Әке рухымен сырласу

Әке рухымен сырласу
ашық дереккөз
Әке рухымен сырласу

төрдегі сурет

Әке! Неткен қасиетті де, қастерлі есім. Сенің жүзіңді, асыл бейнеңді көрген жоқпын. Сонда да маған суреттегі бейнең сондай жақын да ыстық. Мен сізді ауылдастарың мен анамның айтуынан ғана білемін. Біздің үйде анаммен және досыңыз Айтқазымен бірге түскен кішкене суретіңіз бар. Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екем, соғыста жүргенде түскен тағы бір сурет бар екен ғой, майдандас досыңызбен түскен. Алғашқы суретті Мәкен Уақтегі досым арқылы Төле би ауылында тұратын Алтыбай Орманов деген суретшіге майлы бояумен үлкен суретін салғызып, үйдің қақ төріне іліп қойғам. Кішкене кезімде ауылдастарың – көнекөз қариялар: «О, жарығым, әкеңнен аумай қалыпсың, ой, алтыным, әкеңнің артында қалған түтінін өшірмейтін тұяқсың сен», – деп еміренуші еді, жарықтық, абзал жандар.

Және тағы да өзіңнен қалған екі құжат бар. Ол – ауылдық кеңеске депутаттық белгі мен Шымкент қаласындағы бастықтарды даярлайтын курсты бітіргендігің жайлы құжат. Бұл құжаттарды сары майдай сақтап отырмын. Кейін немерелерің мен шөберелеріңнің біріне табыстармын. Осы құжаттар арқылы-ақ мен сізді абзал жан екеніңізді таныдым. Анамның айтқан әңгімелері жайлы жақсы жақтарыңызды сезіндім. Әйтсе де қазір өзім үлкен қария болсам да, сіздің мерейлі де ыстық құшағыңызды қатты сағындым!

Өмірі – ұрпаққа өнеге

Менің әкем Кішкентаев Әлхан 1909 жылы Шу ауданы Ақсу ауылында дүниеге келген. Ауылдың бұрынғы атауын білмедім. Кезінде үлкен кісілерден сұрап алмаппын. Әкем өзінің өжеттілігінен шығар, білімді жан болған сияқты. Сол кезде науқандық жұмыстарға белсене араласып, билік төңірегінде қызмет еткенге ұқсайды. Анамның айтуынша, колхоз есепшісі, одан кейін колхоз бастығы болған. Колхоз тірлігін күндіз-түні атқарып, үлкен абыройға жеткен. Соның нәтижесінде ауылдық кеңеске әлденеше рет депутат болып сайланады. Ағасы Кішкентаев Оспан алғашқылардың бірі болып Ұлы Отан соғысына қатысады. Ол кезде колхоз басшыларын соғыстан алып қалып, ауылда да қызмет істеу үшін «бронь» беріледі екен. Әкемізге «бронь» берілуіне байланысты соғысқа бармауға да болады. Бірақ, «мен коммуниспін, менің орным алдыңғы шепте, әйелдермен, бала-шағаммен, үлкен қария, қарттармен бірге ауылда қалғаным азаматтық арыма сын» деп әскери комиссариатқа қайта-қайта арыз беріп жүріп, армияға сұранып кетеді. Егер өз қамын ойласа, ауылда да бірталай істер тындыратын еді ғой. Одан кейін өзінің ең кенже інісі Кішкентаев Алдашбек те армияға алынады. Анамның айтуынша, ол Курск доғасы ұрысына қатысқан. Содан ағасы мен інісі жараланып, туған жерге оралған. Ал менің әкем оралмады. Анам өмірінің соңына дейін әкемді сарғая күтті. Неге екені белгісіз, әкемнен қалған құжат тек қана жоғарыдағы айтылған дүниелер ғана. Сауатсыз анам Ақбілек (Ақыш) Белғожақызы жұбайым тірі деп өкіметтен ешбір жәрдемақы алмаған. Ең болмаса, Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі деп те, тыл ардагері деп те оған құрмет көрсетілмеген. Қол қусырып отырмай анам колхоз тірлігіне аянбай араласып, еңбек етті. Соның нәтижесінде болар, әйтеуір, тың игерудің жиырма жылдығы кезінде медальмен марапатталған. Мен кейін әкемнің хабарын білмек мақсатпен Ресейдің Мәскеу түбіндегі Подольскі қаласының архивіне сұрау салғанымда, көп ұзамай жауап келді. Бірақ анам «бұл мағлұмат қате, кейін ол соңғы хатында «Біз Берлинге жақындап қалдық, жақында жауды жеңеміз!» деп жазған деп, сенбеді. Күтумен, келер деген үмітпен сексен жастан аса өмір сүрді. Тек әкем хабарсыз кетті. Шіркін, өмір берсе Алла тағала, әкемнің жатқан жерін тауып, туған жердің топырағын салып, тағзым етсем деп армандаймын. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, ардақты әкем менің! Ауылдағы мектеп жанындағы соғыстан қайтпай қалған боздақтарға арналған ескерткіште әкемнің аты-жөні жазылған. Енді жақында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнап жасалып жатқан Шу ауданынан қайтпай қалған боздақтарға арналған стеллаға да оның аты-жөні ілінсе екен.

Төреқұл Әлханұлы, зейнеткер.

Ақсу ауылы, Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар