«Жау, әдетте, пулеметшілерді қатардан шығаруға тырысады...»

«Жау, әдетте, пулеметшілерді  қатардан  шығаруға тырысады...»
ашық дереккөз
«Жау, әдетте, пулеметшілерді қатардан шығаруға тырысады...»

17Редакциямызға бұл естелікті Ұлы Отан соғысының ардагері Сман Көшековтің қызы Зағиша Сман әкеліп тапсырды. Кезінде ұрыс даласында ерлік көрсетіп, бейбіт өмірде ұлағатты ұстаз болған, талай жылдар мектеп директоры, мектеп меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарған Сман Көшеков республикаға танымал көптеген азаматтардың ұстазы болды. Ғылым докторлары Өскенбай Аяповтың, Божбанбай Толысбаевтың, ғалым Көпшіл Әбдімәжитов, белгілі кино және театр жұлдызы Асанәлі Әшімов, жазушылар Берік Шаханов, Пернебай Дүйсенбин, әйгілі әнші Амангелді Сембин, даңқты ұшқыш, Социалистік Еңбек Ері Асылбек Жасымбеков – осы кісінің тағылымды тәрбиесін алған шәкірттері. Оның талантты ұлы Сайлаукен Қазақ мемлекеттік университетінің 2-курсында оқып жүргенде хирург-дәрігердің қате жасаған операциясы үстінде қаза болды. Ол оқушы кезінен атағы ауданға жайылған талантты суретші, журналист, ақындығымен көзге түскен. Қыздары Зағиша Сман туған ауылында 40 жылдай үлгілі ұстаз болды. Көп балалы ана, немере сүйіп отырған әже. Екінші қызы Роза Сман ұстаз, аудармашы, газет қызметкері болып абыройлы еңбек етті. Қазір зейнет демалысында. Ол да ұл, қыз өсіріп, әже атанып отыр. Айтулы майдангер 1975 жылы 28 қаңтар күні дүние салды.

« Сман Көшеков.

Мен 1911 жылы бұрынғы Ақмола уезі, 1-ауылда тудым. Жасымда ауыл молдасынан ескіше оқып, хат таныдым. Ал 1929 жылы жаңаша, яғни латынша 4-5 ай оқыдым. Бұдан соң жаңа өкіметтің түрлі жұмыстарына атсалысып, ауыл белсенділерінің бірі болдым. 1931 жылы ауылда ұйымдасқан серіктік артельдің хатшысы болып істедім. 1934-1936 жылдары Түркістандағы екіжылдық мұғалімдер курсына түсіп, бітірдім де, 1936-1938 жылдары Сарысу ауданындағы Қызылту бастауыш мектебінде оқытушы, ал 1939-1940 жылдары Карл Маркс атындағы бастауыш мектепте, 1940-1941 жылы Қызылту бастауыш мектебінде меңгеруші және 1941-1942 жылы В.И.Ленин атындағы орта мектепте директорлық қызметтерді атқардым. 1937 жылы Жамбыл қаласындағы педтехникумға сырттай түсіп, оны 1941 жылы бітірдім, осы жылы коммунистік партияның қатарына қабылдандым. 1942 жылы қазан айының 24-інде Отан қорғауға аттандым. Әуелде бізді Қырғыз ССР-ның астанасы – Фрунзедегі командирлерді дайындайтын әскери мектепке жіберді. 1943 жылғы ақпан айында Фрунзеден соғысқа аттанып, бір эшелон адам қызыл вагонмен батысқа қарай бет түзедік. Қызыл вагонда 3 аптадай жүріп, Воронеж қаласына келіп түстік. Қала жау бомбасынан өртенген, қираған, темір жолдары істен шығып, бұзылған екен. Мен серіктеріммен батысқа қарай, Курск жаққа темір жол істен шыққандықтан, бір апта жаяу жүріп, бұрын немістер басып алған селоға келдік. Бұл селода іске жарарлық еркек кіндіктілер жоқ екен. Осы жерде 2 жарым ай әскери жаттығудан өттік. Біз 27-дивизияда, 64-полкте бірінші автоматшылар ротасында ұрысқа дайындалдық. Бұл дивизияға сенімді ақтай білгені үшін гвардия атағы берілген-ді. Біздің әскерлер күніне 36 килограмм жүгімен 60-70 шақырым жол жүреді, окоп қазады. Маусым айында мені 1 айлық санитар-нұсқаушы оқуына жіберді. Біз 60-70 шақты адам, көбісі орыс қыздар, 2 қазақ Украинаға жақын жердегі бір селода, бұзылған үлкен ескі клубта оқыдық. Бізге Москвадан келген орыс әйелдер сабақ берді. Оны бітіріп, өз ротама келген соң, старшина болып тағайындалдым және автоматшыдан пулемётшілікке ауыстырылдым. Біз Курскі түбінде болатын соғысқа күш жинап, барынша дайындалдық. Немістер Курск пен Белгород түбіндегі соғысқа 240-тан 257-ге дейін дивизия жеткізді. Олар Кеңес әскерлерін қоршауға алмақшы болды. Жаңадан шыққан «Тигр» танкілерін, өздігінен жүретін «Фердинанд» атты зеңбіректерін қолданды. 1943 жылдың 17 маусымы еді. Қызыл Армия шабуылға шығып, қатты шайқас басталды. Біздің 27-гвардиялық дивизия сол күні қалың орманға келіп түнеді. Солдаттар үйлеріне хат жазып, үлкен ұрысқа кіріскелі отырғанын хабарлап жатты. Таң алдында барлық жауынгерлер зор дайындықпен буынып-түйініп, орманға қарай жылжыдық. Орманның батыс жағында өзен бар екен, оның ар жағында 5-6 шақырымдық жерге немістер бекініп алған. Қызыләскерлер таң ата 40-50 адам сыятын моторлы қайықпен тұс-тұстан шығып, өзеннен өтуге кірістік. Осы кезде немістердің самолеттері өзенге бомба тастап, тұс-тұстан шабуыл жасай бастады. Дәл біздің дивизия үстіне немістің 10 шақты бомбалаушы самолёті келіп қалды. Сөйткенше орман ішіндегі атқыштар бір самолётті атып түсірді. Біздің самолёттер жаудың самолётінің үстіңгі жағына шығып алып, бөліп-бөліп ата бастады. Біреуі батысқа қарай қаша жөнелді. 3 самолётті қаумалап, айдап әкетті. Өзен бойында осындай арпалысты әуе соғысы болып жатты. Айнала көкпеңбек көк түтінге оранды. Бұл өте қиын операцияның бірі еді. Арғы жағаға қалайда өтуді мақсат тұтқан жауынгерлер оқ пен оттың арасында жүріп, бар мүмкіндікті қолдан жібермеді. Жау жағы да қарап қалмады. Алайда, біздің тастүйін әскерлер барлық бөгетті бұзып-жарып өтіп, арғы жағаға өтті. Құмайт-құмайттың ара-арасымен еңбектеп келеміз. Немістер де оқты аямай жаудыруда. Жан-жағымызда жараланған, өлген солдаттар... Біздің артиллерия неміс бекіністерін дәлдеп атуда. Немістердің бір ротаға таяу солдаты бізге қарай қарсы шабуылға шықпақ болды. Бір взводтан 20-30 шамалы солдаты шығып, тура алдымыздағы құмайтқа келіп бекінуге әрекет етті. Екі ортаның қашықтығы 400 метрге жуық. Дұшпанды бері қарай бір қадам да бастырмауға команда берілді. Басқа автоматтар 200 метр жерден, менің қол пулемётім 500 метр жерден дәл тиеді. Сондықтан команда ротадағы бірден-бір пулемётші маған берілді. Мен пулемёттен дәлдеп тұрып оқ жаудырып, бірнеше дискіні босаттым. Жау қатары сиреп, бірнеше өлігін қалдырып, кейін шегінді. Командир маған алғыс айтты. Бұдан соң біздің рота жауынгерлері жауға жақын бекіністі алып, немістерге жақындай түсіп, күшті соққы беріп үлгердік. Соның арқасында оларды бұрынғы мықты бекінісінен-окоптан айдап шықтық. Сол күні жауды 25-30 шақырым жерге дейін қуып, кері шегіндірдік. Кеңес Армиясы осы кезде барлық жерде жауға күшті соққы берумен болды. Сол кезде біздің әскерлерден де бірнеше адам жаралы болды, қаза тапқандар да баршылық. 18 маусым күні таңертең жау бекінісіне рота бойынша шабуылға шықтық. Біз бір жерге бекініс жасап алдық та, бірнеше сағат бойы үздіксіз атыстық. Мен де көппен бірге қол пулемётімнен оқ боратумен болдым. Жау жағы, әдетте, пулемётшілерді аңдып, қалайда қатардан шығаруға тырысады. Келесі күні таң атар-атпастан кеңес әскерлерінің қаһарына шыдамаған немістер кейін қарай дүркірей қашты. Әбден ашынған біздің қызыләскерлер жауды өкшелей қуып келеді. Жауды қуып, ауыр пулемётті арқалап жүгіріп келе жатып, бір төбешіктен аса бергенімде... дәл тізеден кеп оқ тиді! Жерге құлап түстім, пулемётімді сүйретіп, ойпаң жерге қарай еңбектей түстім. Көз алдымда дүние шыр көбелек айналып жүре берді. Есімде қалғаны сол, сайдың ішімен жаралы аяғымды сүйретіп, жақын деген медсанбатқа жетіп құлаппын. Есімді госпитальда жинадым. Төсектен жерге түспек болып, ұмтыла бергенім сол, жерге құлап түсе жаздағаным! Сонда барып білдім, бір аяқтан біржола айырылғанымды. Аузыма түскені «Атаңа нәлет, қу герман-ай!» болды. Жанымда жатқан жаралылар: «Жаныңның қалғанын айт», – деп жұбатып жатты. Әбден қансыраған мені қан құйып, дала госпиталіне жеткізгенше арада көп уақыт өтсе керек, әйтпесе кеспей-ақ жазылатын түрі бар екен. Бұл жерден Красноярск госпиталіне жіберілдім. Одан 1944 жылғы наурыз айында елге, Жамбыл қаласына әкеліндім. Осындағы госпитальда жатып, жазылып шықтым да, Сарысу ауданы Жайылма ауылына қайттым. Елде анам Бәтен, жұбайым Зейнекүл, ұлдарым Сайлаукен мен Маман қалған-ды. Олар аяғымнан айырылсам да, тірі келгеніме қатты қуанды. Өкінішке орай, туған ағам Рысалды Сталинград майданынан қайтпады. Артында қалған жеңгем Шайым кейіннен әмеңгері ретінде өзінен көп жас кіші аталас інімізге қосылды. Ағамның артында қалған жалғыз қызы Сайлаукүл қарындасым тұңғыш балам Сайлаукеннен бір жас кіші болатын. Екеуі де сайлау кезінде туылғандықтан, осылай аталып еді... 1944-1948 жылдар аралығында бұрынғы Қызыл ту бастауыш мектебінде меңгеруші болып, ұстаздық қызметімді жалғастырдым. 1950-1953 жылдары Карл Маркс атындағы мектепте директор, 1953-1958 жылдары Қызыл ту мектебінде меңгеруші болып істедім. 1960-1970 жылға дейін жоғары сыныптарға тарихтан сабақ бердім. Сонымен қатар, қоғамдық қызметтерге белсене қатыстым. 1937 жылы колхозда үгітші, 1945 жылдан Ленин атындағы колхозда бастауыш партия ұйымының хатшысы, 1946 жылдан аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, 1947 жылдан ауылдық кеңестің депутаты, соттың алқабиі жұмыстарын атқардым. Отанымызды басқыншы жаудан қорғаудағы және бейбіт еңбектегі жас жеткіншектерге білім берудегі қосқан үлесім, жеткен жетістіктерім үшін үкіметіміз бен партиямыз бағалап, «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі» ордені, «Ерлігі үшін», «Фашистік Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдардағы табысты еңбегі үшін», «КСРО-ның Қарулы Күштеріне 30 жыл», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін». «Лениннің 100 жылдығы» медальдарымен марапатталдым. Қазақстанның 25 жылдығы құрметіне Мақтау грамотасымен, Қазақстан Компартиясына 50 жыл толуына байланысты Қазақ ССР Оқу министрі Аймановтың құттықтау хатын алдым».

* * * Ұлы Отан соғысының мүгедегі және ардагері, тарихшы-ұстаз Сман Көшековтің қолжазбасы осындай жорық жолдарынан және өмір өткелдерінен сыр шертеді. Майдангер-ұстаздың өз қолымен жазған жазбаларын оқырманға сол күйінде ұсынып отырмыз. Оның ауылдастары, тәрбиесін көрген шәкірттері үлкен ұстаздың еліне, Отанына адал да абыройлы сіңірген еңбегін, жауынгерлік ерліктерін лайықты түрде мақтан етеді. Үкімет оған қамқорлық жасап, 1972 жылы «Запорожец» автокөлігін сыйлады.

Дайындаған Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар