«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Майдангер

Майдангер
ашық дереккөз
Майдангер

Тарих деген тағылым ғой. Ықыласпен зейін қояр болсақ, өнегесі өміршең істерді алға тартады. Әкем Орынбасар Еспенбетұлының өмір жолы да осылай өнегелі өрілген екен. Ол кісінің де жастығы от ортасында шырқады, күллі адамзат баласының басына қайғы-қасірет бұлтын үйіре келген сұрапыл соғыста елі үшін аянбай шайқасқа түсті. Жеті жасында ата-анасынан айырылған өндір жас әкесінің інісі Сегізбайдың қолында тәрбиеленіп, артынан ерген інісі Ізтай мен қарындасы Жұмашқа қамқор болып, өмір талқысын көріп өседі. Балалық бал дәуренін де қызықтай алмай, ауылдың қара жұмысына араласып, ерте есейеді.

1941 жылы күз мезгілінде небәрі 19 жасында өзі сұранып майданға аттанып, жалаулы күнін соғыс жалыны шарпыды. Ең алғаш Украина майданындағы әскер құрамында жан алысып, жан беріскен қанды қырғындарды басынан өткерген. Кейін сапер ретінде әскери құраманың жүрер жолын ашып, залалсыздандыру ісімен айналысып жүргенінде, кездейсоқ мина жарылып, ауыр жарақат алады. Осымен байланысты бірер ай Мәскеу госпиталінде жатып емделуіне де тура келген. Жарақаты жазылысымен қолына қаруын нық ұстап жарақты жаумен қайта айқасқа шығады. «Қарша бораған оқ пен оттың ортасынан қалай аман-сау шыққаныма кейде өзім де таңғаламын. «Жалғыздың жары – Құдай» демекші, бәлкім, Жаратушы иеміз елге оралып, ұрпақ жайсын деп тіктеп келген ажалдан қаққан болар. Еуропаның біраз жерін табанымызбен басып, елін жаудан азат еттік қой» деп отырушы еді, жарықтық. Әкем соғыстан кейін бейбіт еңбекке де белсене атсалысып, өндірістен қол үзбей жүріп, Мәскеу қаласына барып оқып, энергетика саласының қыр-сырын жетік меңгеріп шығады. Одан әрі білімі мен біліктілігін, күш-жігерін облысымызда, ауданда осы саланы дамыту ісіне жұмсады. 1957 жылдан бастап «Гипсовая» электр қуатын тарату стансасында зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін ұзақ жылдар бойы қысы-жазы бірдей апшыны қуырған аптап ыстық пен қақаған суыққа қарамастан аянбай тер төкті. Соғыстан кейінгі жылдары Қаратау, Жаңатас өндірісті аймағын электр қуатымен қамтамасыз етіп тұратын «110 кв л-114» деп аталатын 110 шақырымдық жалғыз электр желісінің ұзына бойын бақылап, қарап шығу аса жеңілге түспегені анық. Әрине, қиын. Осы салада шыдамдылығы мен төзімділігінің, екбекқорлығының арқасында құрметке бөленді әкем. Электр қуатынсыз қалған кәсіпорындарда апатты жағдайлар орын алатынын, шахталарда су сораптарының істен шығуы немесе газдардың жиналып қалуы үлкен жарылыстарға апарып соқтыратынын, ауруханалардағы ауыр халдегі науқастардың жай-күйі, байланыс жүйелеріндегі дағдарыс, қысқасы, мыңдаған адамдардың өмірі өзіне сеніп тапсырылғанын айрықша жауапкершілікпен сезінетін еңбексүйгіш, ауыл-аймаққа да қадірі бар, ақкөңіл, әңгімешіл азамат еді. «Ұлын – ұяға, қызын – қияға» қондырып кетті. Әкем мен анам – 12 бала тәрбиелеп өсірген өнегелі жандар. Анамыз бүгінде ақыл-кеңесін айтып, бағдар беріп арамызда жүр. Соған тәубе дейміз. Әкеміз Орынбасар Еспенбетұлы соғыстағы және бейбіт өмірдегі еңбектері ескерусіз қалмай, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30, 40, 50, Қарулы Күштердің 70 жылдығы мерекелік медальдарымен, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Бар саналы ғұмырын ауылдық жерде энергетика саласын дамыту ісіне жұмсап, жас ұрпақ үшін үлгі бола білген азаматтың екі бірдей ұлы мен Д. Аралбаев, В. Захаров, Б. Тоғанбаев секілді көптеген шәкірттері бұл күндері электр жүйесін тарату кәсіпорындарында жемісті еңбек етуде. «ЖЭС» жабық акционерлік қоғамының ұжымы әкеміздің есімін ұлықтап, мәңгілік есте қалдыру мақсатында мекеме басшылығының шешіміне сәйкес «110/35/10 кв» электр жүйесін тарату стансасын «Орынбасар» есімімен атау жөнінде ұйғарым жасасты. «Елдің даңқын ер, ердің даңқын ел шығарады» деген, сірә, осы болар.

Гауһар ЕСПЕНБЕТОВА.

Жамбыл ауылы, Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар