Мерекелік леп Жуалыға да келіп жетті

Мерекелік леп  Жуалыға да келіп жетті
ашық дереккөз
Мерекелік леп Жуалыға да келіп жетті
«Жеңіске тағзым!» атты ұранмен ауданға Жеңіс пойызы келді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған бұл шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастамашы болып отыр. Оған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның Жамбыл темір жол бөлімшесі қолдау көрсетуде. Жеңіс пойызы Тараз қаласынан шыққан бетте ауданымыздағы алғашқы темір жол бекеті Күркіреусу стансасына келіп тоқтады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған үгіт-насихат тобын Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары әсем әнмен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Күркіреусу бекетінің алдында өткен шағын митингіде Ақтөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілиас Дүйсебай сөз сөйлеп, аталық ақ батасын берді. Бұдан кейін Жеңіс пойызы Сұрым стансасында болып, тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп, ауыл шаруашылық азық-түлігін арзандатылған бағамен саудалады. Жеңіс пойызы түс ауа аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы Боранды (Бурное) стансасына келіп тоқтады. Станса алдында митинг болды. Митингіні Б.Момышұлы ауылының әкімі Бақыт Қалышбаев ашты. Аудан тұрғындарын Жеңіс пойызының төрағасы, Жамбыл темір жол бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков құттықтап, үгіт-насихат тобының мақсатымен таныстырды. Одан кейін Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдікерім Жолдасов пен аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай сөз сөйледі. Олар Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл шараға ризалықтарын білдіріп, Жеңіс пойызының көрсеткен қызметіне аудан тұрғындары атынан алғыс айтты.

Марат Құлибаев, журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар