ҚОС МАЙДАННЫҢ ҚАҺАРМАНЫ

ҚОС  МАЙДАННЫҢ  ҚАҺАРМАНЫ
ашық дереккөз
ҚОС МАЙДАННЫҢ ҚАҺАРМАНЫ

9Кейде өмірдің кейбір өтпелі кезеңдеріне налып, бар ауыртпашылық пен қиындық қара басымызға төніп тұрғандай күй кешеміз. Заманның қиын екендігін айтып, мұң шағуға дайын тұрамыз. Тіпті ауа райы мезгілсіз жылып, мезгілсіз суып кетсе де өкпе-назымыз бітпейді. Автобиографиямызға «Жастайынан қиыншылық көріп өсті, осы күнге ауыр еңбегімен жетті. Қиыншылық көріп жүріп балалықпен ерте қоштасты» деген сыңайдағы жазбалар түссе өзімізді жақсырақ сезіне түсетіндейміз. Ал шын мәнінде біз «қиыншылық көрдік» дейтіндей таңның атысы, күннің батысы тылда еңбек еттік пе? Бір бөлке нан да қат болып, дүкен алдында талонмен тұрдық па? Жоқ әлде, қан майданға аттанып, Отанымыз үшін жаумен арпалыстық па?... Жоқ әрине.

Жастық шағымен ерте қоштасты, қиыншылық көрді, еңбек етті деп айтуға лайық жандардың бірі болса, олар – Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек етіп, майданда жаумен айқасқан ардагерлеріміз дер едім.

1900 жылы Украина жерінде дүниеге келген Владимир Вишневецкий жастық шағымен тіпті сол бір сұрапыл жылдар басталмай тұрып-ақ қош айтысқан болатын. Мектеп бітірісімен Харьков облысында Кеңес өкіметін орнатуға араласып, Азамат соғысына қатысты. Өмір үшін күрестің қиындығын көзімен көріп, кермек дәмін татты. Шыңдалған жауынгер 1941 жылдың 17 қыркүйегінде Жуалы ауданының Казанка (қазіргі Кәріқорған) селолық советінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде әскерге тағы да шақырылады. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ Владимир Михайлович өзінің тәжірибелі жауынгер екенін көрсете білді. Өзі мекен еткен дархан пейіл, ақкеуіл қазақ жерінен келген, қару ұстап көрмеген қарадомалақтарға қамқоршы болып, олардың орыс тілін түсінуіне көмектесті. Сұм соғыстың дәмін ерте татқан майдангер қарамағындағы бөлімше сарбаздарына бұқпантайламай шайқасқанда, ақыл мен ептілікті қатар алып жүргенде ғана отбасы, ошақ қасына орала алатындықтарын саналарына сіңіріп, майдан даласында өмір сүруге тәрбиелей білді. Әрбір әрібі қанмен жазылған соғыс тарихын парақтасақ, Владимир Вишневецкий Сталинградты қорғауда және фашистердің 22 дивизиясын қоршауға алуда ерен ерліктің үлгісін көрсеткен чернигорлық деп аталатын 16 атты әскер дивизиясының құрамында шайқасқанын білуге болады. 1942 жылдың 20 қарашасында Сталинградтың оңтүстігіндегі Абганерово станциясы үшін күресте жау тылына өтіп, фашистердің қосымша күшіне тосқауыл жасап, 37 миллиметрлік зеңбірегімен жаудың бірнеше техникасын қиратады. Осы ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен наградталғанын сол кезде мерзімді басылымдар жарыса жазыпты. Чернигов қаласын азат етуде Владимир бастаған артиллеристер жаудың үш бірдей танкісін өртеп жібереді. 1943 жылдың 28 қыркүйегінде Чернигор атты әскер дивизиясының 60-атты әскер полкінің жауынгерлеріне Днепрдің оң жағалауына өту тапсырылады. Ал Днепр үшін шайқас Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ең сұрапыл шайқастардың бірі болған. Үлкен өзеннің бойындағы көпір мен өткелдердің барлығын қиратқан немістер кеңес әскерлерінің жеңісті жолын кесу үшін бар күштерін салып бақты. Қарсы жақтан да өзеннен өтуге мол адам күші жұмылдырылды. Днепрден өткен соң Владимирдің артиллеристері жаудың оқ жаудырған әрбір атыс нүктесін жоюға күш салады. Осы жолда да гвардия аға сержанты Владимир Михайлович тапқырлық танытып, 29 қыркүйекте Галка хуторы үшін болған шайқаста ашық алаңқайда фашистердің атыс нүктелерін қиратады. Бұл жолы жау үлкен шығынға ұшырайды. Зеңбірекшілер жаудың 3 пулемет нүктесі мен 20 солдаттың көзін құртады. Ең бастысы, фашистердің қарсы шабуылға шығуына кедергі келтіреді. Сөйтіп Днепрден шығынсыз өтуге жағдай жасайды. Осыған орай, 1944 жылдың 9 ақпанында СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Владимир Михайловичке Днепр үшін болған шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағы берілді. Батырдың марапаттау парақшасында В. М. Вишневецкий Днепрден өтуде ол басқарған артиллеристер жаудың 9 танкісін, 8 бронды машинасын, 25 автокөлігін және ондаған фашистерді жойды деп жазылыпты. Оның ерлігі туралы тек Қазақстанда ғана емес, Башқұрстанда да кеңінен жазылған екен. 112-Башқұрт ұлттық атты әскер дивизиясының құрамында болып, Совет Одағының Батыры атанған 78 майдангермен бірге оның да есімі алтын әріптермен Башқұрстан Республикасының ұлттық музейінде орнатылған мемориалдық тақтада жазылған. 1944 жылы бірнеше рет алған ауыр жарақаттарының салдарынан Владимир Михайлович елге оралады. Алғаш өзі соғысқа дейін селолық советтің төрағасы болған Кәріқорған ауылында тұрып, Жуалының қатал қысы кері әсер ететін болған соң, амалсыз Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аударады. Әйткенмен, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін Жуалыға келіп, Терістің суына шомылып, достарымен бірге талай рет бас қосқан деседі. 1981 жылдың желтоқсанында жастайынан оқ пен оттың ортасында, қос майданда шыңдалған жауынгердің жүрегі мәңгілікке тоқтап, бір уыс топырақ Оңтүстік Қазақстан облысынан бұйырады.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар