Жұмекеңнің жасаған жақсылығы

Жұмекеңнің жасаған жақсылығы
ашық дереккөз
Жұмекеңнің жасаған жақсылығы
эссе Көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың аяулы перзенті Жұмабек Ахметұлы Тәшенов Ақмола облысы Аршалы ауданының Бабатай ауылында 1915 жылы 20 наурызда дүниеге келген. экономика ғылымының кандидаты. Ақмола құрылыс техникумын, КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін бітірген. Ж. Тәшенов әр жылдары Бейнетқор аудандық атқару комитетінің хатшысы, аудандық жер бөлімінің меңгерушісі, Ақмола облысы жер бөлімі бастығының орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болды. Ақтөбе облысы партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1961-1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зертханалық институтында, Оңтүстік Қазақстан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. 1986 жылы 18 қарашада Шымкент қаласында дүниеден өтті. Алаш ардағының 100 жылдығына орай белгілі қаламгер Арғынбай Бекбосынның эссесін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Ол кісінің алдына мұндай шаруамен бару ниеті менде мүлде жоқ еді. Ойда жоқта оқыс «ойналып кеткен», ішінара өзім де қатысқан, кіп-кішкентай тіршілік драмасы себепкер болды бәріне... Ілгеріде, өткен ғасырдың 62-ші жылында Мәскеуде жатқан өкіметтің жарлығымен Қазақстанның Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылып, орталығы Шымкент қаласы болып белгіленді де екі қанаттағы екі өңірден солай қарай бірталай көш қозғалды. Көштің көркі де, иесі де негізінен өссем, өрлесем деген ақ жағалылар болғанымен қапталдасқандар қатарында тапанша ұстаған қызыл жағалылар мен қалам ұстаған бірді-екілі журналистер де бар еді. Кейінгілер дүрмегіне жастықтың желігі ме қайдам, әне-міне алынатын коммуналдық пәтерге де қарамастан жиырма бес жасар журналист – мен де қосылып кеттім. Жаңа қызметім – республикалық радионың өлкедегі меншікті тілшісі. Қамтитын өріс кең, сонау Арал теңізіне дейін созылып жатыр. Қарауымда: Шымкентте – жеңіл машина, Қызылордада – үш дөңгелекті мотоцикл, айдаушыларымен. Пәтер де берілуге тиіс, мемлекеттік комитет төрағасы Кенжеболат Шалабаевтың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Сабыр Ниязбековке арнайы хаты бар. Бірақ Шымкентке келісімен аңғарғаным – пәтерді күтуге тура келеді. Рас, жедел салынып жатқан үйлер өте көп, көше-көше. Бірақ талапкерлер одан да көп және шетінен шақыртумен келген едәуір дәрежелі қызметкерлер... Әуелгі әзірде жаңа жердегі жаңа жұмыстың қызығымен мейманханадағы жайсыздықты онша сезінбесем де келе-келе отбасымды көшіріп әкелу керектігін түсініп, жекеше пәтер іздей бастадым. Олар да кәт екен: мен секілділер қаптап жүр, студент жастарда, тіпті, сан жоқ... Ақыры қорғасын зауыты жақтағы Кен кешу дейтін көшедегі бір өзбек кемпірдің кішкене дәлізі бар бір бөлмелі үйін әрең таптым-ау! Тапқаным бар болсын, әлгінің... пеші жоқ екен! Ортада қисық-қисық қуырын тот басқан темір пеш-буржуйка тұр. Еден де тақтай емес, жәй балшық сыбақ... Амал жоқ, 62-нің қара күзінде Жамбылдағы отбасымды осындай «жұмаққа» әкеп қондырдым. Талай қиындықты бастан кешірген Теберік анамның өзі: «Балам-ау, Арғынтай-ау... мынау... мынау...» дей берді даусы дірілдеп. Арғы жағын айтпады. Шамасы, мені аяды ғой деймін... Қойшы, сонымен итшілеп қыстап шыққан соң басқа пәтер іздей бастадым. Қаладағы талай қақпаны қағып жүріп, Бостандық көшесінен бір үйге кезіктік. Ауласы әжептәуір, үй де көлемді. Кең веранданың екі шетінен екі есік кетеді, әрқайсысында үш бөлмеден. Соның бір жағы жалға беріледі екен. Пәтерақы мөлшерінің жоғарылығына қарамастан бір күн де болса жайлы отырайық деп келістік те көшіп алдық. Үй иесі – тайқы маңдайының жұп-жұқа терісі әбден күнге қақталған қыр мұрынды, қара мұртты Әнуар дейтін кісі жас шамасы қырықтардан асқанына қарамастан тым қағылез, күйгелектеу көрінді. Есесіне әйелі, ақ бауырсақтай келісті келіншек Ұмсындық жеңгей салмақтылау сияқты. Отағасы бір базада істесе, жеңгей үйдегі мектеп жасындағы әлі кішкенелеу үйелмелі-сүйелмелі үш балаға қарайды екен. Жаздай, күздей үй иелерімен арақатынаста ешқандай ақау болған жоқ. Әрдайым оң қабақпен берілер сәлем түзу еді. Тек... тек, әттең, 63-тің ең соңғы күніндегі болмашы нәрседен бұзылған көңіл, шатаққа жақын шарпысу болмағанда... Шымкентте жамбылдықтардың кейбірімен, әсіресе, журналистермен ағайындық араласатын болатынбыз. Өзімнен он бес жастай үлкен Смет аға Ағысовпен солай едік. Ол кісі өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істейтін. Смекеңмен, Ақмаңдай жеңгемізбен жаңа 1964, жылды бірге қарсы алмақ болдық та ол кісілер кішкентай сәбилері Ғалымды көтеріп кешке қарай қар құйып тұрғанына қарамастан біздікіне келді. Көңілді бір отырыс басталып кеткен. Әлден уақытта шаң-шұң дауыс көңіл бөлді. Білейінші деп сыртқа шыға беріп ем Әнуар қарсы кездесті де маған қарай сұқ саусағын кезеп тұрып: – Ертең түске дейін үйді босатыңдар! – деді ызғарлана. – Неге... не боп қалды? – дедім мен сасқалақтай. – Сұра анау қатыннан! – Әнуар үйінің есігін тарс жауып кіріп кетті. Сыртқа қарасам Ақмаңдай жеңгей баласының шалбарын кигізіп жатыр екен. – Не болды, жеңеше? – О-оу, мына хозяйндарың жынды ғой өзі! – деді Ақаң ентігін әрең басып. – Баланың қағын дәретханаға апарып тастармын деп қарға отырғызып ем, әлгі аузына келгенін құспасы бар ма! Ойпырай, қайным, мұндаймен қайтіп көрші боп отырсыңдар өзі, анық пәле ғой мынау!.. Өз-өзімді әрең билесем де жеңгейді тыныштандырып үйге кіргізген соң Әнуардың есігін айқара аштым. Қар-қар етігімді шешпестен төргі бөлмеге өттім де диванда телевизор көріп отырған қожайынға үрпиісіп қалған үй ішінің көзінше сұқ саусақты енді мен кезедім. – Әнеке, біріншіден, ертең мен көшпеймін!.. Екіншіден, бүрсігүні горисполкомға барып мынау үйіңіздің қазір өзіміз отырған жартысын, ауланы бөлгізіп, заң бойынша меншіктеп аламын... Жекеменшіктің артық тұрғын үй алаңын мемлекетке алып, оны біз секілділерге беру туралы заң шыққанын және оның орындала бастағанын білмесеңіз бұдан былай білетін боласыз! – Осылай дедім де есікті енді мен тарс жаптым. Шығып бара жатып көзім шалғаны – Әнуардың ашылып қалған аузы болды. Дастархан басын қайта қыздырдық. Бір уақытта Ұмсындық кірді де әуелі бәрімізді жаңа жылмен құттықтап, маған: «Қайным, бір минутқа шығып кетші» деді. Шықтым. Ұмсындықтың көз шарасына, неден екенін қайдам, жас ұялап қапты. – Қайным, ақымақ ағаңды кешірші... біз үшін... Оның осындай ойланбай сөйлейтіні бар. Кешіре салшы... – Кешірдім, жеңгей. Сіз үшін... Ал Әнуар ағадан енді ойланбай сөйлеуді үйренетін болармыз... Ертеңіне қатты ойландым. Пәтерді ертерек алу жайын. Өлкелік партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Екейбай Қашағанов ағадан көмек сұрайын деп шештім. Ол кісі мені Жамбылдан білетін. Мұнда да іш тартатын. Кейде өлкелік комитетте кездесіп қалғанымызда екінші қабаттағы кабинетіне ертіп барып, жағдайымды сұрайтын. Ондай кездерде ағаның мазасын алмай-ақ қояйын, бұл кісісіз-ақ шешілер деп пәтер жайын айтпайтынмын. Енді айтпасқа амал жоқ... – Анау бір иттің қорлығы өзіңе әбден-ақ өткен екен-ау, інім. Кездеседі ғой, тіпті, көп қой мұндай ұяттың, мейірімнің иісі мұрнына бармайтындар! Қоғамымыздың бір соры да сол шығар, – деп Екейбай аға талайға дейін қинала ойланып отырды да бір мезгілде бір байламға келгендей серпіле үн қатты, – былай етейік. Мен мұнда Шалабаевтың хатын таптырып алып қозғау салайын. Бюрократизм қайда жоқ дейсің... Ал сен өзің облаткомдағы Жұмекеңе, Тәшенов жолдасқа, барып бар жағдайыңды, қолыңда әскери пенсия алатын қарт анаң бар екенін айт. Ол кісі, сөз жоқ, көмектеседі. Тек мен жіберді деме... Ағамыз мен нұсқау беріпті деп сырттай үндемегенімен іштей намыстанып қалар... Қайткеңде де ол кісінің көңіліне тимеу керек... Жұмабек Тәшенов... Бұл кісінің атақ-даңқы елуінші жылдардың аяқ кезінде дүрілдеп, шарықтап барып сәл кейінірек онысының қанаты шарт сынғандай бірден құлдилап, төмендеп кеткен-ді. Тіпті, өшкендей де еді. Ал одан бұрын өзім ол кісіні алғаш рет 57-нің аяқ кезінде ҚазМУ-дың акт залынан көргем-ді. Қазақстан Үкіметінің басшысы бізге, студенттерге, арнайы келіп, елдің экономикасы, жоспарлары туралы бір сағаттай лекция оқыған-ды. Дұрысы, ол кісі оқыған жоқ, сан-сапалақ цифрлар мен фактілерді, терең-терең талдауларды ешбір қағазсыз-ақ мүдірместен өзінің сәл қатқылдау қуатты даусымен санамызға сіңірген-ді. Оның үстіне шашын қысқалау қидырған, толық аққұба жүзді кісінің бүкіл болмысынан сарқылмас қайрат, мұқалмас сенім сезілгендей еді. Арада біраз уақыт өткен соң «Тәшенов бір мәселеде Хрущевқа қатты қарсы келгендіктен орнынан алыныпты!» деген хабар дүңк ете түскен. Не мәселеде?.. Ол жөнінде ол кезде ешкім жарытып жақ ашпады ғой. Тек 1964 жылғы 14 қазанда зорлықшыл волюнтарист тақтан қуылғаннан кейін ғана ғой ақырын-ақырын айтыла бастағаны. Тәшенов Қазақстанның Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар секілді бес бірдей облысын Россияға қоспақ болған Хрущевтің арам жоспарына қасқая қарсы тұрып, елінің тұтастығына қалқан болған екен ғой!.. Міне, сонысы үшін қуғын көріп, қызмет жағынан құлдыратылған ол облатком төрағасының бірінші де емес, әлеуметтік мәселелер жөніндегі елеусіздеу орынбасары ғана. Ал барша билік партия органдарында екенін есепке алсаңыз әлгі лауазым одан бетер құнсызданады... Бірақ амал не, сондай құнсыздау орында мемлекеттік алып қайраткер отырды... Енді, міне, Екейбай ағамның кеңесімен сол кісіге баруым керек. Журналистік жұмыс бабымен емес, жеке бастың қамымен. Ұяттау. Әсіресе бірінші жолға. Бірақ, амалым қайсы... – Кел, шырағым... Қоңыр есік ашылып, шағындау кабинеттің табалдырығынан аттағанда алғаш естілгені – мейлінше жұмсақ дауыспен айтылған осы екі сөз болды. Төрдегі сөз иесінен ол кісі нұсқаған орындыққа отырар-отырмаста байқалғаны – Тәшенов сонау жылғыдан қатты өзгеріпті. Шашына ақ араласыпты, аққұба жүзге, ақ маңдайға онша терең болмаса да айқыш-ұйқыш әжім түсіпті. Шаршағандық, қажығандық ылғиында сезіле ме, қалай... Тек шарасы ашық қара көздерде жылы бір ұшқындар шашыла маздайды... Молынан пішілген толық тұлғасы да аз-кем босаңсып таразыланғандай. Неден бастарымды білмей әрі аңызға айнала бастаған атақты адамнан қысылғандықтан ба, үнсіздік тұтқынына түскен мені ол кісінің өзі құтқарып жіберді. – Келгендегі шаруаңды айта бер, қысылма, шырағым. Сен журналиссің ғой. Ал журналистер батыл болу керек, – деп емен-жарқын езу тартты. Осы езу тартуының өзі де маған еркіндік бергендей лауазымды басшының алдында емес, жанашыр ағамның жанында отырғандай бар жағдайымды іркілместен ақтаруға ауыстым. – Аз уақытта көп қиындық көріп қапсыңдар-ау. Сендер жассыңдар ғой... әсіресе, қарт анаға обал болған екен... – деп біраз ойланып отырды да хатшы орыс әйелді шақырды. – Найдите мне товарища Тыныбаева... Тыныбаев, менің білуімше, Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы. – Тыныбаев слушает, – деген қырылдаңқы дауыс естілді. Жұмекең трубканы көтерді. – Жомарт Бұланович, қане, айтшы: мен мұнда келгелі сенен бірдеме сұрадым ба?.. Дұрыс айтасың – сұрағам жоқ... Енді... енді сұрағалы отырмын. Және сен сұрағанымды береді деп сұраймын... Немене деймісің... Иә, менің алдымда Қазақ радиосының осындағы корреспонденті... ә-ә, Бекбосынов жолдас отыр. Оған пәтер өте-мөте керек, қарт анасы бар... Жақын арада қалада қай үй бітеді?.. Проспект Гагарина, сорок шесть... Мына журналист інішекке содан үш бөлмелі пәтер бересің... Смотри, запиши отдельной строкой, что бы потом не было никакого недоразумения... Түсіндің ғой мені? Вот и хорошо... Рахмет, сау бол, Жомарт Бұланович... Жұмекең маған мейлінше жылы жүзбен мейірлене қарады. – Естідің ғой, жаңағы горисполком председателі Тыныбаев қой, сөзде тұратын азамат. Соған жолығарсың. Пәтер жақында боп қалады... Анаңа менен сәлем айтарсың... Жұмабек ағадан төбем көкке бір елі жетпей шықтым. «Не деген ғажайып адам!.. – деп ойладым шексіз ризалық, алғыспен. – Жағдайымды қалай жақсы түсінді! Жанашырлығы қандай!.. Осындай кісіге қиянат жасаған, әй, нәлеті Хрущев-ай!..». Қартайғанда кісі есігінде жүрген анамды қуантпаққа Бостандық көшесіне қарай құстай ұштым... Арада бір айға жетер-жетпес уақыт өткенде су жаңа үш бөлмелі пәтерге көшіп қондық. Қуанышымызда шек болған жоқ. Облыстағы мәдени құрылысқа байланысты сұхбат алуға барғанымда Жұмабек ағаға анамның да алғысын жеткіздім. Әңгіме үстінде ол кісі туралы «қиын кездегі жарылқаушымыз ғой» деп ойлағаным есімде. Оған қоса «Тәшенов біздің үйді ғана ма, бес облысымызды яғни республиканың үштен бірін сақтап қалып, бүкіл Қазақстанды жарылқаған жоқ па?!..» деген де толқынды ойлар алыстарға маңған... * * * ...Бүгінде анда-санда Астанаға жол тартам. Тараздан шыққан пойыз таң ата елорданың бер жағындағы бекет – Аршалыға, бұрынғы Вишневкаға жетеді. Сонда мен әрдайым Шымкенттегі қызметінен Коммунист көшесі 41-үйдегі пәтеріне жаяу маң-маң басып келе жатқан кең-мол сұр макинтош, сұр шляпа киген Жұмабек ағаны зор алғыспен көз алдыма елестетіп, ол кісімен кездескен кезімді сағынышпен еске алам. Қазақ халқының ұлы перзенттерінің бірінің кіндік қаны осы өңірде тамып, Сарыарқаның самалын жұтып ер жеткен ғой. Елімізге Тәшеновтей қайсар қайраткер берген мынау самал ескен ұшы-қиырсыз далаға мың да бір рахмет!.. Тек бір өкініштісі – Жұмекеңнің халыққа деген махаббатқа толы ұлы жүрегі соңғы рет Азаттық таңынан көп бұрын соққаны болар... Бірақ, қайтесіз. Өмір дейтін шіркінде өкініш дейтін өртеңгір де кездесіп қалатын көрінеді ғой. Сірә, жаратылыс заңы болар... Арғынбай БЕКБОСЫН. Ол кісінің алдына мұндай шаруамен бару ниеті менде мүлде жоқ еді. Ойда жоқта оқыс «ойналып кеткен», ішінара өзім де қатысқан, кіп-кішкентай тіршілік драмасы себепкер болды бәріне... Ілгеріде, өткен ғасырдың 62-ші жылында Мәскеуде жатқан өкіметтің жарлығымен Қазақстанның Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылып, орталығы Шымкент қаласы болып белгіленді де екі қанаттағы екі өңірден солай қарай бірталай көш қозғалды. Көштің көркі де, иесі де негізінен өссем, өрлесем деген ақ жағалылар болғанымен қапталдасқандар қатарында тапанша ұстаған қызыл жағалылар мен қалам ұстаған бірді-екілі журналистер де бар еді. Кейінгілер дүрмегіне жастықтың желігі ме қайдам, әне-міне алынатын коммуналдық пәтерге де қарамастан жиырма бес жасар журналист – мен де қосылып кеттім. Жаңа қызметім – республикалық радионың өлкедегі меншікті тілшісі. Қамтитын өріс кең, сонау Арал теңізіне дейін созылып жатыр. Қарауымда: Шымкентте – жеңіл машина, Қызылордада – үш дөңгелекті мотоцикл, айдаушыларымен. Пәтер де берілуге тиіс, мемлекеттік комитет төрағасы Кенжеболат Шалабаевтың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Сабыр Ниязбековке арнайы хаты бар. Бірақ Шымкентке келісімен аңғарғаным – пәтерді күтуге тура келеді. Рас, жедел салынып жатқан үйлер өте көп, көше-көше. Бірақ талапкерлер одан да көп және шетінен шақыртумен келген едәуір дәрежелі қызметкерлер... Әуелгі әзірде жаңа жердегі жаңа жұмыстың қызығымен мейманханадағы жайсыздықты онша сезінбесем де келе-келе отбасымды көшіріп әкелу керектігін түсініп, жекеше пәтер іздей бастадым. Олар да кәт екен: мен секілділер қаптап жүр, студент жастарда, тіпті, сан жоқ... Ақыры қорғасын зауыты жақтағы Кен кешу дейтін көшедегі бір өзбек кемпірдің кішкене дәлізі бар бір бөлмелі үйін әрең таптым-ау! Тапқаным бар болсын, әлгінің... пеші жоқ екен! Ортада қисық-қисық қуырын тот басқан темір пеш-буржуйка тұр. Еден де тақтай емес, жәй балшық сыбақ... Амал жоқ, 62-нің қара күзінде Жамбылдағы отбасымды осындай «жұмаққа» әкеп қондырдым. Талай қиындықты бастан кешірген Теберік анамның өзі: «Балам-ау, Арғынтай-ау... мынау... мынау...» дей берді даусы дірілдеп. Арғы жағын айтпады. Шамасы, мені аяды ғой деймін... Қойшы, сонымен итшілеп қыстап шыққан соң басқа пәтер іздей бастадым. Қаладағы талай қақпаны қағып жүріп, Бостандық көшесінен бір үйге кезіктік. Ауласы әжептәуір, үй де көлемді. Кең веранданың екі шетінен екі есік кетеді, әрқайсысында үш бөлмеден. Соның бір жағы жалға беріледі екен. Пәтерақы мөлшерінің жоғарылығына қарамастан бір күн де болса жайлы отырайық деп келістік те көшіп алдық. Үй иесі – тайқы маңдайының жұп-жұқа терісі әбден күнге қақталған қыр мұрынды, қара мұртты Әнуар дейтін кісі жас шамасы қырықтардан асқанына қарамастан тым қағылез, күйгелектеу көрінді. Есесіне әйелі, ақ бауырсақтай келісті келіншек Ұмсындық жеңгей салмақтылау сияқты. Отағасы бір базада істесе, жеңгей үйдегі мектеп жасындағы әлі кішкенелеу үйелмелі-сүйелмелі үш балаға қарайды екен. Жаздай, күздей үй иелерімен арақатынаста ешқандай ақау болған жоқ. Әрдайым оң қабақпен берілер сәлем түзу еді. Тек... тек, әттең, 63-тің ең соңғы күніндегі болмашы нәрседен бұзылған көңіл, шатаққа жақын шарпысу болмағанда... Шымкентте жамбылдықтардың кейбірімен, әсіресе, журналистермен ағайындық араласатын болатынбыз. Өзімнен он бес жастай үлкен Смет аға Ағысовпен солай едік. Ол кісі өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істейтін. Смекеңмен, Ақмаңдай жеңгемізбен жаңа 1964, жылды бірге қарсы алмақ болдық та ол кісілер кішкентай сәбилері Ғалымды көтеріп кешке қарай қар құйып тұрғанына қарамастан біздікіне келді. Көңілді бір отырыс басталып кеткен. Әлден уақытта шаң-шұң дауыс көңіл бөлді. Білейінші деп сыртқа шыға беріп ем Әнуар қарсы кездесті де маған қарай сұқ саусағын кезеп тұрып: – Ертең түске дейін үйді босатыңдар! – деді ызғарлана. – Неге... не боп қалды? – дедім мен сасқалақтай. – Сұра анау қатыннан! – Әнуар үйінің есігін тарс жауып кіріп кетті. Сыртқа қарасам Ақмаңдай жеңгей баласының шалбарын кигізіп жатыр екен. – Не болды, жеңеше? – О-оу, мына хозяйндарың жынды ғой өзі! – деді Ақаң ентігін әрең басып. – Баланың қағын дәретханаға апарып тастармын деп қарға отырғызып ем, әлгі аузына келгенін құспасы бар ма! Ойпырай, қайным, мұндаймен қайтіп көрші боп отырсыңдар өзі, анық пәле ғой мынау!.. Өз-өзімді әрең билесем де жеңгейді тыныштандырып үйге кіргізген соң Әнуардың есігін айқара аштым. Қар-қар етігімді шешпестен төргі бөлмеге өттім де диванда телевизор көріп отырған қожайынға үрпиісіп қалған үй ішінің көзінше сұқ саусақты енді мен кезедім. – Әнеке, біріншіден, ертең мен көшпеймін!.. Екіншіден, бүрсігүні горисполкомға барып мынау үйіңіздің қазір өзіміз отырған жартысын, ауланы бөлгізіп, заң бойынша меншіктеп аламын... Жекеменшіктің артық тұрғын үй алаңын мемлекетке алып, оны біз секілділерге беру туралы заң шыққанын және оның орындала бастағанын білмесеңіз бұдан былай білетін боласыз! – Осылай дедім де есікті енді мен тарс жаптым. Шығып бара жатып көзім шалғаны – Әнуардың ашылып қалған аузы болды. Дастархан басын қайта қыздырдық. Бір уақытта Ұмсындық кірді де әуелі бәрімізді жаңа жылмен құттықтап, маған: «Қайным, бір минутқа шығып кетші» деді. Шықтым. Ұмсындықтың көз шарасына, неден екенін қайдам, жас ұялап қапты. – Қайным, ақымақ ағаңды кешірші... біз үшін... Оның осындай ойланбай сөйлейтіні бар. Кешіре салшы... – Кешірдім, жеңгей. Сіз үшін... Ал Әнуар ағадан енді ойланбай сөйлеуді үйренетін болармыз... Ертеңіне қатты ойландым. Пәтерді ертерек алу жайын. Өлкелік партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Екейбай Қашағанов ағадан көмек сұрайын деп шештім. Ол кісі мені Жамбылдан білетін. Мұнда да іш тартатын. Кейде өлкелік комитетте кездесіп қалғанымызда екінші қабаттағы кабинетіне ертіп барып, жағдайымды сұрайтын. Ондай кездерде ағаның мазасын алмай-ақ қояйын, бұл кісісіз-ақ шешілер деп пәтер жайын айтпайтынмын. Енді айтпасқа амал жоқ... – Анау бір иттің қорлығы өзіңе әбден-ақ өткен екен-ау, інім. Кездеседі ғой, тіпті, көп қой мұндай ұяттың, мейірімнің иісі мұрнына бармайтындар! Қоғамымыздың бір соры да сол шығар, – деп Екейбай аға талайға дейін қинала ойланып отырды да бір мезгілде бір байламға келгендей серпіле үн қатты, – былай етейік. Мен мұнда Шалабаевтың хатын таптырып алып қозғау салайын. Бюрократизм қайда жоқ дейсің... Ал сен өзің облаткомдағы Жұмекеңе, Тәшенов жолдасқа, барып бар жағдайыңды, қолыңда әскери пенсия алатын қарт анаң бар екенін айт. Ол кісі, сөз жоқ, көмектеседі. Тек мен жіберді деме... Ағамыз мен нұсқау беріпті деп сырттай үндемегенімен іштей намыстанып қалар... Қайткеңде де ол кісінің көңіліне тимеу керек... Жұмабек Тәшенов... Бұл кісінің атақ-даңқы елуінші жылдардың аяқ кезінде дүрілдеп, шарықтап барып сәл кейінірек онысының қанаты шарт сынғандай бірден құлдилап, төмендеп кеткен-ді. Тіпті, өшкендей де еді. Ал одан бұрын өзім ол кісіні алғаш рет 57-нің аяқ кезінде ҚазМУ-дың акт залынан көргем-ді. Қазақстан Үкіметінің басшысы бізге, студенттерге, арнайы келіп, елдің экономикасы, жоспарлары туралы бір сағаттай лекция оқыған-ды. Дұрысы, ол кісі оқыған жоқ, сан-сапалақ цифрлар мен фактілерді, терең-терең талдауларды ешбір қағазсыз-ақ мүдірместен өзінің сәл қатқылдау қуатты даусымен санамызға сіңірген-ді. Оның үстіне шашын қысқалау қидырған, толық аққұба жүзді кісінің бүкіл болмысынан сарқылмас қайрат, мұқалмас сенім сезілгендей еді. Арада біраз уақыт өткен соң «Тәшенов бір мәселеде Хрущевқа қатты қарсы келгендіктен орнынан алыныпты!» деген хабар дүңк ете түскен. Не мәселеде?.. Ол жөнінде ол кезде ешкім жарытып жақ ашпады ғой. Тек 1964 жылғы 14 қазанда зорлықшыл волюнтарист тақтан қуылғаннан кейін ғана ғой ақырын-ақырын айтыла бастағаны. Тәшенов Қазақстанның Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар секілді бес бірдей облысын Россияға қоспақ болған Хрущевтің арам жоспарына қасқая қарсы тұрып, елінің тұтастығына қалқан болған екен ғой!.. Міне, сонысы үшін қуғын көріп, қызмет жағынан құлдыратылған ол облатком төрағасының бірінші де емес, әлеуметтік мәселелер жөніндегі елеусіздеу орынбасары ғана. Ал барша билік партия органдарында екенін есепке алсаңыз әлгі лауазым одан бетер құнсызданады... Бірақ амал не, сондай құнсыздау орында мемлекеттік алып қайраткер отырды... Енді, міне, Екейбай ағамның кеңесімен сол кісіге баруым керек. Журналистік жұмыс бабымен емес, жеке бастың қамымен. Ұяттау. Әсіресе бірінші жолға. Бірақ, амалым қайсы... – Кел, шырағым... Қоңыр есік ашылып, шағындау кабинеттің табалдырығынан аттағанда алғаш естілгені – мейлінше жұмсақ дауыспен айтылған осы екі сөз болды. Төрдегі сөз иесінен ол кісі нұсқаған орындыққа отырар-отырмаста байқалғаны – Тәшенов сонау жылғыдан қатты өзгеріпті. Шашына ақ араласыпты, аққұба жүзге, ақ маңдайға онша терең болмаса да айқыш-ұйқыш әжім түсіпті. Шаршағандық, қажығандық ылғиында сезіле ме, қалай... Тек шарасы ашық қара көздерде жылы бір ұшқындар шашыла маздайды... Молынан пішілген толық тұлғасы да аз-кем босаңсып таразыланғандай. Неден бастарымды білмей әрі аңызға айнала бастаған атақты адамнан қысылғандықтан ба, үнсіздік тұтқынына түскен мені ол кісінің өзі құтқарып жіберді. – Келгендегі шаруаңды айта бер, қысылма, шырағым. Сен журналиссің ғой. Ал журналистер батыл болу керек, – деп емен-жарқын езу тартты. Осы езу тартуының өзі де маған еркіндік бергендей лауазымды басшының алдында емес, жанашыр ағамның жанында отырғандай бар жағдайымды іркілместен ақтаруға ауыстым. – Аз уақытта көп қиындық көріп қапсыңдар-ау. Сендер жассыңдар ғой... әсіресе, қарт анаға обал болған екен... – деп біраз ойланып отырды да хатшы орыс әйелді шақырды. – Найдите мне товарища Тыныбаева... Тыныбаев, менің білуімше, Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы. – Тыныбаев слушает, – деген қырылдаңқы дауыс естілді. Жұмекең трубканы көтерді. – Жомарт Бұланович, қане, айтшы: мен мұнда келгелі сенен бірдеме сұрадым ба?.. Дұрыс айтасың – сұрағам жоқ... Енді... енді сұрағалы отырмын. Және сен сұрағанымды береді деп сұраймын... Немене деймісің... Иә, менің алдымда Қазақ радиосының осындағы корреспонденті... ә-ә, Бекбосынов жолдас отыр. Оған пәтер өте-мөте керек, қарт анасы бар... Жақын арада қалада қай үй бітеді?.. Проспект Гагарина, сорок шесть... Мына журналист інішекке содан үш бөлмелі пәтер бересің... Смотри, запиши отдельной строкой, что бы потом не было никакого недоразумения... Түсіндің ғой мені? Вот и хорошо... Рахмет, сау бол, Жомарт Бұланович... Жұмекең маған мейлінше жылы жүзбен мейірлене қарады. – Естідің ғой, жаңағы горисполком председателі Тыныбаев қой, сөзде тұратын азамат. Соған жолығарсың. Пәтер жақында боп қалады... Анаңа менен сәлем айтарсың... Жұмабек ағадан төбем көкке бір елі жетпей шықтым. «Не деген ғажайып адам!.. – деп ойладым шексіз ризалық, алғыспен. – Жағдайымды қалай жақсы түсінді! Жанашырлығы қандай!.. Осындай кісіге қиянат жасаған, әй, нәлеті Хрущев-ай!..». Қартайғанда кісі есігінде жүрген анамды қуантпаққа Бостандық көшесіне қарай құстай ұштым... Арада бір айға жетер-жетпес уақыт өткенде су жаңа үш бөлмелі пәтерге көшіп қондық. Қуанышымызда шек болған жоқ. Облыстағы мәдени құрылысқа байланысты сұхбат алуға барғанымда Жұмабек ағаға анамның да алғысын жеткіздім. Әңгіме үстінде ол кісі туралы «қиын кездегі жарылқаушымыз ғой» деп ойлағаным есімде. Оған қоса «Тәшенов біздің үйді ғана ма, бес облысымызды яғни республиканың үштен бірін сақтап қалып, бүкіл Қазақстанды жарылқаған жоқ па?!..» деген де толқынды ойлар алыстарға маңған... * * * ...Бүгінде анда-санда Астанаға жол тартам. Тараздан шыққан пойыз таң ата елорданың бер жағындағы бекет – Аршалыға, бұрынғы Вишневкаға жетеді. Сонда мен әрдайым Шымкенттегі қызметінен Коммунист көшесі 41-үйдегі пәтеріне жаяу маң-маң басып келе жатқан кең-мол сұр макинтош, сұр шляпа киген Жұмабек ағаны зор алғыспен көз алдыма елестетіп, ол кісімен кездескен кезімді сағынышпен еске алам. Қазақ халқының ұлы перзенттерінің бірінің кіндік қаны осы өңірде тамып, Сарыарқаның самалын жұтып ер жеткен ғой. Елімізге Тәшеновтей қайсар қайраткер берген мынау самал ескен ұшы-қиырсыз далаға мың да бір рахмет!.. Тек бір өкініштісі – Жұмекеңнің халыққа деген махаббатқа толы ұлы жүрегі соңғы рет Азаттық таңынан көп бұрын соққаны болар... Бірақ, қайтесіз. Өмір дейтін шіркінде өкініш дейтін өртеңгір де кездесіп қалатын көрінеді ғой. Сірә, жаратылыс заңы болар...

Арғынбай БЕКБОСЫН.

Тараз.

Ұқсас жаңалықтар