Шу ауданындағы Мойынқұм ауылының тумасы Қалмаханбет Данияровтың балалық шағы мен өмірінің жасөспірім кезеңі халқының басынан өткен ашаршылық, қуғын-сүргін зобалаңы сияқты зұлмат жылдармен тұспа-тұс келген болатын. Балаң жігіт фашистер Кеңес одағының батыс шекарасына басып кіргеннен кейін, арада бес жарым ай уақыт өткенде, атап айтқанда, 1941 жылдың 8 желтоқсаны күні Қызыл Армияның қатарына шақырылады. Содан 1942 жылдың ақпан айына дейін КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің 1941 жылғы 13 қарашадағы № ГОКО-894 сс қаулысы негізінде Жамбыл облысында құрылған 105-ші ұлттық атты әскер дивизиясының сапында, қазіргі Ресей Федерациясының Иванова облысындағы Горький қаласының маңында әскери дайындықтан өтеді. Мұнда оның орта мектептің тоғызыншы сыныбын үздік тәмамдағанын, сондай-ақ, арифметикалық теңдеулерді шешудегі зеректігін ескеріп, жас жауынгерді Жоғары Бас қолбасшы И. Сталиннің бұйрығы бойынша 1942 жылғы қаңтар айының 1-і күні құрылған Ставканың резервіндегі 4-ші гвардиялық Кубань атты әскер корпусы құрамындағы 152-ші гвардиялық танкіге қарсы жойғыш полктің 122 миллиметрлік гаубица дивизионына жібереді.
Ұлы Отан соғысы тарихына атауы алтын әріппен жазылған даңқты атты әскер корпусының танкіге қарсы жойғыш полкі гаубица дивизионы барлау бөлімшесінің барлаушысы, гвардия аға сержанты Қалмаханбет Данияров та Сталинград маңайында жауды талқандауға, Қырымды, Одессаны және Қара теңіз жағалауындағы өзге қалаларды, сол сияқты, Праганы, Венгрияны, Польшаны, Германияның бірқатар қалаларын азат етуге қатысады.
Атауының өзі-ақ әйгілеп тұрғандай, 152-ші гвардиялық танкіге қарсы жойғыш полкі бел шешіп шайқасқа кірісіп, жаудың анталап келе жатқан танкілеріне қасқайып қарсы тұрғанда, өмір мен өлім арпалысынан аман қалар-қалмасы беймәлім жауынгерлер тек бір Аллаға ғана сиынып, тілек тілейтін. Әйтсе де Қызыл Армия қатарында болған үш жыл тоғыз айға жуық уақыттың 1248 күні мен түнін осындай қауіп-қатердің ортасында өткізгенімен, Қалмаханның жадында Оңтүстік майданның негізінде атауы өзгертіліп, қайта топтастырылған 4-ші Украина майданының сапында кей жерлерінде ені үш километрге дейін баратын Днепр өзенінің төменгі сағасынан өту үшін болған ұрыстарға қатысқаны айрықша із қалдырыпты. Олай болатын да жөні бар. Өйткені, Ұлы Отан соғысының барысында ерекше рөл атқарған Мелитополь әскери операциясын ойдағыдай аяқтап, немістерді айтарлықтай шығынға ұшыратқан армия генералы Ф. И. Толбухин басқаратын 4-ші Украина майданының құрамалары 1943 жылдың қараша айында Никопольск-Криворожск бағытындағы теңдесі жоқ табиғи бекініс болып табылатын Днепрден өтіп, фашистер шеп құрып бекінген Никопольск плацдармын талқандауға бұйрық алады. Соған сәйкес, бұлардың жойғыш артиллериялық полкі де шабуылға шыққан әскери бөлімдердің бірінші легінің құрамында Уровенка деп аталатын шағын қалашықтың тұсында түнделетіп өзеннен өтуге тиіс болған. Ал ауыр салмақты 122 миллиметрлік гаубицалар мен оқ-дәрілерді қарша бораған жау оғының өтінде тросты керіп жасаған көпір арқылы өзеннің арғы бетіне өткізу оңай міндет емес-ті. ...Ұрыс қимылдары № 152-ші гвардиялық танкіге қарсы жойғыш полктің 76 мм екі зеңбірек және 122 мм гаубица дивизионы үшін аса қолайсыз жағдайда жүріп жатты. Артиллеристер жаудың ауыр салмақты «Тигр» деп аталатын танктері мен өздігінен жүретін «Пантера» зеңбіректері қаптап келіп қалғандықтан жер қазып бекінуге де мүмкіндіктері болмай, қаруларын тікелей көздеп ату үшін өзен жағасындағы дөңестеу жерлерге орнатқан. Қарсы жақ та қалыптасқан жағдайды ұтымды пайдаланып, өздері үшін ашық нысанаға айналған атыс қаруларын жойып жіберуге барын салған. Әлгінде ғана көз жетер жерге дейінгі аумағы жасыл желекпен көмкерілген кең алап та қою шаңға көмілген. Екі жақтың да шығыны көп болды. Алғашқы шабуылының барысында толып жатқан солдатының мәйіті мен снаряд тиіп қираған ондаған техникасын ұрыс алаңында қалдырып, кері шегінген жау қайта шабуылға шыққанда Қалмағанбеттің қаруластарының қатары да сиреп қалған-ды. Атыс құралдарының біразы талқаны шығып, төңкеріліп жатты. Аман қалған расчеттердің кейбірінде нысана көздеушісі саптан шығып қалған болса, енді бірінде снаряд тасып, қаруды оқтайтын жауынгерлердің жетіспейтіндігі көзге ұрып тұрды. Содан артиллеристер қалжыңдап «Жортуылшы жолбарыстар» деп атап кеткен дивизионның барлау қызметінің бастығы, аға лейтенант Петр Алексеев бастаған Нұрданай Қамбетов, Бейсенбі Алатаев, Ізтілеу Садыров және Қалмаханбет Данияров сияқты барлаушылар да расчет құрамы түгелдей қаза тапқан гаубицаны ыңғайлап, танктерді көздеп атуға кіріскен. Міне, осы Днепр өзенінен өту кезіндегі ерлігі үшін аға сержант Қалмаханбет Данияров корпус командирі генерал-лейтенант И. А. Плиевтің өз қолынан Қызыл Жұлдыз орденін алу құрметіне ие болады. Ал Қырымды азат ету кезінде Севастополь қаласының маңында барлау бөлімшесінің құрамында «тіл» әкелуге жау тылына өтіп, неміс әскерлері тобы штабында лауазымды қызмет атқаратын штурмбанфюрер шеніндегі офицерді дерегі мол құнды құжаттарымен қолға түсіріп, өз бөліміне жеткізгені үшін «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне тағыпты. Сондай-ақ, 1-ші Беларусь майданының құрамында гитлершілдерге жойқын соққы берілген Берлин бағытындағы сұрапыл ұрыстарда көрсеткен ерлігіне байланысты полк командирі, гвардия майоры, Кеңес Одағының Батыры Е. А. Костылевтің ұсынысымен екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады. Қарт майдангердің соғыс жайлы естеліктерін өз аузынан естіген ұрпақтарының айтуынша, ол кісі соғыс жылдарында басынан кешкен екі оқиғаны ерекше ықыласпен еске алады екен. Бірі — 1943 жылдың желтоқсан айында Волков селосының түбінде болған кескілескен ұрыста жараланған бөлімшелес досы Бейсенбі Алатаевты өзгелер өлдіге санаса да бой бермей іздеп барып, жау қолына қалдырмай палаткаға салып сүйретіп аман-есен полкке жеткізгені. Екіншісі — Фашистік Германияны тұқыртып, тізе бүктіруде айтарлықтай рөлі бар Венгрияның Махор елді мекенінің маңында болған ұрыста, жорық жолы табыстырған полктас жан досы, көршілес танкке қарсы қолданылатын 76 мм зеңбірек дивизионының нысана көздеушісі, Семей облысының Шұбартау ауданы Баршатас ауылының тумасы Мұқатай Әбеуіловтың зеңбірегінен тура көздеп атып фашистердің 6 танкі, 4 бронетранспортерін, ондаған солдаты мен офицерін жойғандығы, сол үшін қаза тапқан соң оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі. Соғысты фашизм сияқты қауіпті, кеселді құбылыстың ошағы болған Берлин қаласынан небәрі 18 километр қашықтықтағы Одер өзенінің жағасында аяқтаған Қ. Данияров тек 1945 жылдың 5 қыркүйегінде ғана әскер қатарынан босатылған. Туып-өскен жері — Шу өңіріне оралған соң әуелі Шу аудандық салық басқармасында аға инспектор болып қызмет атқарған ол, кейін ұзақ жылдар бойы «Ақтөбе» кеңшарында бригадир, комендант болып жұмыс істеп, 1982 жылы зейнет демалысына шығады. Зайыбы Зейнеп екеуі Ерғали, Жұмағали есімді ұлдары мен Ғалия, Ләйла, Гүлмира, Шәрбану, Гүлдана, Гүлбану атты қыздарын тәрбиелеп өсіріп, өмірден өз орындарын табуына септеседі. Перзенттерінен ондаған немере-шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешкен қария, 87 жасында өмірден озғанынша ұлағатты естелік-әңгімелерімен жас тәуелсіз еліміздің ұландарына патриоттық тәрбие беру ісіне де атсалысқан.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді