1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам аттанды. Оның ішінде, Жуалы ауданынан майданға қатысқан 4285 азаматтың 1342-сі елге аман оралған болатын. Олардан бүгінгі күні арамызда жүргені – небәрі 8 ардагер. Тағдыр талайымен 2943 майдангеріміз қиян-кескі шайқаста қаза тауып, туған жер топырағы да бұйырмады. Біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз, басымызды иеміз. Елімізді, жерімізді фашизмнен қорғау үшін жас өмірін қиып, шейіт болған абзал азаматтарымыздың жарқын есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Жеңіс мерекесі – жуалылықтар үшін қашанда қасиетті де қастерлі, қаншама жылдар өтсе де мәні өзгермейтін тарихи мереке. Өйткені, сол бір ел басына күн туған зұлматты Жуалы халқы да бастан өткерді. Ер-азаматтар майданға аттанса, тылдың ауыр жұмысын қара нардай қайыспас аналарымыз, буыны қатпаған жас ұрпақ күн демей, түн демей өз мойнына алды. Қазіргі таңда тылда тынбай жұмыс істеп, қара су мен қара нанды талғажау ете жүріп жеңіс күнін жақындатқандардан ауданда 567 азамат қалды. Қан майданға ауданымыздан аттанған жауынгерлер ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Бірнешеуі Отанның ең жоғары наградаларына ие болды. Даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлының жеке ерлігі мен әскери ғылымды терең меңгергендігі соғыс жылдарының өзінде-ақ ұлан-ғайыр елімізге тарап кетті. Аудан жұртшылығы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне қызу дайындық үстінде. Ел үшін жасалған ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ауданның ірі 32 елді мекенінде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан азаматтарға ескерткіштер орнатылған, солардың барлығы жыл сайын абаттандырылып, тәртіпке келтіріліп отырады. Қазақ елі жиырма үш жылдан астам уақыт ішінде жүз жылға бергісіз жолдан өтіп, тарихта кеткен есесін аз уақыт ішінде қайтарды. Тәуелсіздіктің арқасында азат еліміз абат елге айналып келеді. Дүниежүзілік экономикалық дағдарысты да еңсере білуде. Оған дәлел, Елбасы 2014 жылғы Жолдауында алдағы жылдары атқарылар ауқымды жобаларды айқындап қана қоймай, Ұлттық қор есебінен оларға қосымша қажетті қыруар қаражатты қарастырды. Еліміздің хал-ахуалын жақсарту мақсатын көздеген бұл маңызды құжатта орындалуға тиіс нақты істер атап көрсетілген. Әрі оны жүзеге асыруға қажетті қаржының да бөлініп отырғаны елімізде тірліктің баянды боларына сенімімізді күшейтті. Әрине, қазіргі биікке шығу, асқаралы асуларды бағындырып, тәуелсіздігімізді баянды ету оңай болған жоқ. Кең-байтақ еліміздегі барлық аға буын ұрпақ, оның ішінде жұлдызы биік қасиетті Жуалының ардагерлері де Елбасының ерен еңбегін, өлшеусіз күш-жігерін жоғары бағалайды және зор мақтаныш тұтады. Шынтуайтында, осындай елі, Президенті бар, мақсаты айқын, тәуекелі берік жұрт болғанымыз үшін Аллаға шүкіршілік дейміз. Біздің қадірлі ағалар, апалар өткен ғасырдың өн бойында елімізде болған өзгерістердің оңды жақтарын да, қиыншылықтарды да бастан өткерді. Кеңес үкіметі тарап, өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздық жайлаған тұста да аға буын ұлағатты ұстамдылығын танытып, сабырлы қалпын сақтап қалды. Жаңа ғасырдың аса қиын асуларын алуға, егемендіктің ең әуелі қаз басқан қадамдарын нығайтуға аянбай үлес қосты. Бүгінгі таңда олардың араласуымен халық арасында татулық пен бірлікті сақтау, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, елін, жерін, тілін, дінін құрметтеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Негізі, асыл қасиеттерді ұрпағымыздың бойына сіңіріп өсіруді мақсат тұтқан аға буын өкілдері ешқандай қаңқу сөзге ерік бермей, қазақтың маңдайына бұйырған тәуелсіздігін баянды ету жолында еңбектенудің қажеттігін әрдайым естен шығармауды парызымыз деп санайды. Елбасының еңбек қоғамы жөніндегі «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы да осыған үндейді. Ауданда бүгінгі таңда 53 мыңдай тұрғын бар. Аудандық ардагерлер кеңесінің есебінде қазіргі уақытта Ұлы Отан соғысының 8 ардагері, 567 тыл еңбеккері, 58 Ауған соғысы ардагері, Ұлы Отан соғысы құрбандарының 2 жесірі бар. Жалпы, ауданда 4600-ден астам ардагер тұрады. Ауданның барлық елді мекендерінде және оқу орындарында 74 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істеуде. Бастауыш ұйымдарға елге беделі бар сауатты, тәжірибелі, абыройлы азаматтар жетекшілік етеді. Ауданда осыдан он жыл бұрын 1280 тыл еңбеккері болса, бүгінде оның 439-ы ғана қалды. Осы кісілерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына қарай мерекелік орден-медальдармен марапаттау керек. Және де майдангер ретінде рәсімдеп, яғни, ҰОС ардагерлері қатарында мүмкіншілігінше қаржылай көмектесу қажет деп есептеймін. Өйткені, олар бұрын да, қазір де мемлекет тарапынан еш қолдау көрмей келе жатқандар. Фашистерге оқпен емес, білекпен, күн-түн демей еңбек етіп, төккен маңдай терімен соққы берген олар соғыс кезіндегі тек бес-алты жасар балалармен бірдей теңестірілген «тыловик» статусына ғана ие. Мұны тіпті, әділетсіздік деуге де болады. Дегенмен, Жеңіс мейрамына байланысты тыл ардагерлеріне тиісті деңгейде жеңілдіктер болады деп сенеміз. Жеңіс мерекесі қарсаңында аудан орталығынан майдан даласында қаза тапқандардың аты мен тегі толық жазылған үлкен мемориал орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі уақытта әкесі не атасының сүйегі қалған майдан даласындағы зираттар көптеп табылуда. Оған ұрпақтары барып-келуіне қаржы, не басына белгі қоюына рұқсат сұраушылар баршылық. Бірақ, ол мәселенің шешімі әлі белгісіз күйде. Қазақ халқы о бастан үлкенді сыйлаған. Алдын кесіп өтпеген. Осы тұрғыда Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай, Ұлы Отан соғысына қатысқандар, тыл еңбеккерлері, өзге де ардагерлер біздің қамқорлығымыздан тыс қалмақ емес. Оларға құрмет көрсету іс-шаралары ұйымдастырыла бермек.
Жарас Мұратай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Қант қызылшасын жинау жұмысы қарқынды
- 29 қазан, 2024
Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді