ЖАУ ШЕБІН ЖАЛҒЫЗ БҰЗҒАН

ЖАУ ШЕБІН ЖАЛҒЫЗ БҰЗҒАН
ашық дереккөз
ЖАУ ШЕБІН ЖАЛҒЫЗ БҰЗҒАН

 8«Біз екеуміз ғана қалдық. Мен және көздегіш Новиков. Гитлершілер жеңістерін тойлап, бізді талқандадық деп ойлады. Алайда, біз бір қадам да артқа шегінбей, олармен жан аямай шайқастық. Жаудың тұтқыны болғанымызша өлгеніміз артық деп серттестік».

Бұл талай рет Батыр атағын алған жерлесіміз Семен Архипович Ларионовтың жау қоршауында қалып, оларға жойқын соққы беруге жоспар құрып жатып өзінің өн бойындағы батылдығын тағы бір дәлелдегені. Бұл шайқаста ол Новиков екеуі жау әскерін кері қайтарып қана қоймай, 6 тұтқынмен өз әскерлеріне қайта қосылады. Жанкештілігі үшін Семен Ларионов ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады.

7Майдан даласындағы батырлықтың басты серті ерлікпен қаза табу болса, Семен Ларионов сол сертке адалдық танытты. Бір емес, үш рет жаудың шебін бұзып, оқ пен оттан аман қалған. Бәлкім, оның қолынан жүздеген фашистің қаза болуы Жаратушыдан болған бұйрық шығар... Татарстанның Черемшан ауылында 1915 жылдың 1 сәуірінде дүниеге келген ол 1934 жылы комсомолдық жолдамамен Қазақстанға қоныс аударады. Жамбыл облысының сол кездегі Свердлов ауданы, Новоивановка елді мекеніндегі машина-трактор стансасында трактористер курсын бітіріп, сонда еңбек етеді. Іскер азамат көп ұзамай-ақ трактор бригадасын басқарады. 1937-39 жылдары Кеңес әскерлерінің қатарында әскери борышын өтеген. Елге оралған соң Жамбыл теміржол техникумында білім алады. 1941 жылы Өзбек КСР Самарқанд қалалық әскери комиссариатымен әскер қатарына қайта шақыртылады. Сөйтіп, 1942 жылдың сәуір айынан жауға қарсы шайқасқа араласып кетеді. Фашистерге қарсы ең алғашқы тойтарысы Смоленск бағытында болып, ол онда танкіге қарсы зеңбірекпен жаудың 6 дзотын және 9 пулемет нүктесін жойған. Әрбір шайқастан соң шыңдала түскен аға сержант Семен Ларионов 1943 жылдың қазан айында Орталық фронттың 65-ші армиясына қарасты 69-шы атқыштар дивизиясының 237-ші атқыштар полкін басқарды. Ұлы Отан соғысы тарихындағы Днепр үшін болған үлкен шайқаста ерекше ерлігімен көзге түседі. 1943 жылдың 16 қазанында Семен Ларионов және 13 адамнан тұратын екі зеңбірек жасағы Гомель облысы, Соевск ауданы, Щитцы ауылынан зеңбіректерін екі қайыққа тиеп, түн жамылып Днепрді кесіп өтуге бел байлайды. Қардай бораған жау оғы мен айнала жарылып жатқан зеңбіректер, жан беріскен айқаста жауынгерлерінің жартысына жуығы жер жастанады. Соған қарамастан, Семен Ларионов бастаған жауынгерлер биіктікті бағындырады. Қарсы бетке аман жеткен ол Украин КСР-іне қарасты Черниговск облысы, Репкинск ауданы, Радуль поселкесіне өтеді. Сөйтіп, Днепрдің сол жағалауы үшін болған шайқаста да белсенділік танытады. Осындай батырлығы мен ерлігі үшін оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 30 қазандағы бұйрығымен «неміс басқыншыларына қарсы әскери бұйрықты мүлтіксіз орындағаны және ерлігі мен батырлығы» үшін ең жоғары атақ Кеңес Одағының Батыры атағын және Ленин ордені 1650 нөмірлі «Алтын Жұлдыз» медалі табыс етілді. Сонымен қатар, ІІ дәрежелі Отан соғысы және Александр Невский ордендеріне де лайықты деп табылған. 1944 жылы кіші лейтенанттар курсын тәмамдайды. Семен Ларионовтың соғыс даласындағы ерлік істері ауылындағы бірге еңбек еткен ұжымына жиі-жиі жетіп жатты. Жерлестерінің батырлығы жігерлендірген еңбек ұжымы да өздеріне бекітілген жоспарды артығымен орындап, батырға жеделхаттарын жолдап тұрды. МТС жұмысшылары мен колхозшылар арнайы митинг ұйымдастырып, онда көтеріңкі социалистік міндеттеме алады. Ондағы бір жұмыс бригадасына Ларионов атындағы бригада деген атақ беріледі. Ал Үшбұлақ совхозының жұмысшылары батырдың құрметіне Ларионов атындағы жүзімдік алқабын ұлғайтады. Жерлестері оның Қызылқұм колхозында тұратын отбасына азық-түлік жеткізіп беріп, қолұшын созады. Осылайша, жұрттың мол құрметі мен қошеметіне бөленген Семен Ларионов 1946 жылы аға лейтенант атағымен елге оралады. Алматы қаласында Жоғарғы партия мектебін тәмамдап, Меркі ауданында партия қатарында және құрылыс салаларында қызметте болған. Талай жаудың бетін қайтарып, Жеңіс күнін жақындатқан жауынгер 1984 жылдың 29 желтоқсанында өмірден өтті.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар