Темір жолда тер төккен...

Темір жолда  тер  төккен...
ашық дереккөз
Темір жолда тер төккен...
Күркіреп күндей өткен соғыстың зардабы ауыр болды ғой. Майданда қантөгіс ұрыстар жүріп жатса, еңбек майданында одан бір кем емес ауыр бейнеттер атқарылды. Аштық пен жалаңаштық, шахталарда күндіз-түні жұмыс істеу, темір жол салу сияқты ауыр жұмыстар тыл майдангерлерінің үлесіне тиді. Бүгін аға буын біледі, жас балалардан кемпір-шалдарға дейін аянбай еңбек етті, азапты өмір кешті. «Бәрі де майдан үшін» деген ұранның астында астықты, киім-кешекті майданға жөнелтті. Осынау ауыр жұмысты атқарып, тер төккен ердің бірі менің әкем Құрман Өмірбаев еді. Әкем 1896 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданы, Құмарық (бұрынғы «Карл Маркс» колхозы) елді мекенінде дүниеге келеді. Атамыз ұзын бойлы, кең иықты, сымбатты, ірі денелі балуан кісі еді. Қарулы адам қара жұмысты опырып істейді екен. Жас шағынан темір жолда еңбек етіпті. Қазақ даласын дүр сілкіндіріп, жаңалықтың жаршысы болып келген атақты Түркісіб темір жолының ең алғашқы еңбекқорларының бірі еді. Адам айтса сенгісіз осы ғаламат құрылысты қолмен жүргізген ғой. Күннің атысы мен батысы бір тынбай еңбек еткен сол адамдар неткен жанкешті еді. Қазақтың алғашқы жұмысшы табы осылай қалыптасқан ғой. Ұлы Отан соғысы басталғанда 49 жастағы байырғы теміржолшыны, темір жол басшылығы броньмен майданға жібермей, алып қалыпты. Есесіне осы саладағы ауыр жұмыс әкем сынды жасы егде жұмысшылардың иығына түссе керек. Соғыстың уақтысында темір жолда тәртіп өте қатаң болған. Әскери тәртіптегі темір жол саласына осындай кісілер керек екен. Ол кісінің мамандығы темір жолды жөндеу, қадағалау екен. Ал бұл жұмыс ауа райының ыстық-суығына, тәулік мезгіліне қарамайтын болған. Өйткені шығыстан батысқа, батыстан шығысқа күндіз-түні қатынаған пойыздарда кідіріс болмайтын. Әкем қарулы, шпал-рельстерді бір өзі көтере беретін, шыдамды болған деседі. Оны күні кешеге дейін арамызда болған замандастары жыр ғып айтып отыратын. Сол еңбегін ескеріп, Үкімет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттапты. Әкем тірі кезінде «Маған алдымен Ленин орденін беретін болыпты. Ал орденді тапсырған кезде Еңбек Қызыл Ту ордені болып шықты. Орден үшін еңбек еткен жоқпыз ғой, маған бәрібір еді» деуші еді. Адал еңбек адамдарының сөзі ғой бұл. Темір жолда тер төккен әкеміз 1956 жылы 60 жасында зейнеткерлікке шықты. Бар өмірін осы салада өткізген ол кісі дербес зейнеткер атанды. Оған қоса темір жол ұйымынан өмірлік жыл сайын «отыны, суы, көмірі үшін» жәрдемақы алатын. Әкем аса құрметті теміржолшылардың бірі болғанының куәсі еді бұл. Кейін зейнетке шыққан соң да тыным таппай бау-бақша баптап, мал өсіретін. Жүйрік жылқыны баптап мінетін. Жиын-тойларда баптаған жүйрігі бәйгеден келіп олжа салған. Ер-тұрман жасап, ауылдастарының алғысына бөленетін. Осылайша жастық шағы ауыр бейнетпен өткен әкеміз бейбіт заманда бақытты қариялық ғұмыр кешіп, 1986 жылы өсіп-өнген ұрпағының ортасында алаңсыз өмірден озды. 9 перзент көрді. Қазір соның 4-еуі бармыз. Қара шаңырақтың иесі ініміз Болат Құрманов «Казфосфатта» белгілі маман, Тараз қаласында тұрып жатыр. Әкемнің немерелері, шөберелері өсіп-өніп жатыр. Осыған тәубе десеміз. Ата-бабамыз өскен жер Құмарық ауылындағы әкеміз тұрған көшені ертеден «Құрман ата» көшесі деп атап кеткен. Сырттан келген кісілерге ауылдастары Құрман ата көшесі деп жөн сілтейді екен. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да 70 жыл толмақ. Осынау дүбірлі мереке кезінде соғыста қан кешіп, тылда тер төккен арыстарды тағы бір еске алармыз. Көзі тірісінде-ақ атымен атап кеткен көшені әкемнің атымен атаса, құба-құп болар еді. Өйткені ол кісі бүгінгі бақытты ұрпақтың келешегі үшін жан-тәнін аямай еңбек еткен аяулы ердің бірі еді.

Жаңыл Құрманова. еңбек ардагері.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар