Еліміздегі аграрлы аймақтардың бірі саналатын облысымыз үшін су мәселесі өте маңызды. Өйткені, аймақтағы суармалы егістіктің көлемі аз емес. Соңғы жылдардағы қуаңшылық суармалы кезеңнің нағыз қызған шағында шаруаларды әбден әбігерге салып келеді. Оның үстіне, суару жүйелерінің техникалық ысыраптарының көптігі де жығылғанға жұдырық болуда. Сондықтан Республика Президентінің 2014 жылғы 4 сәуірдегі №786 Жарлығымен бекітілген Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында «Қазсушар» РМК тарапынан еліміз бойынша қазіргі таңда жалпы көлемі 617,0 мың гектардан аса, оның ішінде облыс бойынша 76,563 мың гектар пайдаланылмай жатқан суармалы жерді қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Одан бөлек, 2014 жылдың 22 қыркүйегінде облыс әкімі К.Көкірекбаевтың төрағалық етуімен Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің және су шаруашылығы ұйымдары басшыларының қатысуымен өткен кеңестің №44 хаттамасына сәйкес, су шаруашылығы нысандарын коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беру жөнінде іс-шаралар жоспары орындалуда. Коммуналдық меншіктегі каналдарды республикалық меншікке өткізу уақыт талабы болып отыр. Себебі, коммуналдық шаруашылықтағы каналдар көп жылдар бойы жөндеу көрмей, нәтижесінде су шаруашылық нысандары тозып, өз қызметтерін атқара алмауда. Ал оларды жөндеуге кететін қаражат облыстық бюджеттен ғана қарастырылғандықтан, ол жұмыс жыл сайын кейінге ысырылып келеді. Еліміздің оңтүстік өңірі негізінен ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысқандықтан, халықтың негізгі күн көрісі – мал бағу мен егін егу. Егер еккен дақылына дер кезінде су бармаса, шаруаның жыл бойы жасаған еңбегі зая кететіні анық. Әр жерден бір тесіліп, бұзылып, істен шыққан каналмен су қайдан жүрсін. Сондықтан, мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлу үшін коммуналдық меншіктегі каналдарды республикалық меншікке өткізуге каналдарды күтіп-ұстауға қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Нақты айтар болсақ, Жамбыл ауданы бойынша 15 942 гектар суармалы жер су шаруашылық нысандарының тозығы жетуінің салдарынан ылғалдандырылмауда. Коммуналдықтан республикалық меншікке облыста 178 каналды өткізу көзделіп отыр. Бүгінгі таңға олардың Жамбыл ауданы бойынша 20-сына мемлекеттік жер актілері мен төлқұжаттары әзірленді. Қалған каналдардың актілері мен төлқұжаттарының әзірлену мерзімі 2015-2016 жылдарға белгіленген. Жамбыл ауданы бойынша қанатқақты жобаға 2015 жылы 3,7 миллиард теңге қаражат бөлу көзделіп отыр. Коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өткізілетін каналдардың барлығына мемлекеттік акт пен техникалық құжаттары жасалып, әділет басқармасынан тіркеуден өтуде. Аталған каналдарды республикалық меншікке алу үшін ендігі кезекте облыс әкімінің қабылдау туралы қаулысы ғана қалды. Коммуналдық меншіктегі каналдарды республикалық меншікке өткізудің тағы бір жағымды жағы: бір аймақтағы су шаруашылық нысандары бір меншік иелігіне беріліп, нақты республикалық меншікте болатындығы. Бұған дейін, бір аймақта бірнеше су шаруашылық мекемелер болған және коммуналдық меншіктегі қызмет көрсету бағасы республикалық меншіктегі каналдардың қызмет көрсету ақысынан әлдеқайда жоғары болатын. Міне, осы жоба арқылы еліміздің су шаруашылығы саласындағы көп жылдан бері қордаланып қалған түйткілді мәселелер шетінен өз шешімін табады деген үміт көп. Әсіресе, оңтүстіктегі біздің аймақ үшін су жүйесі нысандарының жөнделуі ауадай қажет. Өйткені біздің аймаққа 80 пайызға жуық суармалы су көрші қырғыз елінен келетін болғандықтан, кей кездері олар да судан қысып бізді әбігерге салып отырады. Сондықтан, алдағы жылдары қиын жағдайларды еңсеру үшін өзіміздің су шаруашылығы саласын дамыту керек. Ең бастысы, бұл бағыттағы жұмыстарда қозғалыс барлығы көңіл тоғайтады.
Қоңырбай ШАТАНОВ, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді