«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақ қар. Ақ көбелек. Ақ арман

Ақ қар.  Ақ көбелек. Ақ арман
ашық дереккөз
Ақ қар. Ақ көбелек. Ақ арман

Немесе Ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйіндегі бір күн

11Елімізде патронаттық жүйені жетілдіру арқылы балалар үйлері қатарын кеміту мәселесі үлкен мінберлерден айтылудай-ақ айтылумен келеді. Қолда бар мәліметке сайсақ, бұрнағы жылы елімізде үкіметтік емес сектордың қолдауымен жетім балаларға арналған 14 интернат ұйымы жабылған. Былтыр жұмысын тоқтатқандарының саны да соған жетеқабылдау... Бізде де балалар үйінің саны бір бірлікке кеміді. Өңірімізде жетімдерді патронаттық тәрбиеге алу тәжірибесі қалыптасып үлгергендігінің нәтижесі болар. Алайда, аймақта психоневрологиялық интернат үйлерінің «мұрты» бұзылмай тұрғаны, тіпті желісін кеңге жая да бастағаны көлдей тасыған көңіліңді су сепкендей басары бар. Тәрбиеленушілерінің арасында тастанды сәбилер де бар. Олардың ата-аналарының бәріне бірдей әдеттегі «көкек» әке, «көбелек» ана атауларын телу де әділетсіздеу болар. Қайсыбіреулері бөбектер үйі есігі алдына қанасын жарып шыққан сәбилерін тастайын деп тастамайды ғой. Жазмыштың ісі бәрі де... Бұл мәселеде «ойнақтап жүріп, от басқан» қыздарымыздың – болашақ аналардың білместікпен ұрпағының бүкіл өміріне балта шапқанмен бірдей қате қадамға барғанының арада он бес жыл өткеннен кейін өзіміз де тікелей куәсі болармыз деп ойламаған едік. Бір қызық жай болды өзі де.

Он бес жылдан кейінгі кездесу

13Онымен ойда жоқта ұшырастым. Облыстық ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйінде. Мұнда үш жасында «Үміт» бөбектер үйінен әкелініпті. Бүгінде он сегізге толған. Жүзі жайдары, көңілі шат, жүріс-тұрысы да ширақ. Тек.. басының асқабақтай ерепейсіздеу, үлкендігі болмаса. Онысы бажайлап үңілгенге болмаса, аса біліне де қоймайды. Екі-үш жасар кезінде суретін газетімізге басып, бұл мәселеге қоғамның назарын аударту мақсатымен, тастанды сәбилер жөнінде мақала да жазғанбыз. Бәрі де есімізде. Елеулі ауытқушылықпен дүние есігін ашқан нәрестенің жағдайы аяушылығымызды қоздатып, оның одан әрі де өмір сүріп кетеріне күмәнданған да едік. Мемлекеттің, дәрігерлер мен тәрбиешілердің аялы қамқорлығының арқасында аман-сау өсіп, бойжеткенін көріп қуандық. Мекеме басшысы «Диагнозы өте ауыр. Бас миының дамуының ауытқушылығы сырқатымен ауырады» дегенді айтты. Дегенмен, Ұлбала үздіксіз жүргізілген оңалту, бейімдеу жұмыстарының нәтижесінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, би билеп, ән айту өнерін де меңгерген. Айтпақшы, жуырда оның анасы табылыпты. Қызының «Жарық» фестиваліне қатысып, ән айтқанын кездейсоқ теледидардан көріп қалған. Осында арнайы іздеп те келіпті. Алып кетуге де ниеттенген екен. Алайда жағдайы жоқтығынан ойынан бас тартуға мәжбүр болыпты. Ұлбалаға бүгінде әжесі, әпкелері үзбей келіп тұрады. Тағы бір мұңлық Кристинаның басындағы жағдай да осыған ұқсас. Бөбектер үйіне үш жасында «тастанды сәби» ретінде тіркелген ол да он бес жыл бұрынғы мақаламыздың кейіпкері. Аяқ-қолы семіп қалған, икемге келмейді, күтушілер қолдан тамақтандырады. Осындай кемістігіне қарамастан Кристинаның жүзінен өмірге құштарлық оты есіп тұратынына таңғалмай көріңіз. Қазақша нәшіне келтіре ән айтады. Кесте де тоқиды. Сурет, құрастыру, еңбекке баулу дәрістеріне үзбей қатысады. Әсіресе, есте сақтау қабілеті мықты. Мамандар оны кішкене кезінде ата-анасы шетелге апарып емдетіп, ота жасатқанда оңалып, аяғына тұрып кетуі әбден мүмкін еді деседі. Енді бәрі де кеш. Мекеме басшылығының «тастанды» балалар тағдырына алаңдап, теледидарға хабарландыру, ішкі істер органдарына өтініш беру арқылы ата-аналарын үзбей іздестірумен келеді екен. Бұдан үш жыл бұрын Кристинаның да анасы табылған. Бірақ, қызын алып кетуге құлқы жоқ. Жылына мұнда қызының туған күнінде және сегізінші наурызда екі-ақ рет келеді екен. – Мұндағы қызмет алушылардың алпыс төртінің ата-анасы бар. Он үші ғана «тастанды» жетім. Ата-ана қамқорлығынсыз қалғаны жиырма үш бала. Жиырма бесі сал ауруына ұшыраған, еңбектеп қана жылжи алады. Өзін-өзі басқара алмайды, арнайы күтуші көмегімен тамақтанады, – деп интернат үйінің директоры Индира Қожамқұлова бізді мән-жайға қанықтырып жатты. Олар неге мұндай күйге түсті?

Әдетте, мұнда балалар жас ерекшеліктеріне емес, даму ерекшеліктеріне қарай топтастырылған екен. Бір бөлмеде үлкені, кішісі аралас жиырма шақты көгенкөздің ана жер, мына жерде пырдай болып домалап жатқанынан шіміркеніңкіреп қалғанбыз. Еш бол­маса еңбектеп те жүре алмайды. Бір-бірімен тіс жарып сөйлеспейді де. Мүшкіл халдерін айтып кімге шағынсын, көбіне іштен тынатын сияқты. Олар үшін ойыншықтар да қызықсыз. Бала жанарында сөнген есіл ғұмыр-ай! –Бұлардың бар­лығының да ұйық­тайтын бөлмелері ғана ортақ. Сырқаттарына сай түрлі ем-шаралар мен оңалту жұмыстарын жүргіземіз, дәрумендер береміз. Ауырған жағдайда емдейміз. Міне, мына он екі жеткіншек – ақыл-есі дамуының ең төменгі сатысындағылар. Қолына не түссе, соны ойланбай жұта салады, – деді жолбастаушымыз келесі бөлмеге бас сұққанымызда, – оңалмайтын сырқаттар. Өздерін өздері басқара алмайды. Уақтылы қолдан тамақтандырамыз. Көбінесе, өзімен-өзі болып отырады. Кейде әлденеге тынышсызданып, қолына не түссе де күлталқан етіп, күтушілердің өзіне әл бермей кететіндері де болады. Ондайда тыныштандыратын дәрі егіп, уақытша «Дағдарыс» бөлмесінде ұстай тұруға мәжбүрміз. Осында он жеті жылдан бері медицина бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етіп келе жатқан, әр баланың немен ауыратынын, анализін, диагнозын жақсы білетін білікті дәрігер Кенжегүл Құдайбергеновадан он екіде бір гүлі ашылмаған жастағы жасөспірімдердің мұндай сырқатқа тап болуының себебін сұрадық. – Балалардың мұндай күйде туылуына аналарының жүктілік (перинаталдық) кезеңіндегі жүйке күйзелістерінің, қан аздығы, сары ауру секілді сырқаттарға шалдығуымен байланысты әртүрлі патологиялық ауытқулардың әсері болады. Туабітті, тұқымқуалаушылық сырқаттары болуы себепті көбісінің аяқ-қолы емес, ми мен жүйке жүйесінің даму үдерісі жетімсіздігінен осындай жағдайларға тап болып жатады. Сондай-ақ, алкогольдің, экологияның әсері бар, – деп жауап берді ол. Бұдан түйгеніміз бір-ақ нәрсе – аналардың жүктілік кезіндегі күтімі айрықша болуы керектігі. Бұл мәселеге аналардың өздері, отбасы, дәрігерлер қауымы, күллі қоғам болып назар аударар болсақ, ұрпағымыздың да сау-саламат дүние есігін ашары анық қой. Ұрпақ сау болса, ұлт та сау. Бұған аналарды ғана кінәлі санамайықшы. Олардың бірін екі ете алмаудан, жағдайы болмауынан, білместікпен нәрестелерін емдетудің уақытын өткізіп алып өкініп жүргендері де бар болар. Қалай болғанда да бейкүнә сәбилерді, қорғансыз, әлсіз тіршілік иелерін тағдыр тауқыметі-бұрқасыны өтіне жалғыз тастап кетудің назасы да, жазыры да қатты боларын жады­мыз­дан шығармайық.

Мұның да алдын алуға болады...

Ел азаматтарын ақыл-есі кем болып туылса да, қатарларынан кем етпей, өмірге бейімдеу, тәрбиелеу – мемлекетіміздің ізгі мұраттарының да бірі. Өңірімізде бұл міндетті бірнеше арнайы интернат үйлері табысты жүзеге асырып та отыр. Мұндай санаттағыларға арналған оқыту орталықтары, арнайы мектеп-интернат бар. Мәселе, туа кемтар балалардың ойлау, сөйлеу, өз аяғына тұру машығын қалыптастырып, жетілдіру мүмкіндігін жіберіп алмауда болып тұр. Мұндай көмектің дер кезінде көрсетілмеуінен талай көкөрімнің өмір бойы төсекке немесе арбаға таңылып, ойлары, армандары орындалмай күйзелісті ғұмыр кешкенінің несі жақсы дейсің. Өңіріміздегі оңалту-бейімдеу, емдеу мекемелері базбір ата-аналардың білместікпен жасаған қателіктерін «түзетіп» те жатыр. Мысалы, облыс әкімдігінің тұрғындарды жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты 40 төсектік мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында жылма-жыл 60-тан астам жасөспірімге түрлі әлеуметтік бағыттар бойынша арнайы мамандандырылған қызмет көрсетіледі. – Он жыл ішінде орталықта 420 бала оңалтудан өтті. Мамандарымыздың біліктілікпен көрсеткен қызметтерінің нәтижесінде жүре алмайтын 59 баланың 10-ы өздігінен жүре бастады, 109 сөйлей алмайтын баланың – 26-ысы сөйлеуді үйренді. Балалардың 72 пайызында түрлі оң өзгерістер байқалды. Бірқатары үшін иппотерапиялық оңалту курсы ұйымдастырылды, – дейді мекеме басшысы Марал Шлыкова. Ал еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаменті берген мәліметке сайсақ, өңірімізде балалардың алғашқы мүгедектікпен тіркелуі төмендемей тұр. Азайғанды айтасыз, экономикасы мен тұрғындарының бақуаттылығы артуы байқалып отырған Меркі және Т. Рысқұлов аудандарының өзінде бұл тұрғыдағы көрсеткіш өсе түскен. Бұл аудандар бойынша алғашқы мүгедектікпен бұрнағы жылдың тоғыз айында 57, ал былтыр сәйкес мерзім ішінде 61 бала тіркелген. Басым дені туабітті, церебральді сал ауруларымен сырқаттанғандар. Аталмыш мекеменің бөлім басшысы Ербол Саметовтің айтуынша, балалардың мұндай жағдайларға тап болуына есепке алу мен ауруды анықтау қиындығына әкеліп соқтырар көші-қон үдерісі күшеюі де әсер етуде. Бұл мәселеде медициналық қызмет көрсету сапасын арттырудың, ауруларды ерте сатысында анықтаудың, алдын алу, емдеу шараларын үзбей жүргізудің, әсіресе, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер арасында міндетті мерзімдік медициналық тексерулер өткізу сапасын жақсартудың маңызы зор.

Анасын іздеп жүр бір ұл...

Тағы бір мысал. Бір бозбала жігіттің өзімізді кіреберісте қарсы алып, қасымыздан үйіріліп шықпай жүргені назарымызды аудара берді. Сөйтсек, оның да жағдайы бір кездері жоғарыда біз айтқан сырқаттардыкімен шамалас болған екен. Өзін Евгений Владимирович Курганмын деп таныстырған ол бұл жайлы бізге өзі айтып берді. «Мұнда мен де он бес жыл бұрын қиын жағдайда түскенмін. Маған қамқорлық көрсетіп, күтім жасаған жандардың барлығына да айтар алғысым шексіз. Аяғыма тұрғызды. Еңбектеп жүретінмін. Қалай жүруді үйретті. Оқытты, тәрбиеледі», – деді ол ағынан жарылып. Евгений біраздан бері спортты өзіне серік етумен келеді екен. Еліміздің Астана, Алматы, Қарағанды секілді бірқатар қалаларында өткен республикалық спешлолимпикс жарыстарына қатысып, спорттың жеңіл атлетика түрі бойынша екінші, үшінші орындарды иеленіпті. Спортпен достасқандығынан болар, екінші топ мүгедегі екендігі, ақыл-есі кемдігі де байқала қоймайды. –Бізде балалар 4-18 жас аралығында тәрбиеленеді. Евгений енді он сегіз жасқа толуымен байланысты жаңа ашылған психоневрологиялық орталыққа ауыстырылмақ. Уақ-түйек жөндеу жұмыстарын да жүргізіп, өзімізге әжептәуір қолқанаттыққа жарап жүр еді. Қимаймыз. Қимағанмен, талап солай, – дейді мекеме басшысы. Сұрастырып білсек, Женяның көңілінде де қаншама жылдар бойы аялап, үкілеумен келген бір арманы бар екен. Ол... өзін бір кездері бөбектер үйі ауласына әкеліп, маңдайына «тастанды» атын мәңгілікке мөрлеп кеткен ата-анасын әлі де зарыға күтумен жүр. Интернат үйі басшылығы жер-жерге сұрау салуы да әзірге еш нәтиже бермей тұр. Өйткені, Женяның туыстарының қайда тұратындары анықталмауда. Жүрегі тас-шемен болмаса, ата-анасы алтындай айдарлы ұлдарын іздеп келіп, қауышып, көзайым қуанышқа да кенелтер...

Өмір сүру үшін күрес

Түкпірдегі бөлменің бірінде тәрбиеші-педагог Мадина Сандықбаеваның қызмет алушы жасөспірімдерге қағаздан қиып, желімдеп түрлі ойыншықтар, бұйымдар жасау жолдарын үйретіп жатқанының үстінен түстік. Өнерлі өрендердің қолынан шыққан, бірінен-бірі өтетін бұйымдардың көрмесі де көз тартарлықтай. Арбаға таңылған, жүріп-тұруы қиын біраз бала арнайы үлгіге қарап қойып, ою ойып, бірі икебано (гүлдесте), екіншісі қайық жасап, үшіншісі жануарлар суретін салып, бояп жатыр. Олар осылай күні бойы осында өзімен-өзі болып қиял әлеміне, арман еліне сапар шегетіндей көрінді. Өмір дауылы өтінде жетім жапырақтай дір-дір қаққан жүз алты тағдырды тоғыстырып отырған осынау мекеннен ауыр ойлар жетегінде сыртқа шыққанымызда, жер бетін жапқан ұлпадай ақ қарға шағылысқан күн сәулесі көз қарықтыра бір жарқ ете қалып еді. Ашық терезеден балалардың әлгінде өздері қағаздан қиып жасаған ақ көбелектерін ұшырып тұрғанын көрдік. Жүздері шат. Қағаз көбелектер қанатына жазып, жолдаған армандары толассыз төгіліп, аппақ әлемге сіңіп жатты... Мұнда әр алты балаға бір күтуші, бір тәрбиешіден келеді екен. Осы жерде жеткіншектердің сол апаларының дем беруімен өмір сүру жолындағы қым-қуыт күресі жүріп жатқандай көрінді. Олардың қаншасы аяғына тұрып, өмір көшіне ілеседі? Бұл енді олардың өздерінің ерік-жігерлеріне, өмірге құштарлығы мен талпынысына да байланысты-ау...

14Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар