Үш арман

Үш арман
ашық дереккөз
Үш арман

Ұлы Отанды қорғау жолындағы сұм соғыстың тарихында еліміз­дегі әрбір отбасының да өзіндік орны бар. Біздің әкеміз Абылғазин Дәулет Наурызбайұлы да жастық шағында қаймықпай майдан даласына аттанған екен. Ол 1921 жылы Т.Рысқұлов ауданы Алғабас ауылында (бұрынғы «Мақпал» совхозында), Сөгеті сайында дүниеге келген. Әскер қатарына алынар алдында Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық институтының физика-математика факультетінің 3-курсында оқып жүреді.

1941 жылы қаңтар айында, соғыс басталмай тұрған кезде әскерге шақырылып, Белоруссиядағы Бобруйск қаласындағы офицерлер дайындайтын соғыс-әскери училищесіне жіберіледі. Соғыс басталған кезде училищедегі курсанттармен бірге Беларусь майданына атқыштар дивизиясының сапына пулеметші болып алынады. Әкеміз Беларусь майданында, Могилев облысы Смоленск түбінде алғаш рет шайқасқа кіреді. 1941 жылы қазан айының соңында дұшпанға қарсы жасалған шабуыл әкеміздің ұзақ уақыт жадында қалыпты. Қан майдандағы арпалысты сәттерін әкеміз көзі тірі кезде жиі еске алушы еді. Бірде былай деген болатын: «Оқ қалың жауған қардай борап тұрған. «Отан үшін!» деп алға ұмтылып, айғайлап станокты пулеметпен оқ жаудыртып келе жатқанымда, басымнан және аяғымнан ауыр жарақат алып, есімнен танып құлап қалдым...». Есін жиса госпитальда жатыр екен. «Сол кездегі ең басты мақсатымыз фашистерге табан тірескен қарсылық көрсету, жаудың күшін тоқтату болды» дегенді де жиі айтатын. Жарақаты жазылған соң, әкемізді Оңтүстік Германияға Эльзас-Лоторинг қаласына алып келіп, шахтаға жұмысқа салады. Соғысып жүрген кезде ол кісі Алладан өзінің үш арманын сұраған екен. Бірінші арманы – фашистерді жеңіп аман-есен елге оралсам. Екінші арманы – бейбітшілікте өмір сүріп, отбасын құрып, бала-шағалы болсам деген. Үшінші арманы – пайғамбар жасына жетсем дейтін. Аллаға шүкір, шын тілесе керек. Ол кісінің үш арманы да орындалады. Соғыс біткен соң елге оралады. «Сен пленде болғансың» деп ақталғанға дейін әкемізді Тараз қаласындағы кірпіш зауытында ауыр жұмысқа салған екен. Екі жылдан соң ақталып шығады. Кірпіш зауытта еңбек етіп жүргенде әкеміз анамыз Үрзиямен танысып, шаңырақ көтереді. Осылай екінші арманына қол жеткізеді. Сөйтіп, оқуын жалғастырып, мұғалім мамандығын иеленіп шығады. Жоғары оқу орнының жолдамасымен алғашқы еңбек жолын Ақшолақ стансасының бастауыш мектебіне мұғалім болудан бастайды. Өз ісінің білгірі, білікті маман төрт жылдан соң, 1952 жылы, Қайыңды жеті жылдық мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалады. 1956 жылы аталған мектептің директоры атанады. Басшылық қызметке келген соң ол ең әуелі тозығы жеткен мектеп ғимаратының жаңадан салынуына ұйытқы болады. Бұл 1964 жыл болатын. Сол кездегі еліміздің басшысы Д.А.Қонаевқа хат жазады. Дінмұхамед Ахметұлы өтінішін қанағаттандырып, жаңа мектептің бой түзеуіне қаржы бөлгізеді. Сол құрылыстың күндіз-түні басынан табылып, әкеміз мектеп ғимаратының жылдам бітуіне мұрындық болады. Сөйтіп, 1966 жылы жаңа ғимаратта 10 жылдық орта мектеп ашылады. Әкеміз Дәулет Наурызбайұлы өзінің қажырлы еңбегімен, балаларды оқытып тәрбиелегені үшін Қазақстанның халық ағарту қызметінің үздік педагогі белгісімен наградталған. Соғыс кезінде де «Отан үшін» басқа да бірнеше орден, медальдармен марапатталған. Барлығымыздың асқар тауымыз болған әкеміз 1983 жылы 9 желтоқсанда 63 жасында өмірден озды. Сөйтіп ол кісінің пайғамбар жасына келсем деген үшінші арманы орындалған еді. Біз әкемізден бір ұл, екі қызбыз. Олардан қазір 6 немере, 14 шөбере тарады. Анамыз Үрзия Қожахметқызы – қазір 89 жаста. Соғыс жылдарында анамыз Үрзия да тылда, еңбек майданында тер төккен. Сол еңбегі еленіп, 2015 жылы медальмен марапатталды. Әкеміз өмірден озғанша «Енді жер бетінде мұндай соғыс, қантөгіс болмасын» деп дұға қылып отыратын. Біз бүгін Ұлы Жеңісті жақындатқан барлық жауынгерлердің ерлік істеріне басымызды иіп, қазіргі ортамызда жүрген соғыс ардагерлерін ұлы мерекемен құттықтаймыз. Әкеміздің рухына тағзым етеміз!

Жұбайы – Үрзия, балалары – Сайлаукүл, Жұмағали, Жұмакүл және күйеу баласы Өмен. Немерелері – Жандос, Абзал, Шолпан, Алмаз, Жомарт, Бота, Раушан, Нұрдос.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар