Шұлықтың шатағы

Шұлықтың шатағы
ашық дереккөз
Шұлықтың шатағы

«Құрдастың құдайы бір» деген сөздің еш жалғандығы жоқ. Ол қуанса сен де қуанасың, жыласа сен де еңірейсің. Тіуәдтің үйленбей жүргені қабырғамызға қатты батады. Жасы болса 40-тан асты. Үйлену деген қаперіне кіріп-шықпайды, шіркіннің. Үйіндегі оншақты бас қойдың соңында жүргені сасып-пықсып. Бір күні оны көшеде кезіктіріп қалып: – Әй, Тіуәд қашан сен үйленетін күн туады? – дейміз қалжыңымызды араластырып. – Енді... қыз жоқ қой... – Жоғы несі. Шынымен үйленгің келеді ме? – Иә – Кімге? – Зоотехниктің қызы бар. Есімі – Азнап. – Жығылсаң нардан жығылайын дейсің ғой. Онда бүгін кешке «вечер» ұйымдастырайық, – деді қалжыңы қашанда қалтасында жүретін Салат құрдасымыз. Ол кезде бүгінгідей ұзыннан ұзақ үстел қайда? Жерге үлкен дастархан жайылып, бетіне тоқаш шашылып, екі-үш тұсына шақпақ қант қойылған соң дастарханымыз «жайнап» сала берді. Шақырылған қонақтар келіп жатыр. Намұж бен Лүкиар келді алдымен. Іле Некеб бен Нажлүг, Кебірөб пен Лүгйа «Ассалауын» айтып үйге бас сұқты. Намхарідбә мен Яирам да, Несйеб пен Анад та, Салат пен Алиғаб та, Намұж бен Елуәс та осында. Әне, Тіуәдтің ғашығы Азнап отыр сызылып. Тек, осы «вечердің» бас кейіпкері Тіуәдтің өзі жоқ. Бір кезде келді-ау әйтеуір. Мұздай киінген, бірақ аяғындағы шұлығы ескілеу көрінді. Бірақ, жыртығы жоқ. Азнаптың қасына келіп жайғасты. «Сценарий» бойынша осылай болуы керек. Әлден уақыттан кейін бөлме ішінде сасық иіс мүңкіп сала берді. Бәріне қараймын, аузы-мұрындарына алақандары жабысқан. Қыз Тіуәдтің аяғынан көз алар емес. Бәле, сол Тіуәдтің аяғынан шығып тұр-ау. Мен де көз тастадым сидиған сирақтарға. Ол болса қос сирағын бөксесінің астына тықпақтап әуре. Шыдай алмастан оны сүйреп сыртқа шығардым. Есік алдындағы піспе құдыққа аяғын жудырып, үй егесінің жаңа шұлығын кигізіп ішке қайта ендік. Бәрі вальс билеп жүр. Бір бұрышта состиып Азнап тұр. «Бар, барлап» жатып Тіуәдті қызға жақындаттық-ау, әйтеуір. Билеп жүр екеуі. Кенет, қыз жігіт құшағынан босамақ болып басын ары алып қашады, бері алып қашады. Жігітіміз болса қос қолы ғашығының аш белінен ажырар емес. Енді қыз орамалымен аузы-мұрнын тұмшалауға көшкен. Оны жетектеп тағы да далаға алып шықтым. – Ей, жаңа ғана шұлығыңды ауыстырдым емес пе? – деймін. Үн жоқ. Оны аяп кеттім. Құшақтаған бойда ішке кіргізуге ыңғайлана бергенде оң қолымның саусақтары сумаң етіп костюмінің ішкі қалтасына кіріп қос шұлықты іле шықты. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Сол құдық басында шешкізген шуаш сасыған шұлықтар. – Мұның не? – деймін ызаға булығып. Ол болса міз бақпастан: – Бұл да дүние ғой, – дейді. – Мұндай дүниесі құрысын. Енді саған Азнап та бұйырмайтын шығар, – дедім, де ішке кіріп кеттім.

Дүйсенбек Орманов. Жамбыл ауданы.  

Ұқсас жаңалықтар