Айбарлы зеңбірекші

Айбарлы  зеңбірекші
ашық дереккөз
Айбарлы зеңбірекші

15Федор Кердань 20 жасында Кеңес Одағы Батыры атанған

«Мен соғысты жек көрем, Мен соғысты жек көрем. Көкем айтып отырса, Кім қасірет шекпеген, Кім көз жасын төкпеген...» деп келетін өлең жолдарын мектеп қабырғасында төменгі сынып оқып жүргенімізде оқулықтан жаттағанымыз әлі есімде. Сол кезде-ақ, осындай өлеңге арқау болған Ұлы Отан соғысының қайғы-қасіреті жайлы, орасан зор шығыны, ондағы жұдырықтай жүректерден шыққан жанқиярлық ерліктер хақында жиі толғанатынмын. Көкіректі әлдебір шер-шемен тілгілейтін. Кейінірек, сол соғыста жеңіс үшін жанын салған жерлес ардагерлермен кездесіп, майдан даласындағы қиян-кескі ұрыстар туралы өз құлағымызбен естіп, ерекше әсерде қалып, бірте-бірте сұм соғыстың зұлматты жылдарына қаныға бастадық. Мені сонда көбіне ұрпақ үшін, бастарын бәйгеге тіккен батыр аталардың ерен ерліктері қайран қалдыратын. Содан бері оларға деген құрметім сәт санап артып, олар жайлы деректерге аса назар аударып жүретін болдым. Әсіресе, жерлес ардагерлердің майдан даласындағы өмірі мен ерліктері қатты қызықтыра бастады.

Батыр Баукең туып, түлеп ұшқан Жуалы жері өзге де алыптарға кенде емес. Солардың бірі – Кеңес Одағының Батыры Федор Кердань десек, оның соғыстағы жылдары бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай өнегеге толы. Ол туралы қолымызға тиген мәліметтерге сүйенсек, он сегіз жасар комсомол мүшесі Федор Кердань Қызыл әскер қатарына 1943 жылдың наурыз айында облысымыздың Жуалы ауданының әскери комиссариатынан шақырылған екен. 1925 жылдың 1 қазанында дүниеге келген ол отбасымен бірге Жуалы ауданының Кантемировка (қазіргі Қошқарата) ауылында тұрған. 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атанған ол бауырлас Чехословакия жерін азат ету үшін болған Моравск-Остравск операциясында ерекше көзге түскен.

...1945 жылдың наурыз айында кеңес әскерлері Прагаға баратын жолда мықты қорғаныс шебін жасап алған гитлершілермен Чехияның Моравск-Острава қаласының маңында қиян-кескі соғыстарын жүргізіп жатты. 1945 жылғы сәуір айының басында Кеңес әскерлеріне көмекке келген басқа бөлімдердің құрамында Бас Қолбасшының қорынан Станиславск Қызыл Тулы 1672 танкілерді жойғыш артиллериялық полкы көмекке жіберілді. Осы даңқты полктың құрамында жауынгерлік жолмен Берлинге қарай бет алған кіші сержант, жиырма жасар жігіт Федор Кердань да бар еді. Ол тәжірибелі зеңбірекші, нысанашы Рахымжан Тоқатаевқа көмекші болып бекітілген. Кеңес әскерлері сәуірдің ортасында жаудың қорғаныс шебін шабуылдап, соғыс бекінісін бұзғанымен, тек 7-10 шақырымға ғана алға жылжыды. Фашистер үш танк дивизиясының көмегімен қарсы шабуылға шықты. Ағыны тез Одраның жағасында, Фульнек деревнясының жанындағы соғыста қазақстандық бауырластар Федор Кердань мен Рахымжан Тоқатаев секілді біздің жерлестеріміз өшпес ерліктерін көрсетті. «...Соғыс таң ата басталды. Артиллериялық қарудан атқылаған оқтың даусы алғашқы көктемгі найзағайды еске түсіретіндей еді. Сағат 2-ге таман да майдан даласындағы жағдай біздің пайдамызға шешілген жоқ. Фашистер соғысқа жаңа күштерді қосып, біздің бірнеше құрылғымызды істен шығарды. Гитлершілердің танкілері мен бронетранспортері, колонналары жаяу әскерлерімен бірге деревняның шетіне ілікті. Міне, осы кезде Тоқатаев пен Керданьның бекіністегі қаруы іске қосылады. Соққы кенеттен болды және дөп тиіп жатты. Бірінші оқтан-ақ колоннаның тура ортасындағы машина от құшты. Екінші снаряд колоннаны бастап келе жатқан «Тигрды» істен шығарса, келесі минутта колоннаны тұйықтап келе жатқан құрыштан жасалған орасан зор машина жарылды. Жаудың машиналары болбыраған тау жолында орындарынан қозғала алмай қалды, сосын арпалысып өртенген танктерді айналып өтуге әрекет жасап, оңды-солға бей-берекет оқ ата бастады, бірақ ол ешқандай нәтиже берген жоқ... Талдырмаш қазақ және орыс жігіттері қарауытқан қарға сырт киімдерін шешіп тастап, қызып тұрған зеңбіректен бірінен кейін бірі оқ жаудырып, алға жылжыды. Тағы да үш танк, екі бронетранспортер от құшты. Жауынгерлер бораған оқтың астында қалып, дәл қастарынан снаряд жарылып, айнала отқа оранса да өздерінің арпалыстарын жалғастыра берді. Соның арқасында соғыстан жеңімпаз болып шықты! Бұл шайқаста Федор Кердань мен Рахымжан Тоқатаев тоғыз танк пен төрт бронетранспортерды жойды. Бұл ерлікке лайықты баға алды. Тоқатаев пен Кердань 1945 жылдың 29 маусымында Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды» деп жазылады «Жамбылдық жарық жұлдыздар» әдістемелік құралында. Соғыстан кейін Федор Кердань 1947 жылдың мамыр айында Челябинскінің штурмандар әскери әуе училищесін бітіреді. Смоленск, Орша, Бобруйскіде әскери қызметтер атқарған. Әскерден босағаннан кейін 1950 жылы Минск әуежайында жұмыс істеп, кейіннен Ульяновск қаласындағы жоғарғы ұшқыштар мектебіне жіберілді. 1964 жылы денсаулығына байланысты ұшқыштық қызметтен босап, Минскіге қайтты. 1981 жылы денсаулығын түзеу үшін әйелімен бірге Ялтаға көшеді. Оның төрт ағасы соғыста опат болса, баласы және екі немересі Минскіде ғұмыр кешуде.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар