Ал соғыстан соң, 1948 жылы Пушкин көшесіндегі осы №22 үйдегі «Сталиндік жол» газетінің редакциясына Қазақ мемлекеттік университетінің журналистер даярлайтын бөлімін жаңадан бітірген, 25 жастағы журналист Кемел Тоқаев ҚК(б) ОК жолдамасымен қызметке келді. Облыстық «Ақ жол» газеті ол кезде ҚК(б) П Жамбыл облыстық, қалалық комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің үні болған. Бірақ жарты жылдан кейін денсаулығына байланысты (соғыстан алған жарақатының салдарынан) Алматы қаласына қайтып, ел астанасындағы «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттерінде қызмет етіп, жауапты хатшы, бас редактор деңгейіне көтерілген. Елуінші жылдары алғаш рет қазақ әдебиетіндегі детектив жанрын қолға алып, «Тасқын» деген атпен шытырман оқиғалы повестерден тұратын кітабын жарыққа шығарды. Ондағы «Қара мысық» (кейін атын «Көшкен үйдің қонысы қайда?» деп өзгертті) повесінің оқиғасы соғыс жылдарындағы Әулиеата қаласында өтеді.
Бұл мысал оның Әулиеата қаласында қызмет еткен жылдарында ел аузынан естіген әңгімелері негізінде жазылғанын дәлелдейді. Өйткені сол тұста Әулиета қаласында «Қара мысық» бандасы туралы аңыздар желдей есіп тұрған. Біздің ауылда «Қара мысық» бандасы мен оған қатысқан адамдарды көрдік деген қариялар да болған. Сол «Тасқын» кітабы Кемелді детектив жанрының даңғыл жолына түсіріп, кейін шым-шытырық оқиғалар жазудың шеберіне айналды. Болашақ жазушы Әулиеатаға алғаш қадам басқан 25 жасында университетті ғана бітірмепті, сонымен бірге екінші дүниежүзілік соғысқа да қатысып, оқ пен оттың, өмір мен өлімнің ортасынан бір аяғынан жарадар болып оралыпты.
Университеттегі оқуын сол сұрапыл соғыс әлегінен соң жалғастырған. Жеті жылдай бұрын жазылған «Пушкин көшесі №22» деген мақаламды түйіндей келе, «Сталиндік жол» газетінде қызмет еткен елге есімі белгілі қаламгерлердің халыққа қалам қуатымен қызмет еткен тарихи үйін тауып, қасына Жайық Бектұров, Ғайса Сармурзин, Қалмахан Әбдіқадіров, Сәйділда Төлешев, Төленді Оңғарбаев, Кемел Тоқаев, Сырайыл Керімбаев және басқалардың атыжөні жазылған ескерткіш монумент орнатсақ деп ұсыныс айтқан едім. Солармен бірге осы газетте шығармалары жарияланған Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы, Балтабай Адамбаев, Әбжаппар Жылқышиев, Анатолий Ананьев, Аманғали Сегізбаев, Рахымбай Құлыбаев, Мыңатай Қыстаубаев, Мүтәліп Ережепбаев (анықталуына қарай т.б.) сияқты майдангер қаламгерлердің есімдері де ұмытылмауы керектігі айтылған. Мақаланы жазып қоя салмай, Пушкин көшесінің бас жағын ары-бері кезіп, фототілші Ақәділ Рысмахан екеуіміз №22 үйді іздегенімізді де ұмытқан жоқпын. Қала құрылысына жауапты мекеме қызметкерлерінің айтуынша, отызыншы, қырқыншы жылдардан бері көне Әулиеата мен жаңарған Жамбыл, Тараз қаласындағы Пушкин көшесіндегі үйлердің нөмірлері бірнеше рет өзгеріпті. Сондықтан облыстық газеттің ең алғашқы мекенжайын «мынау» деп нақты айта алмағанбыз.
Жақында осы газеттің алғашқы редакторларының бірі, аты республикаға белгілі, кезінде кеңестік солақай саясаттың «ұлтшыл» деген «қара таңбасымен» қуғын-сүргін көріп, коммунистер түрмесінің «тозағын» бастан өткізген жазушы, публицист Жайық Бектұров ағамыздың естелік-эссесін оқып отырып көптен іздеген дерегіме кез болдым. Облыстық газеттің тарихын бүге-шігесіне дейін баяндаған ұзақ естелік-эссе екен, соның біздің әңгімемізге қатысты жерінен ғана мысал келтірейін.
«Міне осы Әулиеата – Мирзоян – Жамбыл қаласына 1939 жылдың қара күзінде біржола қызметке келдім. Бұрын көрмеген жерің – біржола келгеніңде көңілге, көзге қандай жұмбақ. Сол күз, 1939 жылдың 14 октябрінде СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен жаңадан Жамбыл облысы құрылған. Оған Алматы облысының Қордай, Шу, Оңтүстіктің Талас, Сарысу, Меркі, Жамбыл аудандары қараған. Жаңадан Луговой, Көктерек, Свердлов, Красногор аудандары құрылды. Облыс басшы қызметкерлерінің көбісі Алматыдан, біразы Шымкенттен жіберіліп жатыр. Ойдан-қырдан да жиналып жатыр. Мұндайдағы белгілі әдет. Облыстық қазақ газетіне редакторлық құрық маған түсті. Алғаш тізімге іліккен көптенгі коммунист, белгілі журналистфельетоншы, газетте көбіне «Шынаров» деп жазылатын, кейін соғыс жылдары Свердлов аудандық газетінің редакторы болған Сәйділда Төлешевтің денсаулығы ол кезде Алматыдан ұзап кетуді көтермеді. Орыс газетіне «Казахстанская правда» редакциясы партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Григорий Череватов редактор болып келді. Алғашқы қаулыда газеттердің аты «Колхоз жолы» болып аталынды. Сәл кейінірек газеттің бұл атын «Коммунист» деп өзгертуге жоғары ұйымдардан рұқсат алдық. Газеттің атын бір сөзбен жазуды қолайлы көрдік. Ықшамды ат газеттің көркі. Тек бұл ұсыныс бізден басталса да, сол атаққа орыс газеті де ортақтасты.
Қазіргі «Еңбек туы» газетіне содан кейін өзге де аттар қойылды білем. Алдында ғана жауын-шашын болып, күн ашылыңқыраған. Ауа райы ызғарлы. Ұлы Октябрьдің 22 жылдық мерекесі өтіп жатыр. Облыс араларында ол кезде самолет ұшпайды, машина да жүрмейді. Бар қатынас поезд. Бар жолаушы теміржолда. Күндіз келіп түстім станцияға. Қаланың қашықтау екені белгілі. Автобус жоқ. Бұдан біраз жыл бұрын оңтүстік жақтың әлі салтынан кетпеген ақ жамылғылы арбакештер де көрінбейді. Қала мен екі арада, әрине жөні түзу тасжол да жоқ. Орталық партия комитеті жуықта құрған ұйымдастыру бюросына – облыстық партия комитетіне телефон соқтым. Кадр секретары Клонез жолдас кезікті. Бірдеңе етіп машина тауып жібермекші. Едәуір тостым. Машина көрінбеді. Чемоданды қоймаға қоя салып, жеңілтек күйіммен қалаға жаяу жүріп кеттім. Әлі жасырақ шақ. Әрі комсомолда, газетте ыстық-суық демей дамылсыз ел, жер аралап қалған дағды. Саз-балшықты жолдың шетін ала жеті шақырым қалаға жалғыз өзім елегізе жүріп келем...
Бірлі-жарым брезентті, қарадомалақ, балшық доңғалақ машиналар қиқаңдап қарсы да келіп қалады, дікеңдеп артыңнан да қуып өтеді. Бірі Клонездің жіберген машинасы екен. Жол үстінде кімде кімнің шаруасы бар, ол бос қайтып, мені қуып өтіпті. Алыстан келген редактор жеті-сегіз шақырым қала ортасына жаяу тартады деп шофер қайдан ойлай қойсын. Сұрай-сұрай Меккеге барады деп, жаяу редактор салған бетте орталық Пушкин көшесіндегі бұрынғы аудандық газет редакциясына келіп жетті. Аяқтағы галош қалыңдап кеткен. Мереке той-домалағы біткелі екі-үш күн. Мейрам құрметіне облыстық газеттің алғашқы бірер нөмірі шыққанын білемін. №22 кішкене ғана жатаған үй. Бір жағы кітап дүкені. Аудандық редакция біржарым бөлмеде отырыпты. Кіре беріс баспалдақта етік-кебіс жамап-жасқап кәріқұртаң етікшілер отыр. Тұқырып тарамыс жалап, балға оқтанып отыр. Енді бір қалтарыста шаштараз. Редакцияның жөні түзу екі терезелі жалғыз ғана салқын бөлмесінде үрпиісіп, сырт киімдерімен құнысып төрт-бес кісі отыр. Бәрі де ептеп түртініп отыр. Қызметкерлері, жетекшісі жоқ жаңа құрылып жатқан кішкене қаладағы мекеме көшерде не арбасы, не жегер ат-өгіз жетпей азын-аулақ ескі-кұсқы жүгі шашылып жатқан, не жолда көлігі жүрмей, арбасы сынып, қонар орынға зорға жеткен кедей үй секілді болады екен. Аудандық қалада көптен орнығып қалған адамдар, мекемелер кімге үйін, жылы орнын оңайлықпен босата қоймақ. Тек аудандық ұйымдар қала шетіне жедеғабыл көшіріліп, бұрын солар тұрған үйлерге өздері тектес облыстық мекемелер қысыла-қымтырылып кіріп жатыр. Көңілсіз көрініс бәрі де. Стол, орындық табу да бір әлек. Сонда орындарымыз, мебеліміз, аспаптарымыз бүгінгідей емес, бәрінде жоқтан бар. Өзге жігіттер ішінен Жамбыл облыстық газетінде орнықты қызмет істейтін Төленді Оңғарбаев бірден назар аударды.
Алматыда журналистің оқуын бітіріп, аудандық газетке келіпті. Байсалды, байыпты, бейсауат сөзі жоқ, біртоға, тұйық, жаза білетін, газеттің бір пұшпағын уқалауға шамасы келетін қызметкер көрінді. Стол үстінен өткір екі көзін алмай көріктілеу, өзім кұралпы әлде біраз үлкендігі бар бір жігіт отыр. Кескіні таныс тәрізді. Облыстық газеттің секретары қызметін атқарады екен. Пысық-ақ. Ұршықтай иіріледі. Ширақтығында қапы жоқ. Тек жазуға икемсіздігі көрініп тұр.
Сөзбен, телефонмен дүниенің түбін түсіретіндей, диірмен тасын айналдыратындай түрі бар. Бұл – Әбдеш Бегімбетов. Обалы нешік, редакция орналасқан әлгі қиқы-жиқы ескі үйдегі етікшілерді, шаштаразшыларды тез көшіруде, олардың астан-кестең қиқым-сиқымдарын құртып, жел диірменнің құлағына шабуылдаған ДонКихоттай етікшілердің, шаштаразшылардың талай жылғы «асыл» қазынасын сыртқа лақтырып, коридор біткеннің ойранын шығаруда, алқам-салқам, ашық-тесік осы қуыстардан бөлмелер жасап, бәрін де ілезде жөндеп, қызметкерлер сыйысып отыратын, күнделікті газет шығаруымызға жарарлық біркелкі қалыпты жағдай жасауда Ә.Бегімбетов жолдастың пысықтығының сол айларда көп қолғабысы тиді. Қашанда әрбір жаңа істің басталуы, дұрыс ұйымдастырылуы ғана мұң. Әр тараптан ағылып, сарқылып келіп, бір арнада өзек, өзен болған көп судай, ілезде кәдуілгі редакция, жұрт қатарлы ұйым, мекеме болып шыға келдік. Көшіп-қонғанда керегелерін тез жайып, уықтарын жылдам шанша қоятын жанжақты үйлердей редакциямыздың шаңырағын, тіпті облыстық мекемелердің көбісінен бұрынақ көтеріп, ішін де жып-жылдам көріктендіріп жібердік».
Марқұм Жайық Бектұровтың облыс пен оның баспасөзінің тарихы үшін маңызы аса зор осы тарихи мақаласын кездестіріп бір қуансам, ондағы «Сұрай-сұрай Меккеге барады деп, жаяу редактор салған бетте орталық Пушкин көшесіндегі бұрынғы аудандық газет редакциясына келіп жетті. Аяқтағы галош қалыңдап кеткен. Мереке той-домалағы біткелі екі-үш күн. Мейрам құрметіне облыстық газеттің алғашқы бірер нөмірі шыққанын білемін. №22 кішкене ғана жатаған үй. Бір жағы кітап дүкені.
Аудандық редакция біржарым бөлмеде отырыпты» деген сөйлемдерді оқып тағы бір қуандым. Неге? Өйткені бұл мақалаға дейін Пушкин көшесіндегі №22 үйді басқа жақтан іздеп жүріппін. Ал Жайық ағамыз нақты көрсеткен «№22 кішкене ғана жатаған үй. Бір жағы кітап дүкені» қазірге дейін жұмыс істеп тұрған бәріңізге белгілі «Букинист» дүкені емес пе? Дәл сол үйдің өзі ғой. Елу, алпыстарды айтпайақ қояйын, жастары тоқсан, жүзге таяп қалған қалалық ата-апаларымыз ес білгелі осы үйдің кітап дүкені болып келе жатқанын айтады. Өзі сонау 1898 жылы салыныпты. Қабырғасындағы ескерткіш тақта осылай дейді. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіне 2025 жылы 7 мамыр күні «Ежелгі Әулиеата қаласының көне букинисі» деген тақырыппен: «Ежелгі Әулиеата қаласының көне букинисі өз оқырмандарына есігін 1898 жылы ашыпты. Содан бері 127 жыл өткен.
Содан бері тек қана кітапқұмарларға қызмет еткен. Керемет ғұмыр емес пе?!. Бір қызығы, кешегі Әулиеата, бүгінгі Тараз қаласындағы бұл құтты білік шаңырағының есігі демалыс күні де, мереке күндері де ашық тұрады. Жазымыштан да жолы болыпты. Тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіруде кітапты «құр қағаз» деп қана ұғатын жебірлерлердің қолына түспей, кітап сөзін құрмет тұтатын адамдардың қолына түскені қандай ғанибет болған. Бас қамын ойлаған басқа біреу болса, ендігі мына көненің көзін сүргізіп тастап, орнына тойхана соғып алар ма еді, кім білсін?! Сатушыларына да қайранмын.
«Демалыс, мереке күндері ел құсап біз де қыдырайық, көңіл көтерейік» демей, кезектесіп құтты білікке айналған дүкендерінің есігін айқара ашып қойып, кітапқұмар пенделерін сарылып күтіп отырғандары сол. Кітап алушылар да көп емес қой қазір. Түске дейін оншақты, түстен кейін оншақты адам келсе келер, келмесе ол да жоқ. Соны ойлағанда, бүйрегім бұрып тұратын осы букинист сатушыларының төзімдеріне риза болам» деп жазыппын.
Іздегенге, сұраған. «Облыстық «Ақ жол» газетінің алғашқы шаңырағы ежелгі Әулиеатаның қай үйінде болды екен?» деген көп жылғы ізденісім Жайық Бектұров ағамыздың естелік-эссесінің арқасында (Жаны жәннатта шалқысын!) жемісін берді. Ол үй – әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрған «Букинист» кітап дүкенінің ғимараты. Осы жерде облыстық «Aq jol» газетінің басынан өткен тарихи асуларын бір шолып өтсек, артық болмас.
Газет сонау 1922 жылдың 1 мамырынан бастап Әулиеата уездік, қалалық партия комитетінің, уездік Кеңес атқару комитетінің органы «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде «Кедей еркі» деген атпен шыға бастаған. Алғашқы кезде араб әліпбиімен төте жазу арқылы басылып, 300 дана болып тарады. Сөйтіп 1924 жылдың тамызына дейін шығып тұрды. Оның алғашқы редакторы Анна Владимировна Алматинская (Држевицкая) болды.
Газет 1924 жылы тамызда «Еңбек» деген атауға ие болып, дербес басылым ретінде жарық көрді. Оның 3 мыңдай оқырманы болды. Газеттің 224 нөмірі шықты. Оны әр кезде Құлжабаев, Камалов, Бексейітов сияқты зиялы азаматтар басқарды. Газет 1929 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Дихан дауысы» атанды. Оның 60 нөмірі жарық көрді. Редакторлары Сапарбеков, Жанболатов болды. Бұдан кейін 1931 жылы «Колхозшы», 1938 жылы «Колхоз жолы» деген атпен тарап, 1939 жылы Жамбыл облысының құрылуына байланысты облыстық газет ретінде «Коммунист» атауын иеленді. 1944 жылы «Сталиндік жол», 1958 жылы «Еңбек туы», 1990 жылы «Aq jol» атанды. Әр кезеңде газеттің редакторы болып Ж.Бектұров, Ғ. Аманғалиев, Ә. Бекмұратов, Ғ. Сармурзин, Т. Оңғарбаев, Б.Байсақалов, Б.Жаңабаев, А.Бекбосынов, Ә.Қалдыбаев, М.Рысдәулет, Ғ. Қасабай, Қ. Иемберді, К.Сәттібайұлы (осы жолдардың авторы), О.Дәуіт, Х.Есаман қызмет атқарды. 2020 жылдың маусым айынан бастап «Aulieatamedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры болып Нұрбек Бекен, одан кейін Оралхан Дәуіт қызмет атқарды. Қазір бұл тізгін Данияр Асқарұлының қолында.
Ендігі мәселе, «Букинист» дүкені орналасқан осы тарихы тағылымды үйдің қасына Қордайдың қызыл гранитінен үлкен ескерткіш тас орнатып, оған бұл ғимаратта бұрынғы «Кедей еркі», «Еңбек», «Дихан дауысы», «Колхозшы», «Колхоз жолы», «Коммунист», «Сталиндік жол», «Еңбек туы» деп аталған Жамбыл облысының бас газетінде қызмет еткен қалам қайраткерлері Жайық Бектұров, Ғайса Сармурзин, Қалмахан Әбдіқадіров, Кемел Тоқаев, Сәйділда Төлешев, Төленді Оңғарбаев, Сырайыл Керімбаев және жоғарыда аталған басқа да қалам қайраткерлерінің аты-жөндерін жазып қойса, ежелгі Тараз қаласының Әулиеата дәуіріндегі ғажайып ескерткішінің бірі болып, сонау 1898 жылы салынған көне ғимарат – «Букинист» дүкенінің мәні мен мағынасын, тарихы мен тағылымынан қала қонақтарына сыр шертіп тұрар еді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық «Aq jol» газетінің 2014-2020 жылдардағы бас редактор-директоры.
Ұқсас жаңалықтар
Он екі отбасы баспаналы болды
- 30 желтоқсан, 2025
Академиялық мәртебе алуымен арнайы құттықтады
- 30 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




