Шоқтығы биік Шорабек

Шоқтығы биік Шорабек
ашық дереккөз
Шоқтығы биік Шорабек

Айтыстың басқа өнер түрлерінен ерекшелігі – оның күрделі, санқырлы (синкретті) сипатында. Айтыс – ауыз әдебиетіне де, жазба әдебиетке де, музыкалық өнерге де, драмалық шығармаға да жатпайтын, бірақ осы өнер түрлерінің барлығының белгілері бар аралық жанр. Оның күрделілігі сыртқы болмысына ғана қатысты емес, ішкі мазмұнына да тән. Айтыс – ешқашан ескірмейтін ғұмырлы, заман ағымына қарай ыңғайланып, өзгеріп отыратын, тыңдаушының талғамы мен көрерменнің көңіл қалауын тап басып танитын жұғымды, тарихи сананы оятып, салт-дәстүрді тірілтетін тұғырлы өнер түрі. Әр орманның өз бұлбұлы болатыны секілді әр саланың өз білгірі, әр даланың өз дүлдүлі болады. Бүгінгі әңгімеге арқау болатын тұлға қазіргі айтыскер ақындардың ішіндегі «ақсақалы», адамның мінін, қоғамның дертін шоқ тілімен күйдіріп емдейтін шоқтығы биік – Шорабек Айдаров.

Балғынбек Имаш, филология ғылымдарының кандидаты.

Семей қаласында 1993 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында тұңғыш рет мектеп оқушыларының республикалық айтысы өтті. Әр облыстан бір ұл, бір қыз баладан шәкірттерін алып Абай еліне атақты айтыскер ақын аға-апаларымыз жетті. Торғайдан Толқын мен Мамай деген оқушысын алып Әлфия Орманшина, Талдықорғаннан Мархаба мен Балғынбекті жетелеп Айтақын Бұлғақов, Тараздан Айнұры мен Есетін ертіп Серік Қалиев келген екен. Жергілікті айтыскерлер арасынан Қалқаман Сарин мен Дәулеткерей Кәпұлы сияқты жас жүйріктер суырылып шығып Абай елінің намысын қорғамақ екен. Өскемен, Павлодар, Шымкент, Алматыдан келген жас айтыскерлер де осал емес. Сол жолы Шорабектің мақамымен шығып, жарқырап өнер көрсеткен Есет Досалиев деген ақынға сүйсінбеген жан қалмады. Көрермендер мен қазылар түгілі жас айтыскерлер де түгелдей Есеттің дарын мен қарымын мойындап еді. Жақын танысып сұрастыра келе Есет Шөкеңнің туған ауылы Жамбыл облысы Талас ауданы Ойық ауылынан екенін білдім. Шөкеңнің шәкірті ұстазының мақамын ғана емес, әзіл-қалжыңын, айтысу тәсілдерін, сөз құрау стилін түгел меңгеріпті. Бұл жігіт – Шөкең қанаттандырып, өнер жолына салған шәкірттерінің алғашқысы еді. Өкінішке қарай, бабы келіп тұрған сол кезде тұрмыс тауқыметімен айтыстан алшақтап қалғанымен, Есет кейінірек облыс көлемінде талай мәрте биік деңгейлерде өнер көрсетті. Ол кезде айтыс өнерінде Шорабектер негізін салған әзіл-қалжыңы мол, юморлық бағыттағы тұтас бір мектеп қалыптасатынын ешкім болжамаған болатын. Қазыналы Қаратаудың қойнауы мен шежірелі Шу мен Талас аңғары еш уақытта таланттарға кенде болған емес. Әсіресе, ұлтымыздың төлқұжаты болып саналатын халқымыздың төл өнері айтыс өкілдерінің арасында Жамбыл облысынан шыққан өнерпаздардың орны ерекше. Арғы дәуірлер мен кеңестік кезеңді былай қойғанда тәуелсіздік қарсаңындағы уақыттан бері тараздық өнер тарландары үнемі қазақ айтысының алдыңғы сапынан табылып, айтыскерлердің ішіндегі үздіктері саналып келеді. Әні мен сазы ел жұртты еліктірген әнші-термеші, ақын-жыршы Аяз Бетбаевтардан бастап, айтқыштығы алашқа аян Айтмұхаммед Исақов, әдемі әзілі мен әуезді әуені естен кетпес Әзімбек Жанқұлиев, мазмұны терең, мағынасы мәнді өлеңдері мен тәтті теңеулері тіл үйірген Мұхамеджан Тазабеков, бояуы қанық, сезімі сырлы Серік Қалиев, еркелігі ел жүрегін елжіреткен томпақ сары Алтынгүл Қасымбекова, айтыстың ақ байрағын биікте желбіретіп келе жатқан Айнұр Тұрсынбаева, болмысы бөлек, дарыны дара Ахметжан Өзбеков – барлығы осы өлкенің тумалары. Бұлардың әрқайсысы «сен тұр, мен атайын» дегендей бүкіл ел мойындап, жоғары бағалаған айтыскерлер. Ал Шорабек Айдаров болса – осы шоқ жұлдыздар шоғырындағы жарығы мен жалыны өзгеше, қабілеті мен қарымы қуатты, айтыс тарихына зор жаңалықпен келген тұғырлы тұлға. Шөкеңнің айтысын ең алғаш теледидардан бала күнімде көрдім. Торғайдың топ жарған жүйрігі, ел еркесі Қонысбай Әбіл айтысты Шорабектің мақамымен бастап сахнада сазды «төңкеріс» жасады десек болады. Дүние астаң-кестең боп жатқан, Горбачевтің бағы тая бастаған 1990 жылдардың тамыз айы болатын. Қонысбай ақын Мәскеудегі мемлекеттік төңкеріс жасамақ болып масқарасы шыққан сол кездегі саяси бюро мүшелерін мысал ете отырып, мақтамен бауыздағандай қылды. Бірде Шөкеңе «Бетіме неге тура қарамайсың, Бүлдірген бір нәрсені Янаевтай», – десе, бірде: Шаштарың кетіпті ғой шуда құсап, Жаяды екі жақсы дуда құшақ. Жеңілсең жазым болып жүрмегейсің, Өзіне қол жұмсаған Пуго құсап, – деп елді күлкіге қарық қылады. Сөйтіп, атағы жер жарған халық ақынының өзі өлеңдерін Шорабектің стилінде айтып, сексеуілді сексеуілмен ұрып сындырғандай әдіс жасамақ болады. Ал Шөкең болса халық ақыны Қонысбай Әбілдің сырт пошымын: Армысың, ел тағдырын ұққан құрдас, Айтыста талайларды жыққан құрдас. Аузынан аппақ маржан жыр төгіліп, Қарыны қара өлеңнен шыққан құрдас, – деп бейнелеу арқылы бір қағытып алып, оның айтыстағы отырысы, бет-әлпетін: Арандай аузыңды ашып, айқай салып, Айға да ауызыңды көп білеп ең. Атағың жетіп жатыр бұл күндері, Ақынсың үкіңменен көк тіреген, – деп сипаттап алады да, оның бұрынғы партия қызметкері бола тұра Мәскеудегі саяси бюро мүшелерін мазақтағанына таңғалып: Қонысбай абыройың арта тұрад, Алғандай желпінесің жарты оклад. Қонысбай қалай-қалай сайрап тұрсың, Сен бұрын ақын едің партократ, – деп түйреп өтеді. Сосын Шорабектің әуенін тастап, қайта өзінің мақамына ауысқан халық ақынына: Әзілге бұл Қонысбай жарытпады, Шөкеңнің әзіл еді зарыққаны. Өзіңдей партократты семіртем деп, Халқым да өзім ұқсап арықтады, – деп түлкідей түрленген Қонысбайдың сілікпесін шығарады. Сол айтыстан кейін Шорабек Айдаровтың атағы лезде елге жайылып, дүркіреп кетті. Шөкеңнің айтыста айтқан шумақтары ел аузында жүреді. Әр ақынға арнаған әзілі тек елді күлдіру үшін айтылмайды, оның әзіл өлеңдерінде қарапайым халық байқай бермейтін қарсылас ақынның сатиралық портреті жасалады. Халық ақыны Әселхан Қалыбекованың сырт пошымы етжеңді, тау қопарардай алып тұлға. Түсі игіден түңілме дегендей аяулы апамыздың жүзі жайдары, ақ жарқын адам болғанымен әжуаға жүйрік, әзіл-қалжыңға ұшқыр екенін айтыссүйер көрермен жақсы біледі. Шөкең Әсекеңнің түр-тұлғасын тұспалдап: Бал-қымыз жырларыңнан дәм татайын, Ауызын арғыта бер сары местің, – десе, оның тілі ащы екенін: Қайта-қайта өзіңе қарай берем, Жүзіңнен бір жылулық іздегендей. Бірақ та сөздеріңді естігенде, Боламын екі пәшкі тұз жегендей, – деп әдемі суреттейді. Шөкеңнің әзілдері өте шынайы. Заманауи терминдерді қосып сөйлегенде ол айтыстың тілін шұбарлайды десек қатты қателесеміз. Қайта ол тілі шұбар қоғамның өзіне тән сөз саптауы арқылы заман кемшілігін бадырайтып көрсетеді. Ол айтыс сайын жеңіл әзіл ғана айтпайды, қоғамдағы түйткілді мәселелердің бәрін әзілдің жөргегіне орап, жаңаша пішінде, өзіндік стилінде айтады. «Шынболат, Есенқұлдар бәрін айтып, Проблема жетпей қалды-ау біз байқұсқа» деп жұртты ду күлдіреді. Ол үшін проблема айтпай қалудың өзі – проблема, айтыста көтеретін проблема жетпей қалуының өзі – әзіл. Оң жақта ұзақтау отырып қалған қазақтың аяулы ақын қызы, белгілі сазгер Елена Әбдіқалықоваға: Десең де өз теңімді тауып сүйем, Өзіңнің бақытыңа танып сүйен. Өтіп кетер ме екенсің Еленажан, Өзіңе өткізсеңші аукцион, – деп әзілдейді Шөкең. Көп ақынның өлең шумағын бастап келе жатқанынан-ақ түйіні қандай болатынын біліп отырасың. Ал Шөкеңнің не деп түйін қоятынын, ойды қалай аяқтайтынын ешкім білмейді. Тіпті тұспалдап көргеннің өзінде оның әзілдері біз болжағаннан басқа бағытта көрініс береді. Отыр ғой ел мекенін біраз қимай, Жүрекке менде отырмын жүк аз жимай, – деп қайдағы бір қиын ұйқаспен бір шумақ бастап келе жатады, енді не болар екен деп отырғанда: Жаңатас жау шаппай-ақ жамсап жатыр, Ресей бомбалаған Грозныйдай, – деп түйін қояды. Мұндай тапқырлыққа тәнті бола отырып, жүрегің қан жылайды. Ресейдің ойыншығы болып талай қиындықты кешірген шешендердің ауыр тағдыры да, орыстың емес, өз қолымызбен қиратып алған қаншама қалаларымыздың қасіретті қалпы да көз алдымызға келеді. Бұл – әзіл емес, ащы сатира, қуаныштың күлкісі емес, ызадан күлу, есіңді жиғызатын есті ескерту. Ащы сарказм, ойлы юмор, сәтті теңеулер мен тәтті, тұшымды тіркестерді Шөкеңнің әр айтысынан көптеп келтіруге болады. Қазақтың жеріне көз алартқан шовинист орыс жазушысы туралы «Құнанбайдың билігін маған берсе, Соттар ем Солженицын сволышты» десе, бір кезде жаппай жүргізілген орынсыз қысқартулар туралы «Шолжитты штаттарын мекемелер, Жігіттей жүрген қысқа шортикпенен» деп әжуалайды. Шөкең айтысқа кеш келсе де, елдің көңілін ерте баураған, аз уақытта-ақ өнерде өз қолтаңбасын қалдырып, артына тұтас бір мектеп қалыптастыра алған санаулы ақынның бірі. Таластың аңғарынан шығып, Алаштың талғамынан табылған атағы дардай ақынның атын шығарған қауғадай сақалы да емес, оқалы бөзден тіккен шапаны да емес, аталы сөзбен, сапалы әзілмен суарылған мақамы. Домбырада олақ ойнайды десек те, Шорабек шолақ ойлайды деп айта алмаймыз. Оның әр шумағы шымыр, әр әзілі әдемі, орынды. Оның ойына келген юмор анау-мынау сатириктердің түсіне де кірмейді. Әр нәрседен комизм таба білетін аса байқампаз, табиғатынан қырағы. Адамның қиялы жете бермейтін қиядағыны, ұяда көргеніндей кестелеп, қиыннан қиыстыра, шеберлікпен жымдастыра отырып, ел-жұрттың езуін жиғызбай айтысатын ақын сахнаға әр шыққан сайын көрермендеріне ерекше ләззат сыйлап келеді. Оның дауыс ырғағы, домбыра қағысы, сахнадағы отырысы, жүріс-тұрысы, киім киісі, тіпті, түр-әлпетінің өзі адамның жүзіне күлкі үйіреді. Жүргізуші оның есімін атағаннан-ақ есінеп отырған көрермен есін жиып, қызық көруге, риясыз күлуге бейсаналы түрде дайындала бастайды. Бірақ, тағы да қадап айтамыз: Шөкеңнің әзілі мағынасыз бос күлкі емес, астарлы, айтары мол, тұспалы терең әзіл. Бір мақалада Шөкеңнің ақындық портретін, айтысу мәнерін, өзіндік стилін, әкелген жаңалығын, көркемдей кестелі тілін, қалыптастырған мектебін түгел саралап шығу мүмкін емес. Ең бастысы, Шорабек айтысқа жаңа шыққан сол 90-шы жылдардың өзінде атақты халық ақыны аузын айға білеген Қонысбайдың өзі «Халқым-ау, рұқсат ет Шорабекпен, Айтысып көрейінші Шорабекше» деп ақынның стилін, айтыстағы даралығын танып мойындауының өзі Шорабек ақынға сол кезде берілген жоғары баға болатын. Қазіргі айтыс өркендеді, дамыды деген заманның өзінде жас ақындардың басым көпшілігі өз бағытын, жеке өзіне тән мақамын, өз жолын таба алмай жүрген кезде, баяғы әрқайсы бір-бір төбе болған аға буын өкілдерінің даралығына еріксіз бас шұлғисың. Айтыстағы жиі пайдаланып жүрген 5-6 мақамның ішінде әлі де ескірмей, елдің көңілінен шығып, құлақ құрышын қандырып жүрген Шөкеңнің атақты мақамы екені даусыз. Әр айтыста Серікзаттың, Балғынбектің, Жансаяның аузынан шыққан Шорабек Айдаровтың әуені айтыс аспанында әлі де әуелеп тұр. Әйтпесе, кешегі Қатимолданың, Абаштың, Құдайберлінің, Әселханның, Әсияның, Баянғалидың, Жандарбектің, Жадыраның, Қонысбай мен Серіктің мақам-саздарын халық әлі күнге сағынады емес пе? Қайсыбір думанды жобада белгілі әнші Жанар Айжанованың да Шорабектің әуенімен айтысуы – бұл мақамның қазақ айтысындағы орнының ерекше екенін көрсетсе керек. Әйтпесе, жүздеген халықтық мақам-саздарды меңгерген Жанар Айжанова қыз балаға жарасатын басқа әуенді таппай қалып па? Айтыс ақыны болу, елдің алдына шығып көпшілік күткен сөзді айту, елге рухани-эстетикалық ләззат сыйлау, қайғылыны жұбату, бақытсызды қуанту, ойсызды ойландыру, мұңсызды толғандыру, тыңдаушыны тәрбиелеу, елдің жоғын жоқтау, халықтың қалауын жоғарыға жеткізу, биліктің мұратын елге жайып, ұғындыру, түсіне білгенге – ауыр жүк, үлкен жауапкершілік, түйсіне білгенге – екінің біріне бұйыра бермейтін зор бақыт. Ал өнер жолында өзіндік қолтаңбаңды тастап, айтыстың тарихына өшпейтін із қалдыру – жүздің біріне жазылатын мәртебе. Айта берсек, артыңда қалған сол ізді сүрлеуге, сүрлеуіңді даңғылға айналдыратын мектеп қалыптастыру – мыңның біріне нәсіп болатын абырой. Қуаныштысы, бүгінде ел ағасы атанған асқарлы биігіне Шорабек ақын Шәкәрімше кеудесін жапқан ақ сақалымен ғана емес, мерейлі мәртебемен, аласармас абыроймен жетіп отыр. Біз бұл мақалада Шөкеңді биылғы жылы мерейтойы болғаны үшін ғана мақтауды мақсат тұтпадық. Айтыстағы азды-көп еңбегін елеп, алғысымызды білдірмек ниет еді. Алла ол кісіні біз ойлағаннан да жақсы етсін. Алдағы уақытта кемеліне келген қариямыз өлеңге ғана емес, аталы сөзге сусап отырған ағайынға екі дүниеде пайдалы болатын қазыналы мұрасын молынан қалдырсын деген тілектеміз.

Ұқсас жаңалықтар