«Мен бір жанмын өтер мәңгі жыр жазып...»

«Мен бір жанмын өтер мәңгі жыр жазып...»
ашық дереккөз
«Мен бір жанмын өтер мәңгі жыр жазып...»
Қайырбек Асанов деген есімді қазақ әдебиетінде мойындалған шығармалары арқылы біз естіп білгелі қашан. Ол оқушы күніміз болатын. Жаңадан бірер өлең (олай деуге де келмес, мүмкін) жазып жүрген мен үшін республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы Қ.Асанов Алатаудай биіктеп тұратын. Сағымдай болып алыста қалған сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елімізге кең тарайтын газет-журналдардан Асановтың асқақ өлеңдерін оқитынбыз. Мәселен, «Менің сырым» атты өлеңіндегі «Ақынмын деп айтуға да қорқамын. Ақындығым – Күн, ақын – Ай, ол – таңым. Жақсылықты ағыл-тегіл ақтарып, Серісі боп қалдым талай ортаның. Көңіл деген шыны емес пе тым нәзік, Жақсы бір сөз болар оған жылға азық. Барлық шерін тарқататын музаға, Мен бір жанмын өтер мәңгі жыр жазып» деген шумақтары арқылы Қайырбек ақын сол кездің өзінде менімен сырласатын. Барша оқырмандарына жан-дүниесін ақтаратын. Қайырбек ағаны мықтап танығаныма он жыл болған шығар. Студенттерге, жастарға арналған талай айтыста қазылар құрамында қатар отырдық. Ол кісі – төраға. Сондағы бір байқағаным, әр айтыскердің өнерін әділ бағалауға күш салатыны. Әр әдемі сөзді жазып алып, ақылдасу кезінде қайтадан ой таразысынан өткізетіні. Облыстық, аймақтық айтыстарға әділ қазылық жасағанына да талай куә болдық. Бір жолы Жамбыл политехникалық колледжінде облыстық жастар айтысы өтті. Қайырбек аға қазылар алқасының төрағасы. Айтыс басталар алдында колледж директоры Жанар Рымбекқызы ақын ағасына әлгі оқу орнын, оның жаңа корпустарын, кітапхана, музей, қолөнер бөлмесін аралатқан еді. Сонда жүрегі жұмсақ Қайырбек ақын колледждің жұмысына өте риза болып, таңғалды. «Ойпырым-ай, Таразда осындай колледж бар, ә. Жазу керек, бұл жөнінде көрсетіп жазу керек қой» дейді таңданысын баса алмай. Алматыда жүргенде мұндай кереметтің талайын көрген кісі емес пе, бірақ бұл таңданысында жасандылық жоқ. «Бұл колледждің жұмысы жақсы. Бірақ, соншалық таңдайымызды қағатындай керемет емес шығар. Керемет көрсетіп тұрған ақынның көл-көсір көңілі, жүрегінің кеңдігі болар» деп ойладым. «Тіл арқылы талпынамын білімге, Ондай маған әсер етпес күнің де! Тіл арқылы табысады бар адам, Халықтың да халықтығы тілінде», – деп ақынға жырлатқан да сол жүрек қой. Ақынның «Күннің нұры қуатым» деген кітабындағы өлеңдерінің түгелге жуығы мағына-мазмұнға, ерекше теңеуге толы. «Басқаның ыстық құшағы, Өзіңдей өртеді ме екен? Бақытым – осы ошағым, Керегі жоқ ертегі бөтен. Саған арнаймын жырымды, Аққудай үлбіреген құсым. Жаныңда жүргенім үшін, Бірге өмір сүргенім үшін», – дейді ақын өмірлік жарына арналған өлеңінде. Бүгінгі қоғамда жұбайына жақсы өлең арнамақ түгілі отбасының жағдайына жүрегі ауыра бермейтін, жолдасының жанын түсіне бермейтін «таланттар» да бар. Кездеседі. Ақын одан әрі «Ұлбике» атты өлеңінде: «Естісе де озбыр қылық жат үнді, Алау күнді ән-жырменен батырды. Бүкіл дала риза болып тыңдайды, Үлбіреген Ұлбике атты ақынды», – дейді. Байқағанымыздай, ақын екі өлеңінде де «Үлбіреген» деген образды қолданады. Бұл жерде ақынның өз көңілі де үлбіреген мақтадай аппақ екенін аңғаруға болады. Одан әрі қарай ақын: «Мінезім бар өсек сөзге ермейтін, Көңілім бар жалғандыққа сенбейтін. Көлгірлікке көгендесе көнбейтін, Еркіндіктің перзентімін мен дейтін», – дейді «Ей, шындығым» атты өлеңінде. Мұны ақынның шынайы болмысы, боямасыз шын сөзі деп түсіндік. «Қыз-көктемінде»: «Бұл шақтарда аңсау қиын күнді өктем, Құмарлана иіскейміз гүлді еппен. Көкек айы үлестіріп кетіпті, Әр жігіттің құшағына бір «көктем», – деп махаббаттың ұлылығын образбен орап көрсетеді. ... Мың сәулеге бөленіп бір қайттым-ау, Бір Сәулені қуантқаным үшін мен, – деп ақын «Қолтаңба» өлеңінде ағынан жарылады. Бұл шумақтан ақынның өзінен қолтаңба алған оқырмандарға шынайы жүрекпен елжіреп тұратыны байқалады. Қайырбек Асановтың бір бақыты өмірлік серігінің ақын болып кездесуінде. Ақын болғанда да Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова. Бір шаңырақ астындағы қос ақын