Тарихшылар табысы

Тарихшылар табысы
ашық дереккөз
Тарихшылар табысы

Тараз мемлекеттің педа­гогикалық институ­тының тарихшылары жуырда ғана үлкен табысқа қол жеткізді. «Еңбегі жанды» деген – осы. Педагог еңбегі шәкірт жетістігімен бағаланатынын ескерсек, оқытушылар үшін институт студенттерінің «Тарих» мамандығы бойынша өткен VII республикалық пәндік олимпиадада жеңімпаз атанғаны талай жылғы еңбек­терінің жемісі екені даусыз.

Биылғы білім бәйгесі Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған екен. Қазақ хандығының іргесі қаланған өңір жастарының осы додада топ жаруының өзі көп нәрсені аңғартқандай. Жалпы, білімділер бәсекесінде жамбылдықтар несімен озық болды? Жеңіске қалай қол жеткізді?

«Бұл – жыл сайын өткізілетін бәсеке. Биылғы ерекшелігі еліміздегі тарихи-саяси оқиғаларды арқау еткендігінде болып отыр. Бірінші кезеңде әрбір топқа «Қазақ хандығының 550 жылдығы – ұлттық тарихтың тағдыршешті кезеңі» тақырыбында қазақ хандарының тұлғалық бейнесін ашып көрсететін ғылыми жобаларды қорғау тапсырылды. Біз Әбілхайыр хан туралы зерттеу жүргізгенбіз. Топ мүшелері Тоғжан Лаубай, Асылбек Хожа-Ахметов, Бағлан Тойжігіт, Дастан Исмағұлов тақырып бойынша көп ізденді. Соның арқасында ғылыми жобаны сәтті қорғады. Болашақ тарихшылар тестілеу кезінде де үздік шықты. Осыдан кейін-ақ, олар жинаған ұпайлары бойынша өзгелерден қара үзіп кеткен болатын. «Этномәдени танымдылық: Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» тақырыбындағы тапсырманы да ойдағыдай орындап шықты. Түрік ұлты өкілдерінің салт-дәстүрі мен өнерін паш етті», – дейді жамбылдық олимпиада жеңімпаздарының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жұматай Исахметұлы. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен студенттер олимпиадасында «Тараз тарландары» жиырма топтың ішінде озық шықты. Жалпы, білім додасына қатысуға бастапқыда республиканың әр аймағынан 27 ұсыныс түскен екен. Бірақ, олимпиадаға қатысқаны – 20 топ. ТарМПИ жастары өздерінің тобын «Тараз тарландары» деп атапты. Студенттерге табыс әкелген Әбілхайыр хан туралы жүргізген зерттеу жұмыстарының ғылыми жетекшілері – Жұматай Исахметұлы және тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бақытжан Жүрсінбаев.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар