Батыр Бауыржан

Батыр Бауыржан
ашық дереккөз
Батыр Бауыржан

4Қазақ халқының даңқты ұлы, Ұлы Отан соғысының қаһарман қолбасшыларының бірі Бауыржан Момышұлының батырлығы туралы айтып жатудың өзі артық. Оның соғыс жылдарындағы ерлігі мен өрлігін, ұлттық намысты ту еткен бірбеткей қайсарлығын әлденеше ұрпақ үлгі етіп өсіп келе жатыр. Ол – қазақ әскери прозасының негізін қалаған жазушы. Оның «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», «Соғыс психологиясы», «Қанмен жазылған кітап», «Офицер жазбалары», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері» сынды туындыларын оқып, ер жеткен ұрпақ өкілдерінің бірі – Мақұлбек Жаналиев. Ол – өзінің өмірін ішкі істер органдарында қызмет етуге арнаған тәртіп сақшысы. Құрметті еңбек демалысында болса да белсенді қоғамдық еңбектен тыс қалған емес. №1 Полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Тараз қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Жастар тәрбиесінің бел ортасында жүрген белсенді қарияларымыздың бірі. Мақұлбек Жаналиевтің қолы қалт еткенде қалам ұстап, жүректен шыққан маржандай сөз тізбектерін ақ қағаз бетіне өлең етіп төгіп жіберетіні де бар. Сондай шабытты шақтардың бірінде ол Бауыржан Момышұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғасына толғау арнапты. Әрине, Мақаң – тума талант, кәнігі ақын емес. Оның осынау жыр жолдарынан асқан көркемдік немесе төгіліп тұрған ұйқастың жетіспей жатуы да әбден мүмкін. Бірақ, батыр Бауыржанның өршілдігі мен көзсіз ерлігі, қолбасшылық үлкен көрегенділігі, сезімталдығы мен ұлтжандылығы Мақұлбек Жаналиевтің бұл толғауында зор шабытпен жырланады.

Ассалаумағалейкум, ағайын, Әуелі амандасып алайын. Жеңістің 70 жылдығында, Бауыржан Момышұлын Естеріңізге салайын, Өлеңдерім жалынды, Қыздыратын қаныңды. Ұрандап атой салатын, Бауыржандай арынды. Қанмен жазған кітапты, Сұрапыл ұрыс шайқасты. Құлағыңмен естімей, Жүрегіңмен тыңдағын. Төзімді болып шыдағын. Өнерді сүйген жан болсаң. Батыр ұлдың рухын, Әділ болсаң қолдағын. Бауыржан батыр ер үшін, Заманында бір туар. Ерекше туған өр үшін, Көңіліңді, халқым, бұрамын. Табиғат пен адамнан, толғап өлең құрадым. Туған жері Жуалы, Ата мекен тұрағы. Табиғаты шырайлы, Күннің түскен шуағы. Жері майлы құнарлы, Таулардан биік тұрады. Мыңбұлақтай бір бөлек, Өзені Теріс ағады. Алатаудан бас алған, Айтулы Ақсу-Жабағылы. Бетінде ойнар шабағы, Жағасында елік-маралы. Қалақайдан қарап арқары, Алатау мен Қаратау. Шақпақтау мен Құлантау, Алақандай аясы. Таулар болған саясы, Самалдан ескен ауасы. Таңғажайып табиғат, Неткен сұлу ғаламат. Керемет жерде өскен соң, Зиялы ғұмыр кешкен соң, Отанға деген махаббат, Зердесінде піскен соң. Батыр болмай кім болар, Бауыржандай ер болар. Ерлік біткеннің үлгісі, Батырлықтың белгісі. Елі үшін еңіреп туған ер, Ешбір елде жоқ теңдесі. Көз алдымнан кетпейді, Аңыз ерліктерінің елесі. Салыстырсам басқамен, Төбедегінің төресі. Ұлтымның мақтаны, Туған елдің ардағы. Кек пен ыза жауға дөп, Қадалады оқ болып. Жекпе-жекте ұрыста, Қаһарымен жеңеді. Айла-тәсілді соғыста, Алғашқыда-ақ меңгерген. Қоршаудан шығу амалын, Қолбасшыдай игерген. Шауып өтсе, аз қолмен, Жауы құлап күйреген. Суық қанды қағылез, Айналып өтуді білмеген. Шабуыл жасап ұрыннан, Жаудың шаңын суырған. Қаталдықпен басқарып, Жайпап өтуді бұйырған, Жуалы мекен елінде, Қайталанбас ұл туған! Суға салса батпаған, Отқа салса күймеген Киелі болып туылып Жау оқтары тимеген. Сол бір қырғын ұрыста Фашистерді илеген. Қарсы келген жаулардан, Тайсалуды білмеген, Жауға кегі соншалық. Ешқашан бас имеген. Арпалысып соғыста Қарыс жерді бермеген. Ұрыстарда қол бастап, Гвардия полковнигі, Дивизияны билеген, Екіжүзді қас жауы, Сатқындарға сенбеген, Қиқарларға көнбеген, Халқы үшін жан аямай, Жұлдыз болды сөнбеген. Іс-қимылы тура боп, Зұлымдыққа төзбеген, Қара-құйын дауылдай. Шайып өтер жауындай, Қызба келер тау ұлы, Тесіп өтер найзадай. Оттай жанып мінезі, Шарпып өтер найзағай! Түксиіп бейне түнерген, Туған жердің тауындай. Озбыр менен арамның, Еркіне дес бермеген. Бұл жалғанда ешқашан, Жеңіліп жаудан көрмеген, Қолбасшыға лайықты Қасиетті еді көреген Қайда жүрсе тілекші, Туған жері жебеген, Сегіз қырлы, бір сырлы, Заманында ерлеген. Зиялы һәм тектілік, Сыйлы болып төрлеген. Талаптыдан түлеген, Аузынан жалын шарпыған. Аязындай қыстағы, Қабағы қатып түнерген. Жауынан қайтып көрмеген, Ешкімге дес бермеген. Қырандайын шүйілген, Бүркіттейін түйілген. Жауларын түре қусырып, Бас салып бірде бүйірден, Қол салып бірде іңірден. Қайталап келіп тиіскен, Ұйықтамай таң сәріден. Дұшпаны қайтып кәрінен Соғыс өнері – машығы, Талант дарып Тәңірден. Өжеттік пен тапқырлық Көргендік пен алғырлық Туа біткен қасиеті, Анты мен серті, тек шындық! Алдын болжап білетін, Халқы үшін туылып, Жайын ойлап жүретін. Болашақты болжаған, Қорғаныс қамын ойлаған. Тәуелсіз әскер болса деп, Бар ғұмырын арнаған. Жуалының мөлдір суындай, Әділдікті таңдаған. Шындықтың биік шыңындай, Қаруын сертке ұстаған, Қылыштың өткір қырындай, Қара қылды қақ жарған, Айтқанынан қайтпаған. Жамандыққа баспаған, Тура сөйлеп, тік айтып Тек алға қарай аттаған. Отан деген отты сөз, Жүрегінде жатталған. Атадан туған ұл болып, Ана есіміндей сақталған! Панфилов болды ұстазы, Талғарда әскер құрады. Көп ұлттан біріккен, Дивизияға сарбаз жинады. Бауыржандай қыранды, Бір көргеннен ұнатты. Ұстаздан алған өнеге, Тасытты қайнар бұлақты. Қызбалыққа салынса, Ақылымен тоқтатты. Қате кеткен кез болса, Әкесіндей жақтасты. Көрегендей көз болып Иландырды сөзіне Панфилов берген тәрбие, Мәңгілік қалды есінде. Ескерткішін салдырды, Туған жердің төсінде. Жиырма сегіз батырдың, Саябағы көркем-ді. Халқы болып қолдаушы, Алматыда жайнап тұр. Қазақ ұлы Бауыржан Туылса дағы дауылдан. Әруақтарды сыйлады, Жаралып ет-бауырдан! Өз жүрегін тыңдады, Өлімге ерді қимады. Кітап жазып қалдырып, Тарихқа із салдырып, Ризалығын білдіріп, Мәңгіге Панфилов Иванды. Өшпестей етіп жырлады, Москва үшін шайқаста, Қоян-қолтық айқаста. Артымызда Москва, Бәрімізге астана. Шегінуге жол жоқ деп, Атой салып ұрандап. Үркітіп жауды қашырған.

*** Жырымды әрі жалғасам, Келешек болып мақсаты, Аңыз болып жақсы аты. Жетті бізге арманы, Әскери жолды таңдады. Ұлы соғыс ерлерін, Өшпестей етіп сомдады. Зұлымдыққа ор қазған, Өтірікке көр қазған. Арамдыққа қас болып, Шындықтан қамал тұрғызған. Бауыржанды асқақтату – Алпыс жылдық арманым. Аспандатып шарықтату, Жетсе өнерім, талғамым, Халық Батыры атандың! Бермей қойды кезінде, Серебряков қанша жазса да, Бұйыртпады, алмадың. Қилы заман өткенде, Уақыты жеткенде, Президентіміз қолдады. Үзіліп кеткен үмітке, Шындық келіп орнады. Батырлықты алдыңыз, Адалдықпен қалды із! О дүниеде сездіңіз, Бір аунап түсіп жаттыңыз, Елдің қамын ойлаған, Батырларды қолдаған, Риза болып халқымыз, Көп рахмет айтамыз, Әділдікті орнатқан. Сізге сенім артамыз, Бәрі сіздің арқаңыз! Ескерткішін Таразда, Достық атты алаңда. Бір айнымай өзінен, Сән болып тұр қалама! Атыңды айтып жасымнан, Мектеп есігін аттағам. Аңыз, атақ, даңқыңды, Бесік жырындай жаттағам. Батыр ағам Бауыржан, Әлем сізді таныған. Абыройыңа мақтану, Маңдайыма жазылған. Адал жүрек, ақ ниет, Адами биік қасиет. Тұла бойың өсиет, Берік ұстап туыңды. Көп ұлтты халқымыз, Құрметпен сізге бас иед!

Мақұлбек Жаналиев, ішкі істер ардагері.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар