«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ШЕБЕРКҮЛ ШӘКІРТТЕРІМЕН МАҚТАНАДЫ

ШЕБЕРКҮЛ ШӘКІРТТЕРІМЕН МАҚТАНАДЫ
ашық дереккөз
ШЕБЕРКҮЛ ШӘКІРТТЕРІМЕН МАҚТАНАДЫ

ОЛ БЕЛГІЛІ ӘНШІ МЕЙРАМБЕК БЕСБАЕВТЫ ДА ТӘРБИЕЛЕГЕН

Біз көбінесе қасымызда жүрген адамдарды бағалап жатпаймыз. Ішкі жан дүниесіне үңіле бермейтініміз былай тұрсын, ақжарқын сəлемдесудің өзі бола бермейтін кездер көп екенін мойындамасқа шара жоқ. Өйткені, уақыт тығыз, күнделікті күйкі тірліктің күйбеңі бітпейді… Əрине, қолыңнан келсе, жасампаз бол, еңбек ет, білім мен біліктілігіңді арттыр, қоғам, Отан үшін, өзің үшін тер төк, ғұмыр сүр, өмірді сүй. Сонда ғана айналаңа нұр таратасың. Өмірдің мəні кіреді. Кім-кімнің болсын, өткен жолы мен өмір тарихы бар. Ұлағатты ұстаз атанып жүрген Шеберкүл Сəттерованың өмір жолы өнегеге толы. Олай дейтініміз – елуден асып, ел анасы атанып отырған Шеберкүл апай бір шаңырақтың отанасы, ұйытқысы, жүрегі, ең бастысы, өз ісінің білікті маманы. 1957 жылы Талас ауданы, Сəду Шəкіров ауылында дүниеге келіп, Амангелді атындағы сегіз жылдық мектептен тəлім алған бала Шеберкүлдің арманы асқақ, қиялы ұшқыр еді. Содан шығар, мектепті аяқтаған соң, ол өзі көздеген əл-Фараби атындағы педагогикалық-мəдениет институтының оркестр-дирижер мамандығына оқуға түседі. Жасынан өнерге жақын болып өскен ол қобыз сыныбы бойынша білім алады. Осында жүріп көптеген өнердегі аға-əпкелерімен танысып, үлкен өмірдің қыр-сырына қаныға бастайды. Бойындағы дарынын сəт санап жетілдіріп, көпті көкейіне түйе біледі. Қашаннан талғампаз, ізденімпаз Шеберкүл апай білімпаз, зерек білімгер атанып, өз ортасының беткеұстарына айналады. Музыкаға деген шексіз ынтызарлығы да оның мерейін асырмаса, төмендетпейді. Сондай қабілеттілігінің арқасында оқу ордасын үлгілі бағаға аяқтайды. Оқуда жүріп-ақ, жас таланттардан құралған «Достық» ансамблімен Польшаға барып, өнерін танытып үлгереді. Институттың жолдамасымен бірден сол кездегі Целиноград өңіріне жұмысқа аттанады. Ондағы Теңіз аудандық Мəдениет үйінде көркемдік жетекші болып қызметке кіріседі. Кейіннен облыстың мəртебесіне айналған «Целинник» ансамблінің қобызшысы болып жүріп, жеке орындауда домбырамен де əн айта беретін. Шеберкүл Сəттерованың айтуынша ол кезде қазір Елордадағы əйгілі «Конгресс-Холл» сарайы «Дворец Целинник» деп аталған екен. Шеберкүл апай осы ансамбльдің құрамында жүріп, Венгрияға барады. Кейіннен «Туған елге туыңды тік» деген ниетпен 1981 жылы өзі туып-өскен қасиетті Жамбыл өлкесіне біржола бет бұрады. Тараздағы Мұғалімдер үйінде көркемдік жетекші болып жүріп те көптеген игі істерде өз өнегесін көрсетуге тырысып бақса, кейіннен Дина Нүрпейісова атындағы балалар музыка мектебіне домбыра-қобыз пəнінен ұстаз болып ауысады. Ұлағатты ұстаз бола жүріп, көптеген дарынды өрендердің талантын ұштап, жаға білген Шеберкүл апайдың шəкірттері бұл күндері үлкен сахнаны бағындырған, көптің көңілінен шығып жүрген өнерпаздар, ел еркесіне айналған таланттар десек қателеспейміз. Солардың бірі де бірегейі – Мейрамбек Беспаев. Күллі қазақтың сүйікті əншісіне айналған Мейрамбектің он жасынан алғашқы музыкалық сауатын ашқан ұстаздарының бірі осы Шеберкүл апай екенін көпшілік біле бермейді. Осында домбыра-қобыз сыныбында оқып жүрген бала Мейрамбектің өнерін белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев ұнатып, ілестіріп кеткен екен. Шеберкүл апайдың басқа шəкірттері қазір музыка саласында ұстаздарының есімін елеусіз қалдырып жүрген жоқ. Айталық, бүгінде өңірімізге белгілі əнші Мадина Сағынбекова, Жанар Устемировалар да ұстаздарының тəлімін əлі күнге ұмытқан емес. Ал қашаннан кейінгіге білгенін үйретуден талмайтын Шеберкүл апай ұстаздық етуден жалыққан емес. Кейінірек облыстық арнайы мектепке қосымша білім беруші мұғалім болып ауысып, мұндаға дейін абыройлы қызмет етіп келді. Жуырда ғана зейнет жасына жетіп, ендігі мақсаты көп жылғы бейнетінің зейнетін көру болып отырған Шеберкүл апайдың өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Басты арманы – жалғыз ұлы Рауанның шаңырақ көтергенін көріп, немере-шөбере сүю болып отырған анаға Құдай қосқан қосағы, жолдасы Мұхтар Рахманқұлов ағамен бірге елге сыйлы ақ жаулықты əже, ақ сақалды қария болыңыздар деп тілейміз.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар