бұланты, Қарасиыр шайқастарына және  Аңырақай шайқасына қатысып, Алаш жауынгерлерінің садақшыларына жетекшілік етті. Кейінгі ұрпақ арасында сақталған құймақұлақ шежіреші қарттардың айтқандарына қарағанда, Саңырық батыр өз ағайындарын бастап, Еділ, Жайыққа, Оралға, Ертіс, Тобылға, тіпті сонау Жоңғар қақпасына, Алтай тауларына дейін азаттық жолындағы айқастарға қатысқан. Жалпы, қазір қазақ тарихшылары 1723-1758 жылдардағы азаттық жолындағы соғыстарды Отан қорғау соғысы деп атап жүргендігін еске сала кетуге болады. Саңырық батыр бастаған жасақтарда болған немере-шөбере, бауырлары арасынан Қалет батырдың ерлігі ерекше. Ол – жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста көп ерлік жасаған Итемген батырдың баласы. Саңырық батырдың тұстас туысы Итемген батыр жауырыны жерге тимеген палуан болумен қатар, Орта Азия хандарының бір үлкен тойында Үндістаннан әкелінген ақ пілмен күреске түскенде ұзын тұмсығынан бұрап жерге сұлатқан. Міне, осындай  апайтөс, аптал азаматтарды жауға қарай бастаған Саңырық батырды бір рулы елдің батыры деу әруаққа да, тарихқа да қиянат болар еді. Кең-байтақ қазақ жерінің қай түкпірінде болса да, Саңырық батыр Отан қорғау жолында жортқанда тұлпарының іздері, жер жастандырған дұшпандарының қураған сүйектері әлі күнге дейін жатыр. Сондықтан да өзінің көзі тірісінде-ақ ерлігі алты алашқа әйгілі болған Саңырық бабаның ерлігін, өнегесін кейінгі ұрпаққа, тәуелсіз Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына жеткізу – парыз. Саңырық батырдың ерлігі, отансүйгіштігі – исі қазақ баласына өнеге. Дулығалы дала перзентінің көрнекті қазақ жазушылары Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Әбіш Кекілбайұлы және Софы Сматаевтың тарихи романдарында басты кейіпкер болып суреттелуі де тарихи шындықтың нәтижесі деп білеміз. 1993 жылдың қыркүйек айында Талас ауданында үлкен жиын болып өтті. Саңырық батырдың туғанына 300 жыл толу мерекесін қалың жұртшылық кең көлемде тойлады. Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Тараздағы Саңырық батыр атындағы көшенің бас жағында қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті бейнелейтін және батыр бабамыз Саңырыққа арналып үлкен мемориалдық ескерткіш-белгі орнатылды. Бұл бүгінгі ұрпақтың ел тағдыры жолында белін бекем буып, үнемі ат үстінен түспеген, ғұмырын үнемі жорықта өткізген Саңырық батырдың ерлігі мен өрлігіне, елдік рухына көрсетілген құрметі болатын.

Әкім САДЫҚБЕКҰЛЫ, Тараз қаласының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар