
Мәселен, Мойынқұм ауданы, Қызылтал ауылдық округіндегі Бұрыл-Байтал ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің Н. есімді бас есепшісі 136 рет іссапарға шығып, 2,3 миллион теңге жұмсаған. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясында облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, құрылысты, көлікті және коммуналдық саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Мұханбеталы Шалқарбеков баян етті.
– Есептер жалған деген болжам бар, өйткені олардың іссапар орындарында нақты болуын растайтын құжаттар жоқ. Бір қызығы, 2021 жылдың маусым шілде айларында ғана ол 11 іссапар рәсімдеген. Осылайша, жол жүру шығындарының жиілігі мен мөлшері олардың негізділігіне күмән тудырған. Сонымен қатар мекеме қызметкерлерінің арасында іссапарларды жалған рәсімдеу және алынған қаражатты кейіннен бөлу үшін сөз байласу қаупі бар, – деді тұрақты комиссия төрағасы өз баяндамасында.
Қазіргі таңда облыстың мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 4,4 миллион гектар болса, оның орман ағаштары көмкерген жерлері 2,3 миллион гектар жерді құрайды. Сол арқылы орман қоры жөнінен облысымыз республикада екінші орынды алып жатыр. Соған сәйкес талдау барысында мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі техника мен жабдықтардың саны нормативтеріне сәйкес келмейтіндігі белгілі болған.
Мәселен, нормативтер бойынша аймақта 15 өрт сөндіру машинасының орнына 5 өрт сөндіру машинасы, 62-нің орнына 57 доңғалақты трактор, 7-нің орнына 1 шынжыр табанды трактор, 33 орнына 15 шағын орман өрт сөндіру кешені бар. Оның ішінде қолданыстағы көліктер мен арнайы техниканың 41 бірлігі (5 өрт сөндіру автокөлігі, 15 патрульдік автокөлік, 10 доңғалақты трактор, 4 мотоцикл, 7 борттық көлік) есептен шығаруға жатады. Ал облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Әбілқайыр Тамабектің айтуынша, алдағы уақытта бірқатар техникалар сатып алынып, олқылықтың орны толтырылмақ.
– Аталған мекемелердің материалдық техникалық базасына келер болсақ, соңғы төрт жылда бұл бағытта 1 миллиардқа жуық қаржы бөлініп, қажетті техникалар мен агрегаттар алынды. Биылғы жылы жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, 7 патрульдік автокөлік, 15 дрон мен 40 дана байланыс құралдары алынды. Сонымен қатар өнеркәсіпті дамыту қорынан лизингтік қаржыландыру аясында жалпы құны 1,8 миллиард теңгеге 60 бірлік өрт сөндіру техникаларын сатып алу бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл орман шаруашылығын өртке қарсы техникалармен 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан бөлек облыс әкімінің орынбасары жүйелі қаржыландырудың нәтижесінде, өткен жылы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық техникалық базасының құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі 78 пайызға жеткендігін атап өтті. Оның сөзінше, мекемелердің материалдық техникалық базасының қамтамасыз етілуі нормалар мен нормативтеріне өзгеріс енгізілуіне байланысты 40 пайызға дейін төмендеген.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Әкімдік пен тұрғындар текетіресі: кімдікі дұрыс?
- 10 шілде, 2025
«Мақсат – тек сенбілік өткізу емес, жас буынға үлгі көрсету»
- 10 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді