«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қалың елге қадірлі еді...

Қалың елге қадірлі еді...
ашық дереккөз
Қалың елге қадірлі еді...

2Әр ата-ана ұл-қызына отбасында өсиет айтып отырады ғой. Біздің әкей де ауылдан шығып, оқып-тоқып, ел аузына ілігіп жүрген азаматтар жайлы құлағымызға құйып отыратын. «Жамбыл қаласында Амантай деген ағаларың дәрігер болып жұмыс істеп жатыр. Алдына барған науқасты жақсы қабылдап, жазып жібереді екен. Білгір дәрігер көрінеді. Болашағы алда ғой. Сол ағаларыңа ұқсап оқыңдар, үлкен маман болыңдар, сонда жұрттың алғысын аласыңдар», деп арман қылатын. Жыл дегенің жылғадан аққан су сияқты деген. 1994 жылы Амантай аға жеңгеміз Бейсенкүл және балалары Ержан, Елжан жұбайларымен және кенжесі Есжан бәрі «Кеңес» совхозында директор болып қызмет ететін бауыры, досы Балтекеңнің үйіне қыдырып келіпті. Сол жерде Амантай көкеммен дәмдес болып, бауырларымен танысып мәре-сәре болдық. 3– Балалар Алматыда өсті, осылар елден жырақтап кетпесін, елде жүрген өздерің сияқты бауырларымен танысып, білісіп жүрсін деп, сәл мүмкіндік болса әдейі ертіп келем. Талай азаматтардың ержетіп, қызмет істеп жүрген балаларын білем, көріп те жүрмін, әкелерінің туып-өскен жері тұрмақ, жақын туыстарын да танымайды, – деп өкініп еді. Жас кезіміз, ағаның бұл әңгімесіне онша мән бере қоймадық. Арада жиырма жыл өтті. Бауырларым жоғары оқу орындарын бітірісімен, өз мамандықтары бойынша қызметке араласты. Ержан – Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымастық ұйымы Бас хатшысының кеңесшісі, Елжан – Денсаулық сақтау вице-министрі, «Ұлттық Медициналық Холдинг» АҚ төрағасы, қазір «Бәйтерек» Ұлттық Холдинг» АҚ-да төрағаның орынбасары, кенжесі Есжан Қазақстан Ұлттық Банкінің басқарма бастығы қызметтерін абыроймен атқаруда. Қарап отырсам, асыл аға өмірден өтетінін, қалғанын ұрпақтары жалғастыратынын, қуанышта, реніште арқа сүйейтін бауырларын танып, біліп өссін деп елге ертіп келіп жүреді екен ғой балаларын. Ол кісі қатты ауырып, Вена қаласында ота жасатып, аман-есен елге балаларымен келіп «шүкіршілік» тойын дос-жарандарының ортасында – «Мөлдір Бұлақ» мейрамханасында өткізді. Арада жылдар өтіп, өзі қайтыс болғаннан соң, інілерім Ержан Австралиядан, Елжан Астанадан, Есжан Алматыдан – елге жиналып, ата-бабасының жатқан жеріне құран оқып, Таразда кешегі асқар тау әкелері Амантай көкеміздің көз көрген, сырлас, дәмдес болған кісілеріне мейрамханада ас беріп, құран түсіртті. Жиылған ел ағалары: «Ата көрген оқ жонар..», «Әруақ ырза болмай, тірі байымайды» деген мына сауап істеріңе ризамыз, өркендерің өссін, әкелерің сияқты ел азаматы болыңдар» деп ақ баталарын жаудырды. Сонда түсіндім, ағаның сәл мүмкіндікті пайдаланып, балаларын елдің, ағайынның ортасына әкелуге тырысатынын... Өткен ғасырдың аяғында, кеңестер одағы тарап, әр республика егемендіктерін иеленіп, кешегі байланыстарын жоғалтып, өндіріс орындары тоқтап, колхоз-совхоздар тарап, жұмыс орындары жаппай жабылып, халық әбігерге түсті. Осы кезде ел басшыларының бастамасымен, елдің рухын көтеру мақсатында жергілікті жерлерде, кешегі ескерусіз қалған әруақты бабаларға, ас беріп, ат шаптырып жатты. Алғашқылардың бірі болып Талас ауданында да алты алашқа аян Бөлтірік шешен бабамыздың кесенесін тұрғызып, ас беру үшін іс-шаралар басталып кетті. Амантай аға Алматы қаласы мен Алматы облысына тараған Бөлтірік баба ұрпақтарының басын қосып, жетекшілік етті. Алматылық бауырларымен кесенені тұрғызуға қажетті қомақты қаржыны ұйымдастырып өзі бас боп тойға бастап келген болатын. «Малымды алсаң ал, Құдай, пейілімді алма» деген қазақпыз, Құдайдың құдіретін қойсаңызшы, жұмыссыз сенделіп қалған жұрттың рухы көтеріліп, киіз үйлерін тігіп, дастархандарын жайды, келген қонақтарды тік тұрып қарсы алып, қошеметпен шығарып салды. Құдай адамның пейіліне береді деген, көп кешікпей-ақ елдің әл-ауқаты көтеріліп, кәсіппен айналысып, берекеттері кіріп жүре берді. Осы шараның облыс, республика деңгейінде өтуіне Амантай аға көп еңбек етті. Той өткізуге қолдау көрсеткендері үшін, ел ағаларына, таластықтардың атынан рахмет айтып, шапандарын жауып қайтуға Алматыға аттандық. Ол кездері қазіргідей, қонақтарды мейрамханаларда күту үрдісі жоқ еді. Тағы да Амантай аға мен Бейсенкүлдей асыл жеңгеміз отбасында дастархан жайып, қазақтың бір тума асыл азаматтары Асанбай Асқаров, Қаратай Тұрысов, ағамыздың туған құдасы – Өмірбек Жолдасбеков, Ізбасар Балтағұлов, Кеңес Аухадиев, Шалбай Құлмахановты жұбайларымен шақырып, қонақ етті. Осындай кісілерге қызмет жасап, келелі әңгімелерін тыңдап, өркендерің өссін деген баталарын арқалап елге қуана-қуана қайттық. Қазақтың біртуар азаматтарымен дәмдес, дастархандас болғаныма осы күнге дейін, Амантай ағаның отбасына ризашылығымды білдіріп, Құдайдың бұл сыйына шүкіршілік айтып жүремін. Ол Алматы қаласындағы №2 емхананың бас дәрігері болып жүрген кезінде Талас ауданы, Ойық ауылының тұрғындарына екі күн медициналық тегін қызмет көрсеткені де есте. Дәрігер бұл ізгі ісін бұрын да жасаған болатын. Халыққа қызмет етудің бастауы – отбасыңа, туған жеріңе деген перзенттік парызды өтеуден басталады. Амантай аға абырой-беделін, мүмкіндігін туған жерден аямай, халықтың мұң-мұқтажын шешуге құлшына кірісетін. Елді ерте білген мықты емес, ерді пана тұтып, сенім арта білген ел мықты демекші, Амантай аға еткен еңбегіне орай, елдің ықылас-құрметіне бөленді. Өзі туып-өскен Талас ауданының, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Парасат» орденімен марапатталған еді. Ел-жұртының орынды құрметіне бөленген аяулы аға Амантай Біртанов тірі жүргенде осы көктемде 70 жасқа толып, қуанышын тойлар еді. Алайда, сұм ажал атпал азаматты арамыздан ертерек алып кетті. Халқының қадірлісі абзал ағаның жолын ұрпағы жалғап жатқаны – көңілге демеу.

Қибат Асқарбеков, Тараз қалалық мәслихат аппаратының инспекторы.

Ұқсас жаңалықтар