Хантауында қай хандар қайтыс болған?

Хантауында  қай  хандар  қайтыс  болған?
ашық дереккөз
Хантауында қай хандар қайтыс болған?

3 4Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы жақындаған сайын басылым беттерінде сан алуан пікірлер жариялана бастады. Пікірлер тоғысы бір жүйеге түсіп қалыптаса алмағандығы байқалады. Бұған бірден-бір себепкер жайт ұзақ уақыт қызыл империяның құрсауында болғанымыз, жершілдік пен рушылдықтан арыла алмай келе жатқанымыздан деп ұғамын. Дегенменен, «Қазақ елі» апталығының 2 сәуір №13 санындағы алматылық қаламгер Т.Тәшеновтің «Қағанның тегі қазақ па?» деген және танымал құсбегі Жапар Сатылғановтың облыстық «Ақ жол» газетінің 9 сәуірдегі санындағы «Керей мен Жәнібек ханның қабірі қайда?» атты мақалаларын оқыған соң бейжай қала алмадым. Ертеректен қызығушылық танытып әр деңгейдегі басылымдарда алғашқы хандарымыз жайлы жазып жүргендіктен, осы жолдардың авторының бастамасын аудан әкімдігінің қолдауымен өлкенің бірқатар тарихшы ұстаздары Қазақ хандығының туы көтерілген Хантау аймағына  Наурыз мерекесі қарсаңында автокеруен ұйымдастырғанбыз. Бірлік ауылында тұратын жол көрсетуші Ғалым Құрманғалиұлы мен даңқты шопан, Еңбек Ері Шоман Шәріпбаев ақсақал да бірге болды. Өйткені, хабарласып жүргенімде Шоман аға: – Ата-анам мал баққандықтан Хантауының баурайында бала күнімнен ер жеткенмін, сондықтан да киелі таудың әр тасы, әр шатқалы мен түкпірі маған етене таныс. Жасөспірім шағымнан үлкендердің айтқандарына мән беріп, саралап жүретінмін. Өзің сұрап жүрген Керей хан Теректі өзені мен Шаянтастың аралығындағы қазіргі темір жол маңына таман тұста жерленген деп естігенмін. Егер ғалымдар құралдарымен келсе, тауып беруге көмектесер едім. Сондай-ақ, қайбір жылдары баспасөз беттерінен жапон ғалымдары моңғол жұрты туралы зерттеп, Шыңғыс ханның жерленген жерін таба алмағанын оқығанмын. Содан бастап баяғы балалық шағымда Балқаш көлінен арбамен тұз таситын керуеннің басшы қариясының Хантауына қона жатқандағы айтқандары еміс-еміс есіме түсе бастады. Ол кісі: – Шыңғыс ханның сүйегі «Қостұма» өзенінің бойына жерленгені анық, – деп еді. Біраз уақыт бұрын осы жайды мойынқұмдық бір белгілі азаматқа айтқанымда: «Бір ғалым-археологты құрал-саймансыз алып келіп анықтай алмай кеткен болатын. Сексеннің сеңгіріне жақындадым, енді қанша ғұмыр кешерім белгісіз, арманым Керей мен Шыңғыс хандардың жатқан жерлерін анықтатып, ертеңгі ұрпақтарыма сый жасап кетуге Жаратқан Ие нәсіп етсе» деп әлдебір әңгіменің шетін шығарды. Тарихшы ұстаздармен қасиетті теріскей төріндегі «Үлкен Хантағы», «Кіші Хантағы», «Бала Тағының» баурайында бас қосқанымызда жолбасшы Ғалым інішек пен Шоман аға Хантағылар туралы білетіндерін ортаға салып, мәліметтер береді. Менің топшылауымша және Шыңғыс ханның заманында Шу өңірі де, Арқа да Жошы хан ұлысының қарамағында болғандықтан, ең биік шоқының бірі Үлкен Хантағын Жошының пайдаланып, Кіші Хантағына Керей хан отырған секілді. Іргедегі Ханқорасын Керей хан жаз жайлауында ел жұртының басын қосып қолайлы болғандықтан қарасын көбейту үшін пайдаланғанға ұқсайды. Аңыз дерегі бойынша Жошының баласының өліміне байланысты «Ақсақ Құлан» күйінің шығуына себепкер болған ордың ізі сайрап жатыр. Жошы хан мұнда көп тұрақтамай терістікке бет алып, арқа төсіндегі Ұлытау баурайындағы Қаракеңгір өзенінің бойында қайтыс болып, кесене тұрғызылғаны белгілі. Шөкеңнің: «Қарсы болмасаңдар «Қостұма» өзені бойындағы Шыңғыс хан жерленді деген жерді көрсетуге дайынмын», – дегені де бар. – Аға, елімізге танымал археологтардың бірімен хабарласып тұрамын, олар облыс басшыларына ресми хат жолдаған көрінеді. Мамыр айында Хантауға арнайы зерттеуге келіп қалулары ғажап емес. Сол кезде өзіңізді зерттеуші ғалымдармен байланыстыруға тырысамын. Ең алдымен Керей ханның жерленген жерін тауып беруге көмектессеңіз, –дедім мен де. Мойынқұмдық еңбек ардагері Есенаман Ошақбаев ағамыз «Егемен Қазақстан» газетінің 21 наурыздағы санында «Мойынқұм» атты көлемді мақала жариялапты. Сөз жоқ дәлелді деректермен  жазылғаны сүйсінтеді. Дей тұрғанменен, «Қозыбасы жөнінде әлі айқындалмаған, айқындауды қажет ететін талас тудырып отырған жайлар бар. Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Керейдің хан сайлануы Шу бойы, Қозыбасы, Тұлпарсаз қыстауы, Мойынқұм құмы деп көрсеткен. Бұл ретте «Тарих-и Рашидиде» төменгі Шу бойы Қозыбасы шоқысы деп жазылғанымен, Тұлпарсаз қыстауы Мойынқұм құмы деп жазылмағаны айдан анық. Егер дәл солай жазылғанда тарихшы-зерттеуші ғалымдарымыз баяғыдан-ақ нақтылы тоқтамға келетін еді ғой. Біз Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыздың «Тарих-и Рашиди» кітабын алғашқы Қазақ хандығының туы тігілген мерзімінен соң 80 жылды артқа салып 1541-46 жылдары Үндінің Кашмир қаласында жазғандығын ескергеніміз жөн шығар. Қазақ сұлтандарының билік ете бастауы 870-жылдан (1465-66) басталады делінеді. Оған дәлелді айғақтар Алматыдағы Қазақ энциклопедиясының «Бас редакциясы баспасынан 2003 жылы жарыққа шыққан «Тараз.  Жамбыл облысы энциклопедиясы» кітабының 268-бетінде 1457 жылы күз айының соңында көшіп келген 2 сұлтан ұлыстары Шудың төменгі бойын қыстап шығып, 1458 жылдың ерте көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды» делінген. Ал он шақты айтулы ғалымдардың редакциялық кеңесімен Алматыдан 2006 жылы жарыққа шыққан «Тарих Ата Қазақ хандығы» кітабының 20-бетінде Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген. Аңыз бойынша Хантауы етегінде жерленген деп тайға таңба басқандай жазылған. 1465-66 жылдары Керей хан қайтыс болғаннан кейін Жәнібек хандық билікке келеді десе, «Жамбыл облысының топономикалық атауларының анықтамалары» (Тараз. 2007) кітабында 455-бетте халқымыздың ұлт болып ұйып, өз мемлекетінің тұңғыш туын көтерген жері қазіргі Мойынқұм ауданына қарасты Қарабөгет ауылының аумағында жатыр. Әділ әрекеті мен дана саясатының арқасында ел жадында Әз-Жәнібек деген киелі есіммен қалып, аты аңызға айналған біртума ханымыздың тұрақ жайы – Керегетас деген жерде. Күні бүгінге дейін «Ханқорасы» деп аталатын осы қасиетті мекен-жай Қарабөгет ауылынан 15 (нақтылы дерекпен 40-45), Ақбақайдан 50 шақырымдай жерде жатыр деп анық жазылған» делінеді. Бұл жағын ескерсек, Керегетас-Жәнібек ханның 1465-66 жылдары таққа отырған киелі орны болу керек. Е.Ошақбаев ағамыздың келтірген «Тұлпарсазы» сол аймаққа жақын болғандықтан Қазақ хандығының күшейіп, әскерлерін жасақтай бастағандықтан жауынгерлердің қиян-кескі ұрысқа дайындалып жаттығатын алаңдарына айналғандығы анық. Осыған орай айтпағым Әз-Жәнібек ханның жерленген жерін Керегетас аумағынан іздестірген жөн шығар. Ал алғашқы ханымыз Хантауының етегіне жерленген деген аңызды дерекке сүйенген ғалымдардың тұжырымы мен Шоман Шәріпбаев ақсақалдың айтқанын археолог-ғалымдар дәлелдеп анықтап жатса, Керей хан кіші Хантағына отырған болып шықпай ма? Онда 1480 жылдары Жәнібек хан қайтыс болған соң Керейұлы Бұрындық ханның «Бала тағын» иеленгендігі әбден мүмкін. Өйткені өңменіңнен өтетіндей азынаған боранды жазық даладағы Хантауының қойнауы елге де, мал жанға да, тіптен, аң-құсқа да қолайлы. Қазіргі күннің өзінде Кеңестік заманнан қалған қыстауларды көптеген шаруа қожалық иелері пайдаланып, қойларын қоздатып, малдарын төлдетіп отыр. Тіптен, Керей хандардан қалған «Хан қорасын» да пайдалануда. Сол қыстаулардың төрінде «Керей» қыстауы да тұр. Кезінде Көктерек кеңшарының қарамағында болған қыстаудың не себептен «Керей» аталғаны белгісіздеу болып келген. Кейіннен «Көкірек» руынан шыққан бір кісінің аты болу керек деген дерек шыға бастады. Шынында солай болған болса сол Керей деген кісінің атын да 3-4 ғасыр бұрын өмір сүрген Керей ханның есімінің құрметіне атамағанына кім кепіл бола алар екен? Қалай айтсақ та «Хантауы» деп бекерден-бекер айтылмайды. Ханның ордасы тігілген, туы көтерілген жер болған соң айтылады. Ол таудың басында немесе баурайында халық Керей мен Жәнібек сұлтанды ақ киізге орап хан көтермей тұрғанда, ол таудың аты Қозыбасы болған. Хантауының басы шынында да қозының басына ұқсайды. Хантауының үш биігі бар, ең биік шоқысы – Сұңқар, екіншісі – Көкшоқы,үшіншісі – Қызылшоқы. Сұңқар тура қошқар болатын қозының дөң маңдайы, ал Шуға қарай біртіндеп аласарып барып, көкжиекке бататын жотасы тура қозының тұмсығына ұқсаса, Сұңқар шоқысының ту сыртында тұрған Көкшоқы мен Қызылшоқы қозының екі құлағына ұқсайды. Бұл дерек «Жамбыл облысының топономикалық атауларының анықтамалығы» кітабының 230-бетінде бекерден-бекер жазылмаған.

Мәкен Уақтегі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы.

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабаев.

Ұқсас жаңалықтар