топтасқанда сөз жоқ шығармашылық өрлеу болатыны белгілі. «Махаббат» жинағында ақын Қайырбек Асанов ел мен жер тағдыры, Отан болашағы, бал қылықты балаларының келешегі жайлы толғанады. «Жүргенің де әдемі шай қайнатып, Жыр оқисың өмірді, елді ойлантып. Басқа байлық мансаптың керегі жоқ, Менің сені тапқаным қандай бақыт» – деп Қайырбек ақын өзінің өмірлік серігі, елдің ерке ақыны Күләш Ахметоваға көңілінің риясыз мөлдірлігін жеткізеді. Бұл жолдар өмірлерін бір арнаға тоғыстырып, бір шаңырақтың уығын мәңгілік берік ұстауға бел буған барлық жас отбасыларға, әрине, үлгі. – Менің барлық болмысымды, Қуанышым мен қайғымды, Жақсылыққа жоруыңды өтінем. Саған деген алғысымды, Түгесілмес махаббатымды, Жан көзіңмен көруіңді өтінем, – дейді одан әрі ақын «Бағалай біл» өлеңінде. Қайырбек ақынның өзінің отының жарығы, шаңырағының шуағы болған Күләш ақынға құрметінің қай кезде де еш бәсеңдемегенін: «Әжім түсіп ағарды самайың да, Қиындықтың көрдің ғой талайын да. Көре білген адамға көп нәрсе бар, Өзің жазған өлең-жыр сарайында», – деген жыр шумағынан аңғарамыз. Ақындардың жүрегі нәзік, қандай да бір құбылысқа, тосын жағдайға жан-дүниесін ауыртып, жанашырлықпен қарайды олар. Ал ондай сезім Қайырбек ақынның да болмысынан жиі көрініс беріп, өлең болып өріледі. Ақын жаратылысты сүйген көңіл күйін «Жадыратшы жанымды» атты өлеңінде: – Жаныма менің жақсылық нұрын себелеп, Оралды қайта ұясына сұлу дегелек. Қырларға сонау көктемді сыйлап жүргендей, Қос қанаттарын шапаттап ұшқан көбелек, – деген шумақтарымен әдемі суреттейді. Сондықтан, ақынның сәтті шыққан өлеңдері, оқырманға ой салатын жырлары, оқырман іздеп жүріп оқитын өлеңдері өте көп десек, бұл – барша оқырманның ойы. Біз бұл мақалада алдыңғы толқын ақын ағамызға деген інілік ізетпен сөз арнадық. Ал бағаны халық береді. Қайырбек ақын – өз оқырмандарынан әлдеқашан оң бағасын алып қойған, қазақ әдебиетіне өзіндік өрнегін әлдеқашан салған олжалы ақын. Қайырбек Асанов журналистік жауапты қызметтерде де абыройға бөленіп жүрді. Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш» газеті), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жемісті еңбек етті. Жалынды жастық шағын республикалық комсомол-жастар газетіне арнады. Болмысы бөлек редактор Шерханның шекпенінен шығып, журналистиканың үлгісі мол мектебінен өтті. Қайрекең публицистикаға да біраз алтын уақыт арнап, жан жүрегімен еңбек етті. Республикалық «Отан» журналының бас редакторы ретінде де тың идея, жаңашыл ойлай алатынын танытты. Қазақстан Жазушылар одағы әдеби қорының директоры, ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық Академияның бөлім меңгерушісі қызметінде жүргенде де жауаптылығымен көрінді. Осы сәттерде аяулы ақын ағамызға ризалықтан болар, ол кісінің әдемі болмысына, ақындыққа, азаматтыққа адалдығына деген құрметтен болар, жүрегімізден жыр шумақтары туды. Өлең деген, әрине, жайшылықта тумайды. Ақынның мерейтойына орай жазылған мақаламды сол өзімнің жүрегімнен шыққан: Алла сізге бедел берді, бақ берді, Бар сәттілік өзіңізге тап келді. Елу жылдай еркелетіп келесіз, Елдің қызы менің Күләш әпкемді. Өлеңде көп кейінгіге үлгіңіз, Шабыттың шын тұлпарына міндіңіз. Әпкемізді еркелету бір бөлек, Өлеңді де еркелете білдіңіз. Өлең сіздің егініңіз еккен бір, Шын ақынсыз маңайына төккен нұр. Жүрегіңіз мақтадан да аппақ-ау, Жырыңыз бар таң шығынан мөп-мөлдір. Тілектес боп қасыңызда әпкем жүр! Осы күні сізді іздеп сый жеткен, Қайраткерлік келді сізге бейнетпен. Жетпіс деген не тұрады тәйірі, Кенен атам сексенде тай үйреткен. Бағалады халық сізді шайыр деп, Биік айтар ойларыңыз дайын көп. Жүре берсін әдебиеттің төрінде, Бар қазаққа қадірлі ақын Қайырбек. Ерте кезден әр қазаққа ой арнап, Болмысыңды жырмен бердің баяндап. Жамбыл ақын жасына да жетіңіз, Сабыры мол мінезіңмен аяңдап, – деген жыр шумақтарыммен түйіндегім келеді. Сонымен, Қайырбек аға биыл 70 жастың ауылына жетіп отыр. Алайда, жүрегі жас ақыннан әлі талай мөлдір жырлар туатынына сенеміз. Ақынның шығармашылығына толағай табыстар тілейміз. Өрлей беріңіз, аға! Есет Досалы, ақын. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар