Әмен Қайдаров дүние салды

Әмен Қайдаров дүние салды
ашық дереккөз
Әмен Қайдаров дүние салды

Қазақ руханияты орны толмас қазаға душар болды. Тоқсан екі жасқа қараған шағында көрнекті режиссер, ұлт анимациясының атасы Әмен Қайдаров дүние салды. Әмен ақсақал 1923 жылы Қарағанды өңірінде дүниеге келген. Алматыдағы суретшілер училищесін бітіріп, 1958-1965 жылдары Мәскеудегі Мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет факультетін тәмамдаған санаулы қазақтың бірі. 1965 жылы «Казақфильм» киностудиясына режиссер болып келіп, өмірінің соңына дейін отандық мультипликациялық жанрдың дамуына үлес қосты. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Әмен Қайдаровқа өз ісінің шебері ретінде өшпес даңқ әкелген халқымыздың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты ертегісінің желісі бойынша түсірілген мультфильмі болатын. Бала танымына сай сәтті шыққан өнер туындысы ұлттық анимациялық фильмдердің көшбасшысы болып қана қоймай, мемлекет абыройын асқақтатқан еңбек болды. «Казақфильм» киностудиясына сол тұстағы басшысы Камал Смаиловтың қолдауымен 1967 жылы экранға шыққан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі әлемнің 48 елінің көрермендеріне ұсынылып, Ленинградта өткен ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальде Бас жүлдені, ал 1975 жылы Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультфильмдер фестивалінде қола жүлдені иеленген. Қазақ кинематографиясының құрметті өкілінің бірі Әмен Қайдаров ақсақалдың қазасына байланысты ұлт руханияты жанашырларына көңіл айта отырып, топырағы торқа болсын дейміз.

Ұқсас жаңалықтар