Соғыс өрті

Соғыс өрті
ашық дереккөз
Соғыс өрті

Әкеміз Қонысбай Назарбекұлы 1921 жылы қазіргі Жамбыл ауданы, Ақбұлым елді мекенінде дүниеге келген. Әкем туралы оның оқушылары: «Ұзын бойлы, ақсұр, сымбатты, сұлу кісі болатын. Зиялылығы жүзінде тұратын» дейді. Уайым-қайғысыз заман өміріне енді енгенде, 1941 жылдың 17 маусымында әскерге алынады. Бұл Сталиннің елді соғысқа дайындап жанталасқан уақыты еді. Әкеміз Жамбыл қаласынан Белоруссияның Могилев қаласына пойызбен аттанады. Соғыс басталғанын әскерге алынғандар жолда естиді. 1941 жылдың шілде айынан Батыс майданындағы 12-ші атқыштар полкі, 9 қазаннан «Воздушное наблюдение оповещение связи» 5-ші полкінде қатардағы жауынгер болады. Ұлы Отан соғысының тарихынан білгеніміздей, әкем майданға кірген кезінде, Батыс майдан қолбасшысы Павловтың әскері Москваға ұмтылған немістің «Центр» армиясынан күйрей жеңілгендіктен, майдан шебі белгіленбеген, «Западный фронт» құрылып үлгерілмей жатқан кез екен. Сол кезеңде дайындығы жоқ әскердің жау тегеурініне қарсы тұру мүмкіндігі болмағандықтан, әскердің шығыны да сұмдық көп болған. Оған дәлел, әкем болған 12 және 5-ші атқыштар полктерінің аз уақытта үлкен шығынға ұшырап, таратылып жіберілуі. Талас аудандық әскери комиссариатына жазған хатында көрсетілгендей, әкеміз Могилев қаласының жанындағы Сухари елді мекенінің жанында және Вязма қаласын қорғау кезіндегі жанталасқан қанды шайқастарға қатысып ауыр жараланады. Сол кезде Вязма қоршауында (3 армия) 600 мыңнан астам совет әскері қолға түсіп, кейбір деректер бойынша 1,2 миллион адам шейіт болған екен. Қоршаудан әскердің 80 мыңға жуығы ғана қалың орман арқылы қашып құтылған екен. Әкем де орыс орманын паналап, Гжатск маңында қоршаудан сытылып шығады. Қоршап алып, жойып жіберу тактикасын ұстанған жаудың қоршауынан шыққан кезіндегі әкемнің, фашист офицерін мылтық дүмімен ұрып жығып, жаралы Николай Тырпалов деген орыс жолдасын құтқарып, медсанбатқа жеткізуі, соғыстың алғашқы кезінде-ақ, шыдамдылығы мен төзімділігінің арқасында ысылған, өжет солдат болғандығын байқаймыз. Осылай әкеміз Смоленскіден стратегиялық мәні зор үлкен тас жолмен тіке Москваға қарай Вязьма, Гжатск қалалары арқылы ең қысқа жолмен ұмтылған немісті тоқтатуға қатысады. Полктердің үлкен шығынынан кейін бірінен соң бірінің таратылуы, полк архивтерінің жойылып кетуі, командирлердің салғырттығы не кенет қаза болуы секілді көптеген себептердің салдарынан әкеміздің осы шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін ұсынылған наградаларының түгелі, жараланғаны жөнінде деректері сақталынбаған екен. Медсанбаттан шыққан соң, еңбекқорлығын, білімділігі мен біліктілігін және басқа да тамаша қасиеттерін дәл таныған офицерлер әкемді қатардағы жаяу әскерден, байланыс жүйесіне ауыстырады. Содан әкеміз 1941 жылдың қараша айынан 1943 жылдың тамыз айына дейін осы майданның әуе күзетінің старшина шеніндегі рация басшысы, 1945 жылдың қазан айынан 1946 жылдың тамыз айына дейін Баку әскери округының 99 полкінің 17 арнайы корпусының бөлім командирі болды. Осындай аласапыранда, аз уақыт ішінде әкеміз Кавказ майданының байланыс жүйесінде өзіндік қолтаңба қалдырады. Байланыс бөлімшесінде телефонист болып жүріп, үлкен радио-локациялық жүйені меңгерген. Соғыстан «Москваны қорғағаны үшін», «Кавказды қорғағаны үшін», «Кенисбергты алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» секілді көкірегі медальдарға толған старшина шеніндегі жоғары деңгейлі радист болып оралған. Әкемнің қойын дәптерінде: «Мен соғыстағы 4-5 жылымды босқа өткізген жоқпын, бос уақытымды білім мен мәдениетке арнадым» деп жазылған екен. Соғыстың адам баласына әкелген қасіретін айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ, соғыстың ғылыми дамуға жол ашатыны белгілі. Әкеміздің сол прогресстің жаңа технологиясын көруі, пайдалануы оның санасына, табиғи болмысына үлкен өзгерістер енгізгені ақиқат. Өлең жазатын да әдеті болған. Соғыс зардабы мен қиындығын да өлеңдеріне арқау етіп отырған. «Мен көрдім, ашаршылық, соғыс өртін» деп басталатын өлең жолын оқып отырып, оның бастан кешкен қиындығы мен өмірлік ұстанымын көремін. Әкем өзін тәрбиелеген Коммунистік партияға адал болды. Партия қайда жұмсаса сонда барып, соғыстан кейін білімсіз қалған балаларды оқытып, тәрбиелеу үшін, өзінің білімі мен бар күш-жігер, қайратын жұмсады. Осы жылдардағы еңбегі еленіп, 1966 жылы білім саласына қосқан сүбелі еңбегі үшін: «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен наградталған екен. Әкемнің өткен өмір жылдарын сараласақ, 1946 жылдан 1950 жылға дейін Ақтөбе бастауыш мектебінде, 1950 жылдан 1952 жылға дейін Ленин мектебінде, 1952 жылдан 1954 жылға дейін Қаратаудағы Карл-Маркс мектебінде, 1954 жылдан өмірінің соңына дейін Ақкөл орта мектебінде қызмет етіпті. Ақкөл орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектептің бастауыш партия ұйымының хатшысы болған екен. Иә, бұл даталардың артында елге деген адал еңбек, артындағы ұрпағы ұялмай мақтаныш етер өмір жатыр. «Әкелерің майданда қан төккенде біздер де жеңістің келуіне өз үлесімізді қостық. Түннің бір уағына дейін жүн түттік, апамыз ұршық иіреді, біз жылы қолғап пен шұлық тоқыдық. Бізде балалық, жастық болмады» деген еді бір сөзінде анамыз, «Алтын алқа» иегері 87 жастағы Қалипа Ділдабекова. Сұм соғыстың елге салған ылаңы ешқашан ұмытылмақ емес. Бірақ, өскелең ұрпақ әкелеріміз бен аналарымыздың, аталарымыз бен әжелеріміздің жарқын болашақ үшін төккен қаны мен жасаған ерліктеріне лайықты болуы керек.

Жахангер НАЗАРБЕКОВ, майдангердің ұлы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар