«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Денсаулық саласының Салтанаты

Денсаулық саласының Салтанаты
ашық дереккөз
Денсаулық саласының Салтанаты

2Бүгін тағы да ұйқы қашты. Кірпік айқаспағаннан кейін еріксіз ой қаузайды. Ойлайтыны – күндізгі жайлар, жұмыстағы шешімін таппаған мәселелер. Күндегісі осы. Сол дағдымен ендігі сәтте соңғы жылдарда атқарылған ауқымды істерді саралап, ойға шомды. Жалпы, облыста денсаулық сақтау саласында біраз іс ретке келтірілді. Жыл сайын жаңа мекемелер іске қосылуда. Тараз қаласында облыстық және қалалық балалар ауруханасы мен қан орталығы салынды, аудандарда бірнеше жаңа емханалар, дәрігерлік амбулаториялар, медициналық-фельдшерлік пункттер бой көтеріп, бұл күндері халық игілігіне қызмет етуде. Олар керекті диагностикалық және емдеу құралдары мен аппараттармен қамтамасыз етілді. Ауыл тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді ету мақсатында үш бірдей жылжымалы медициналық кешен алынды. Дәрігерлер мезгіл-мезгіл ауылдарды аралап, науқастарды анықтап, қажет болған жағдайда оларды орталық емдеу мекемелеріне жіберу ісі де жолға қойылып келеді. Санитарлық авиация жұмысы да ретке келтірілді. Облыс орталығында кардиохирургиялық және нейроинсульттік бөлімшелер ашылып, дәрігер-мамандар шетелдерде біліктілігін жетілдіріп, соның арқасында аурулар арасында өлім-жітім азая бастады. Жаңа емдеу мекемелерінің құрылыстары да бітуге таяу. Дегенмен, әлі де ширауы жетпей, бір қайнауы кем түсіп тұрған шаруалар да жоқ емес... Салтанатты мазалайтын ойлар осы. Қатпар-қатпар ой таңды атырып, күндіз де өз шырмауынан шығармайды. Онысы жұмыс уақытында қағазға түсіп, ертеңінде жоспарға айналып, сала мамандарына тапсырма ретінде міндеттеліп жатады. Сонау ықылым заманнан бері қасиетті, киелі саналатын екі кәсіп бар. Бірі – адам тәрбиелеу, екіншісі – адам жанына араша түсу. Бірі – тән саулығының, екіншісі – жан саулығының сақшысы. Сондықтан қай қоғамда да ұстаз бен дәрігердің алар орны бөлек. Ал адамның қоғамнан тыс өмір сүруі мүмкін емес. Сол қоғамның бір мүшесі, қазақтың ардақты да аяулы қыздарының бірі, дәрігер – Салтанат Омарбекова бойындағы қажыр-қайратын, ақылы мен білімін денсаулық сақтау ісін қалыптастыруға арнап келеді. Уақыт атты жүйрікті тізгіндей алмайды екенсің. Оның Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіріп, сала жұмысына араласқаны кеше ғана сияқты еді. Жылдар өлшемімен есептесек, содан бері біраз белесті артта қалдырыпты. Арада аттай отыз бес жыл өтіпті. Алғаш қалалық №5 емханада учаскелік дәрігер болып еңбек жолын бастаған жас маман бүгінде білікті басшы. Жалпы, Салтанат Жамалбекқызы – өте еңбекқор адам. Қолы қалт еткенде ізденуден, өзін-өзі жетілдіруден бір танған емес. Себебі, сала жұмысы соны талап етеді. Қаншалықты білікті дәрігер болсаң да, ешкім адам табиғатын терең зерттеп-біле алған жоқ. Оның үстіне дәрігердің алдына келетіндердің көбісі ауруын асқындырып алғандар. Бір тылсым, ғажайып күш сырқатынан сауықтырып жібереді деп сенгендер соңында ақ халатты абзал жандардан араша күтеді. Ал науқастың үмітін үзбеу – дәрігердің міндеті. С.Омарбекова өзіне қатал талап қойып, тынбай ізденді, бірнеше рет біліктілікті жетілдіру институттарында білімін жетілдірді, тәжірибе жинады. Соның арқасында терапияның қыр-сырын меңгеріп, ел құрметіне бөлене бастады. Көп уақыт өтпей оны қалалық денсаулық сақтау бөліміне қызметке шақырды. Сөйтіп, Салтанат Жамалбекқызы 1992 жылға дейін қалалық денсаулық сақтау бөлімінде бас терапевттің міндетін абыроймен атқарды. Ол кезде Жамбыл (қазіргі Тараз) бүкілодақтық маңызы бар химия өнеркәсібі ерекше дамыған өңір еді. Үш бірдей алып зауыт жұмыс істеп тұрды. Онда мыңдаған жұмысшы еңбек етті. Зауыт басшылары қаланың көркеюіне өз үлестерін қосып отыратын. Зауытта істейтін жұмысшылардың жағдайларын жасап, олардың балаларына мектептер мен балабақшалар, тұрғын үйлер мен жатақханалар салып, қала көшелерін көріктендіру жұмыстарына атсалысатын. Сол жылдары НДФЗ (Жаңа Жамбыл фосфор зауыт) өз жұмысшыларының денсаулығын жақсарту мақсатында Ақкөл жағалауында көп қабатты профилакторий ғимаратын тұрғызып, оны керекті заманауи медициналық аппараттармен, құралдармен жарақтандырды. Өндіріс орнының басшысы осы денсаулық сақтау-сауықтыру мекемесін басқаруға ұйымдастыру ісінде біраз тәжірибе жинаған дәрігер Салтанат Омарбекованы шақырды. Салтанат Жамалбекқызы осы емдеу мекемесінің жұмысын үйлестіріп, ісін өрге домалатуға көп еңбек сіңірді. Оның қажырлы еңбегі еш кетпеді. Профилакторий қысқа мерзімде еліміздегі алдыңғы қатарлы емдеу-сауықтыру шипажайы қатарына қосылды. Ал онда демалып, ем алған химиктер әрдайым бас дәрігер Салтанатқа ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырып жататын. Білікті маманның ұйымдастыру ісіндегі айрықша қабілетін байқаған өңір басшылары Салтанатты облыстық денсаулық басқармасына қызметке шақырды. Сөйтіп, ол 1997-2010 жылдар аралығында басқарма басшысының орынбасары болып еңбек етті. Бұл бұрынғы одақ ыдырап, әр республика жеке-жеке мемлекет болып шаңырақ көтеріп, елдегі әлеуметтік және экономикалық жағдайдың шиеленісіп шегіне жетіп жатқан ауыр жылдар еді. Көптеген мекеме жұмысшылары мен қызметкерлері айлап жалақы алмай, жаппай жұмыссыздық жайлаған кезең болатын. Мұндай қиындықтар денсаулық сақтау мекемелерінде де жетіп артылатын. Тіпті, қыстың азапты күндерінде кейбір аудандық, қалалық ауруханаларға жарық пен жылу берілмей, дәрі-дәрмек жетпей, дәрігерлер науқастардың қолына тілдей-тілдей қағаздарға керекті дәрі-дәрмектер тізімін ұстатып, амалсыз үйінде емделуге кеңес беретін. Қысқасы, «шықпа жаным шықпа» деумен күн өткіздік. Дәрігер-хирургтарға стерильді эластикалық қолғаптар жетпей, аурудан вирусты гепатит, СПИД және де басқа аса қауіпті жұқпалы дерттердің жұғуы әбден мүмкін екенін біле тұра, талай қауіп-қатерге бас тіктік. Алдына келген сырқатқа ем-дом жасау мақсатында операцияға жалаң қолмен барғандардың ісін ерлікке теңесе де артық емес. Сол шақта сала ісін алға сүйреп, тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп, ел арасында эпидемиялық аурулардың етек алуына жол бермеу жеңіл іс болған жоқ. Ал облыстық денсаулық сақтау саласының белді қызметкері Салтанат Омарбекованы бұл қиындықтар қажытқан жоқ. Қыс демей, жаз демей, түн демей, күн демей ауыл-ауылды аралап, медицина мекемелерінің қызметімен жақын танысып, тұрғындармен кездесіп, қиындықтарды бірігіп жеңуге шақырып, сала мамандарын ерен еңбекке жұмылдыра білді. 2012 жылы С. Омарбекова облыстық денсаулық сақтау басқармасының тізгінін қолына алды. Талай түйткілді әріптестерімен ақылдаса отырып шешті. Бүгінде қиындықтар артта қалды. Мемлекет басшысының медицина қызметкерлері алдына қойған міндеттемелері рет-ретімен орындалуда. Отандық медицина ісі оңалды, заманға сай жаңа білгір мамандар даярлануда. Медицина мекемелері диагностикалық және емдеу аппараттарымен толықтырылды. Айталық, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын, облыс әкімдігінің «Аумақты дамыту бағдарламасына» сәйкес жасалған іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ 2011-2015 жылдарға арналған облыс тұрғындарына медициналық қызметті қамтамасыз етуді жақсарту шараларын және 2015 жылға арналған ана мен нәресте өлімін, қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлімді азайту жөніндегі бағдарламаны іске асыру бойынша біршама жұмыстар атқарып, көрсеткішті тұрақтандырдық. Президентіміздің халық денсаулығын сақтауға бағытталған қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмаларын орындауда көптеген табыстарға қол жеткіздік. Осы жұмыстардың басы-қасында жүріп те Салтанат ғылыми ізденістен қол үзбеді. Денсаулық сақтау саласының тәжірибелі қызметкері ретінде бірнеше рет халықаралық, республикалық конгрестерге, конференцияларға қатысып, баяндама жасады. Қызмет барысында жиналған ой-тәжірибесін қағазға түсіріп, басылымдарға жариялаған мақалалары да көп. 2004 жылы Алматыдағы дәрігерлердің білім жетілдіру институтында медицина ғылымының кандидаты атағын қорғады. Табиғат адам баласына ақыл-оймен бірге талант та береді. Салтанаттың үнемі алға ұмтылып жүретіндігі, өзін бірқалыпты ұстауы, өзіне сенімділігі, төзімділігі көп жетістігінің бастауы іспетті. Ол қандай мәселені де ой елегінен өткізіп және алдағы шаруаның ауқымына қарай талдап, оның озық тұстарын көре біледі. Оның осындай қасиеттерін әріптестері айрықша бағалайды. «Дәрігерге ең алдымен жақсы мінез керек» дейді Салтанат Жамалбекқызы. Өйткені ауырып-сырқаған адамның, жаны көз алдына келеді. Сондай сәттерде кейбіреулер сабырлылықты ұмытып, барлық кінәні өзінің бойкүйездігінен емес, өзіне арашашы болып тұрған дәрігердің бойынан іздейтіні бар. Мұндай жайды Салтанат та қатардағы дәрігер, басшы бола жүріп талай рет бастан кешкені анық. Сондықтан шығар, ол қандай жағдайда да өзін бірқалыпты ұстайтыны. «Әркім өз заманының перзенті» деген қағида бар. Әйтсе де, заманның ноқтасына басы сыймайтын, өзгелерге өзі ұстанған құндылықтарды сіңіруге ұмтылатын ерекше адамдар болады. Қалыптасқан қасаң қағиданы бұзып, көнбіс тірлікті өзгертуге тырысатындар да солар. Мен әркез ізденіп, парасатты тиянақты ойымен бөлісіп, оларды іске асыру үшін аянбай еңбек етіп жүрген Салтанатты да сондай жандардың қатарына жатқызамын. Салтанат Жамалбекқызы жұбайы дәрігер-уролог Еркін Қуанышәлиев екеуі тату-тәтті, бақытты өмір сүріп, ұл-қыз өсірді. Оларға жоғары білім алуына жәрдемдесті. Қызы Жанат әке-шеше жолын қуған дәрігер. Бұл күндері Алматы қаласындағы Б.Жарбосынов атындағы урологиялық ғылыми орталықтың бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, білікті маман. Ұлдары Нариман республикалық Ұлттық қауіпсіздік академиясын тәмамдап, Алматы қаласында өз саласында абыроймен қызмет етуде. Жас құрақтай желкілдеп немерелері де өсіп келеді. Бірақ, тағдырдың әрдайым маңдайдан сыйпай бермейтіні бар. Сондай кезең Салтанатты да айналып өтпеді. Ол өмірлік серігі, сүйікті жары, ұлы мен қызының ардақты әкесі, немерелерінің қымбатты атасы Еркіннен 2013 жылы ойда жоқта көз жазып қалды. Оның өмір өкініші сол. Қабырғасына батқан қайғысын оны немерелерінің «апа» деп мойнына асылғаны ғана сейілтеді. Олар мәре-сәре болғанда, бір сәт жүрегі елжіреп, кеудесі қуанышқа толғандай болатыны бар. Сондай сәттерде сырын да, сынын да, сымбатын да жоғалтпай, немере сүйіп, әдемі әже атанып отырғанына шүкіршілік етеді. Иә, Салтанаттың ешкімге ұқсамайтын тағдыры бар. Ол – білікті дәрігер, іскер басшы, аяулы ана, өнегелі әже. Ол ел алдында аянбай еңбек етіп, бар күш-қайратын, білімі мен мол тәжірибесін медицина саласына арнап, ұл-қыздарын тәрбиелеп, олардан немере сүйіп, еңбегінің жемісін көріп отыр. Дәрігер Салтанат Омарбекованың еңбегі еленіп, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» деген атаққа ие болды. «Құрмет» ордені мен бірнеше мерейтойлық медальдарды төсіне тақты. Елбасының Алғыс хатымен, Денсаулық сақтау министрлігінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2014 жылы өзі дүниеге келген Жуалы аудандық мәслихаты шешімімен ауданның Құрметті азаматы атанды. Мұның барлығы адал еңбекпен, маңдай термен келген құрмет, сый-абырой.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина профессоры.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар