Ел тарихындағы хандық дәуір

Ел тарихындағы хандық дәуір
ашық дереккөз
Ел тарихындағы хандық дәуір

Қазақ хандығы құрылуының еліміздің төл тарихында алатын орны айрықша. Бүгінде өткеніне бес ғасырдан астам уақыт болған кезеңнің тарихи тағылымын әсіресе жас ұрпақтың бойына сіңіру қажет. Осыны мақсат тұтқан облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Жастар сарайында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арнап «Қазақ хандығының тарихтағы мәні мен рөлі» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды.

9Өңірдегі зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, ардагерлер, жоғары оқу орындарының оқытушы- профессорлары, студент-жастар қатысқан жиынды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. – Кез-келген халық өзінің тарихын жетік білуі керек. Ұлтымыздың тарихында Қазақ хандығының алатын орны ерекше. 550 жылдық тарихы бар Қазақ хандығының әр кезеңі топтасып келіп, біздің төл тарихымыздың сүбелі бөлшегін құрайды. Мұны Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің атақты «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде жазғанын баршаңыз жақсы білесіздер. Елбасымыз биылғы халыққа Жолдауында Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толған мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтілетіндігін айтты. Биылғы жылдың еншісіндегі айрықша мерекенің куәсі болу да біз үшін бақыт. Айтулы мерекенің Тараз жерінде атап өтілетіні де бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Мерейтой аясындағы бүгінгі іс-шарадан жастар үлкен тағылым алып қайтады деген сенімдеміз, – деді Рахия Сейітбекқызы өзінің кіріспе сөзінде. Келесі кезекте сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ш.Тілеумұрат Қазақ хандығының тарихында жастар нені түйсініп, көкейіне түюі керек деген ой аясында пікір білдірді. Мерейтойдың мемлекеттік тұрғыдағы маңыздылығына, рухани, тәрбиелік тағылымына кеңінен тоқталды. Жалпы ғылыми-тәжірибелік конференцияға тарихшы ғалымдар тарапынан барлығы елуге жуық мақала түсіпті. Жиында соның бірқатары жұртшылық назарына ұсынылды. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Абдуалы «Қазақ хандығының мемлекеттілік тарихымыздағы орны мен маңызы» атты баяндама жасады. Ал «Көне Тараздың ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Т.Молдақынов «Хандықтың қайнарында» тақырыбы аясында өз ойын ортаға салды. Сонымен қатар жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Филология және журналистика» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы М.Көпбаева «Хандық дәуірдегі сөз өнерінің идеологиялық маңызы», тарих ғылымдарының кандидаты Б.Жүрсінбаев «Қазақ хандығының тарихын зерттеудің өзекті мәселелері», заң ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.Нұрманбетов «Қазақ тарихында Абылай ханның саяси қызметінің мәні мен маңызы», Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің доценті, PhD докторы Н.Әбдімомынов «Қазақ хандығының құрылуындағы «Алтын Орданың рөлі», тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Е.Серікбаев «Тіл – Мәңгілік Ел идеясының өзегі» тақырыбында баяндама жасады. Тарихшы мамандардың Қазақ хандығы тарихының әр кезеңін зерделейтін баяндамаларының қай-қайсысы болсын өзінің мазмұндылығымен дараланып, тақырып ауқымын аша білді. Одан жиынға қатысушылар үлкен тағылым алып қайтты.

Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар