Он алты жылдан кейін иесін тапқан марапат

Он алты жылдан кейін иесін тапқан марапат
ашық дереккөз
Он алты жылдан кейін иесін тапқан марапат

16Кеңестер Одағының Батыры Петр Васильевич Томасевич қазіргі тәуелсіз Украинаның Одесса қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Жастайынан ата-анасынан айырылып, жетім қалған бала осындағы Коминтерн атындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Жетіжылдық мектепті тәмамдап, қаладағы қолөнер училищесінде оқып жүрген кезінде гитлершіл Германиямен арада соғыс басталып кетеді. Жасөспірім Петр эвакуацияланған училищемен бірге Қазақ КСР-ның Жамбыл облысына келіп, 1942 жылы 18 жасында Жамбыл темір жол училищесін бітіріп шығады. Әрі сол жылы өзі сұранып, Жамбыл аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына алынады. Фашистермен ұрысқа 1943 жылдың қаңтар айында сұрапыл шайқастар жүріп жатқан солтүстік Донецк аумағында кірісіп, екінші және үшінші Украина майдандарының құрамында соғысады. Тепсе темір үзетін қайраты бар Петр арада жеті ай өткенде гитлершілдердің шебіне шабуылдау барысында жарақат алып, біраз уақыт госпитальда емделеді. Жарақатынан айыққан соң майдан жолын 2-ші Украина майданының 53-інші армиясы, 228-інші атқыштар дивизиясының 795-інші атқыштар полкында аға сержант шенімен взвод командирі ретінде жалғастырған.

Шығысында Кеңес әскерлері тықсыра шегіндірген, батысында КСРО-ның одақтастары АҚШ пен Ұлыбританияның қарулы күштері алқымдаған фашистік Германияның әскерлері Петр Томасевич қаруластарының қатарына қайта қосылғанда әлі де қауқарлы еді. Әсіресе, гитлершілдер Румынияның аумағындағы Ясса және Плоешети қалаларының түбінде болған қақтығыстарда Қызыл армияға қатты қарсылық көрсеткен. Бұл тұста бұған дейін Украина жеріндегі жан алысып, жан беріскен шайқастарда шыңдалып, ұрыс тактикасын жетік меңгерген жас взвод командирі өзін ержүрек майдангер ретінде таныта білген. Аға сержант Петр Томасевичтің Ұлы Отан соғысындағы жорық жолында айрықша із қалдырған кезі – 1944 жылдың 9 қазанында Венгриядағы ағыны қатты, қарсы жағалауы тұтасқан биік жарқабақты Тиса өзенінен өту үшін болған шайқасқа қатысқан сәті. Петрдің взводы құрамына кіретін автоматшылар ротасының командирі лейтенант Стеба келіп, қолбасшылықтың бұлардың алдына қойып отырған міндетімен таныстырады. Бұйрық бойынша Петр бастаған отыз шақты жауынгер түн жамылып, қарша бораған оқтың өтінде өзеннің қарсы бетіне өткен. Содан Петрдің взводы плацдармға бекінген өздерін қуып шығып, өзенге тоғытпақ болған жаудың төрт бірдей қарсы шабуылына тойтарыс беріп, қашан өзге бөлімдер өткелден өткенше гитлершілдердің арынын басып бөгеп тұрады. Олар офицері, фельдфебелі және солдаты аралас жүздеген фашисті жер жастандырады. Петрдің қандыкөйлек серіктерінің де қатары сиреп, небәрі жеті-ақ жауынгер тірі қалған. Петрдің өзі мен екі қаруласы ауыр жараланады. Бұл — Ұлы Отан соғысы барысындағы Петр Томасевич қатысқан соңғы шайқас болатын. Ол ұзақ уақыт бойы госпитальда емделіп жазылып шыққаннан кейін, әскери медициналық комиссия оның денсаулық жағдайын мұқият тексеріп, Жеңіс күні қарсаңында сапқа тұруға жарамсыз деп тауып, еліне қайтарған. Жалпы, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери операцияларға талдау жасаған әскери ғылым сарапшыларының айғақтауынша, 2-нші Украина майданы құрамаларының ағысы қатты, ені кең Тиса өзені жағалауларындағы шайқасын, шығыс майданда кеңес әскерлерінің Днепр, Днестр, Дунай, Висла өзендерінен, батыста — одақтастардың Сена өзенінен өтуі сияқты соғыс тағдырын шешуде ықпалы болған негізгі ұрыс қимылдарының бірі ретінде санайды. Бұған Тиса өзенінен өту және Венгрияны азат ету кезінде ерлік көрсеткен жүз мыңға жуық кеңес жауынгерінің ордендермен және медальдармен марапатталғанын, ал 289 офицер мен сержант, солдатқа ең жоғары награда Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» және Ленин орденінің қоса тапсырылғандығы толық айғақ бола алады. Солардың санатында 1945 жылдың 24 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Петр Васильевич Томасевичке де Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Бірақ одан хабары болмаған Петр Васильевич «Алтын жұлдызы» мен Ленин орденін арада 16 жыл өткеннен кейін, 1961 жылы 23 ақпанда Одесса қаласында Қара теңіз параход шаруашылығының теңгеріміндегі «Красный Октябрь» теплоходының механигі болып жұмыс істеп жүрген кезінде, Одесса қалалық офицерлер үйінде Брондытанк әскерлерінің Бас маршалы, Кеңес Одағының Батыры Амазасп Хачатурович Бабаджанянның қолынан алады. Бүгінде, батырдың есімін жас ұрпақ Одесса қаласындағы Театр алаңына орнатылған Батырлар тақтасынан, Одессаны фашистерден азат етудің 40 жылдығы құрметіне тұрғызылған «Крылья Победы» стелласынан, Одесса ұлттық университеті заң академиясының заң колледжінің ғимаратына қойылған мемориалдық тақтадан оқып қаныға алады.Сірә, «Ер есімі – ел есінде» деген осы болар.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Тараз.

Ұқсас жаңалықтар