Соғысқа Меркіден аттанған

Соғысқа  Меркіден аттанған
ашық дереккөз
Соғысқа Меркіден аттанған
Николай Федоров Батыр атағына ие болды Соғыс. Суық сөз. Тым үрейлі естіледі. Осынау бір ауыз сөздің өзі көңіліңді мұздатып, жүрегіңді сыздатып жібереді. Адамзатқа зор қайғы, қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы жетпіс жыл өтсе де, жұртшылық сол бір жылдардың тигізген зардабын ұмытар емес. Заман өзгерді. Соғыста от пен оққа оранып, қираған қалалар қалпына келтірілді. Күннен-күнге көркейіп, жаңару үстінде. Бірақ, жүректе қалған сыз, санада сақталған сүреңсіз сурет сол қалпында. Ұмыт болып, көмескі тартқаны ше? Ескірген естеліктер жоқ-ау, сірә. Ал дерегі табылмай, ерлігі дәріптелмей жатқан ерлер қаншама. Майданға Меркіден аттанған Николай Федоровты солардың қатарына жатқызуға бола ма, жоқ па, білмейміз. Білетініміз ол – Кеңес Одағының Батыры атағын алған жамбылдық жиырма азаматтың бірі. 1912 жылы Псков облысында туылған. Қай жерде көз жұмғаны белгісіз. Жасаған ерліктері туралы да дерек жоқ. Тізе берсек, беймәлім нәрсе көп-ақ. Тек, бір анығы – соғысқа Меркі әскери комиссариатынан шақырылғаны. Жамбылдық батыр туралы деректер іздестіргенімізбен, талпынысымыз нәтижесіз болды. «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» дегендей, жалғыз дәйек Қазақстанның Құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулеттің газетімізде жарияланған «Кеңес Одағының Батырлары. Олардың қатарында 20 жамбылдық бар» деген мақала ғана. Автор осы жазбасында батыр атағын алған жиырманың ішінде меркілік Николай Федоровтың да есімін атаған. Бірақ, 1968 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Герои Советского Союза-казахстанцы» деген кітапта ол жайлы ешқандай мәлімет жазылмаған. Ал облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкерлері оның Кеңес Одағының Батыры болғанын айғақтайтын құжат сақталған дейді. Мұрағатта Николай Федорович Федоровтың соғысқа дейін Меркі совхозында еңбек еткендігі жөнінде өндірістік мінездеме және суреті сақталыпты. Совхозда еңбек еткен кезеңі оның отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударған жылдан басталады. Небәрі бір-ақ жыл. Себебі, 1941 жылы қайтадан Қызыл әскер қатарына шақыртылып, майданға аттанады. Бір жылдың ішінде Николай Федоров «Қызылша» совхозында да, ауылдық клубта да еңбек етіпті. Клуб меңгерушісі, комсомол ұйымының хатшысы да болыпты. Әкесі Федор қарауыл болып жұмыс істесе, анасы Анисия шаруашылыққа қолғабыс еткен. Соғыс жылдарында қарындасы Надежда да совхоздың бірінші бөлімшесінде звено жетекшісі болыпты. Ал інісі Василий 1942 жылы Свердловск облысына еңбек армиясының қатарына шақыртылған екен. Деректерге сүйенсек, Николай Федоров екі соғысты көріпті. Алғашқысына Қызыл әскер қатарына шақыртылған 1935 жылы аттанған. 1940 жылға дейін Фин соғысына қатысып, екі рет жараланады. Бірақ, соғыстан кейін туған жеріне емес, отбасын іздеп, Меркіге келеді. Өйткені, Николай әскерге алынғанда оның отбасы Жамбыл жеріне, Меркі ауданына көшірілген болатын. Мұрағаттың 1110-қорының 1-тізімінің 18-шісінің 1-бумасында Николайдың әкесі Федордың жазған естеліктері, 1944 жылы 21 сәуірде КСРО Қорғаныс министрлігінің офицер құрамы жөніндегі берген анықтамасы бар. Анықтамаларда оның Кеңес Одағының Батыры екендігі көрсетілген. Әйтсе де, қандай ерлігі үшін осындай атаққа ұсынылғаны жазылмаған. Ал әкесінің жазбаларында Николай Ұлы Отан соғысында бес рет жараланып, «Алтын жұлдыз» медалі және Ленин орденімен наградталғаны, соғысты аға лейтенант дәрежесінде аяқтағаны көрсетілген. Федордың айтуынша, Николай соғыс аяқталғаннан кейін Харьков қаласында Сталин даңғылының бойындағы №84 үйде тұрыпты. Кеңес Одағы Батырының бұдан былайғы өмірі жайлы да деректер сақталмаған. Интернет сайттарында да толыққанды мәлімет жоқ. Бір ғана Николай Федоровтың 1941 жылдың 10 қазанында әскер қатарына шақырылғаны, 1946 жылы украин ұлтшылдарының қолынан қаза тапқаны жазылған. Ұлтшылдардың қолына қалай тап болған? Ол жағы беймәлім. От пен оқтың ортасынан аман шығып, бейбіт күнде көз жұмған батырдың тағдыры жұмбақ күйінде қалып отыр.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар