
Басылымдардың басты проблемасы – баспасөзге жазылу мәселесі. Бұл әбден айта-айта әбден жауыр болған мәселе. Иә, соңғы жылдары барлық өңірлерде газет-журналдарға жазылу науқаны бірте-бірте бәсеңдеп келеді.
Баспасөзге жазылу мәселесінде етектен тартып тұрған басты мәселенің бірі – пошта қызметінің нашарлығы екені айтылып жүр. Аудан, ауылдар түгілі облыс орталығының өзінде газет журналдар жазылушыға 2-3 күн кешігіп жетеді. Бір кездегі пошта желісінің барлығы дерлік күйреген. Ал ауылдарда екі аптада, тіпті айына бір рет жинап алатындар бар. Осы мәселе оқырманның газетке жазылуға деген құлшынысын төмендетіп тұр. Осы сылбырлығына қарамастан пошта мекемесі газет құнының 40 пайызын қалтасына басады.
Әрине, газетке жазылушылар қатарының азаюының бұдан басқа да түрлі себептері бар. Оның ең бастысы – қазіргі оқырман ақпаратқа зәру емес. Қолындағы ұялы телефон арқылы әлемнің жаңалығын сәт сайын біліп отыр. Былайша айтқанда, газетке деген зәрулік аз.
Ақпарат саласының тағы бір мәселесі – кадр тапшылығы. Қазір іргелі оқу орындарының барлығы дерлік, журналист мамандығын дайындайтын болса да редакциялар тілші мамандығына қатты зәру. Жоғарғы оқу орнын бітіре салып, журналист дипломымен редакцияға келіп жұмысқа орналасып жатқандар өте сирек. Ал аудандық газеттерге дипломмен келетін жастар толқыны тіптен тоқтаған десе де болады.
Осыдан кейін облыстық газеттердің өзі қолынан жазу келеді-ау деген басқа саланың мамандарын жұмысқа қабылдауға мәжбүр. Есесіне, жасыратыны жоқ, зерттеу жүргізіп, ізденіп сараптама жазатын, оқырманды баурап алатын ерекше стильмен қалам сілтейтін журналистер қатары күрт азайды. Тілшілер көбінесе ақпарат жазуға ғана маманданып алған. Журналистің деңгейі оның ізденуіне, талаптануына байланысты жоғарылай беретіні анық. Бірақ бүгінде газетке келген кейінгі толқынның көбісі «Жиналыс өтті, анау сөйледі, мынау сөйледі, соңында түгенше қорытындылады» дегеннен аса алмай жатқаны жасырын емес.
Енді алдағы уақытта журналист мамандығына да арнайы квота бөлініп, аудандық, аймақтағы ақпарат құралдарына дипломды мамандар жіберіліп, журналистикадағы кадр мәселесін редакция, әкімшілік және оқу орындары бірлесіп шешпесе, бірнеше жылдан кейін редакцияларда тіптен тілші қалмайтын түрі бар. Яғни, оқу орындарымен меморандумға қол қойып, студент жастар редакцияда жұмыс істеп, жас маман ретінде олардың еңбекақысына бюджеттен тиын-тебен қарастырылса дейміз. Әрине, біз баспасөзге жазылу мәселесінде көбінесе оқырманды кінәлаймыз.
Газет оқымайды деп сөгеміз. Бірақ біз оқырманның көңілінен шығатын газет шығарып жүрміз бе? Басылымдардың тәуелсізі де, тәуелсіз емесі де оқырман тартудың, оқырманды қызықтырудың бар амалын жасап келе жатқаны рас. Алайда БАҚ саласындағы мемлекеттік тапсырыс ісіне өзгеріс, реформа жасамаса мемлекеттік ақпарат құралдары жұрт іздеп жүріп оқитын газет шығара алмасы анық. Оқырманның да обалы бар. Әкім анда барды, мында барды, пәлен жиналыс өткізді, түгеншелермен кездесті деген ақпараттармен беттерді толтырумен оқырманды баурап ала алмайсың. Ал ондай ақпараттарды бермесең, мемлекеттік тапсырысты орындай алмасың тағы белгілі.
Жасыратыны жоқ, мемтапсырыстың тақырыптары оқырман үшін қызықсыз. Көбінесе ресми, мемлекеттік саясатты насихаттайтын, тапсырыспен жазылатын тақырыптар. Осыдан кейін газет беттерінде қызықты мақалаларға орын аз қалуда. Беттері мемтапсырыспен толған газеттен оқырманның жүрегі айниды. Енді бюджеттік газет-журналдардың алдағы бес-он жылдағы тіршілігі қалай болады?
Меніңше, еліміздің ақпарат және мәдениет министрлігі, жергілікті ішкі саясат басқармалары осыған байланысты нақты анализ жасап, бір тұжырымдама бекітуі керек сияқты. Жалпы, алдағы уақытта бізге газеттің тиражын көбейткен дұрыс па, жоқ әлде сайттарды жандандыруға күш салып, газет журналистерін біртіндеп сайттарға ауыстыра бастау қажет пе?
Тиражды көбейтудің қандай жолдары бар? Шынында газеттер мәселесін бір жағына шығаратын кез келді. Егер біздің мемлекет газеттер керек деп тапса, онда барлық жағынан, әсіресе тираж жинау жағынан қолдау көрсету қажет. Егер газеттерден құтылу керек, бірте бірте сайттарға ауыстыру керек десе, онда жоспарлы түрде нақты іске кірісу қажет. Міне, осы тірліктің іске асырылатын уақыты, кезеңі, жылы тұжырымдамада нақты көрсетілуі керек. Газет-журналдарды электронды түрде жаздыру мәселесі де оқырманның қолдауына ие болмай тұр. Оқырмандар үшін ұялы телефонға үңіліп, пдф форматты оқу қызық емес.
Қалай айтсақ та, ақпарат саласы түбегейлі өзгеруі қажет. Газеттер сараптама мақалаларға көбірек орын беруі керек. Өйткені газет журналдар ақпарат тарату жағынан бәрібір сайттарға, әлеуметтік желілерге ілесе алмайды. Біраз облыстардағы аудандық, қалалық газеттер жекешеленіп кетті. Бірақ жекеге өткенімен баяғыдай мемлекеттік тапсырыспен қаржы алып, бюджеттің қаржысымен күн көріп отыр. Дәл осы басылымдарды сатқаннан бюджеттің бүйірі томпайып, мемлекеттік саясатты насихаттаудың бұрынғыдан жетіліп кеткенін байқамадым. Тіпті кейбіреулер аудандық газеттің ғимараты үшін ғана сатып алып, ғимаратты бизнес орталығына айналдырып, редакцияның жағдайын ұмыт қалдырғандары да бар.
Жалпы, біздің аймақтық БАҚ, оның ішінде басылымдар қайда бара жатыр? «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген аудандық газеттердің басындағы жағдай ертең облыстық газеттерге де тумасына кім кепіл? Иә, дәл қазір БАҚ саласы үлкен жолайырықта тұр. Тағдыры шешілгелі тұр. Негізі басылымдарды жекеге беру идеясы бір қарағанда тиімді көрінетіні рас. Газетті жекешелендіріп алған кәсіпкер басылымның бағын ашу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы керек. Яғни, оқырманның сұранысын зерделеп, заманға сай газет шығаруы тиіс. Алайда аудандық, қалалық газеттер де осы мақсатпен жекешелендірілген болатын. Бірақ бұл сауда өз мақсатына жетті ме? Жекеге берілген басылымдардың жағдайы жақсарып кетті ме?
Бүгінде жекеге берілген барлық газеттер «шықпа жаным шықпамен» әрең күн көріп отыр. Жекеге алған кәсіпкерлердің көбісі басылымға қаржы салып, жұмысын ары қарай өрістетудің орнына редакцияның өз бидайын өздеріне қуырып беріп, штаттары мен шығындарын қысқартып, мемлекеттік тапсырыстың қаржысынан пайда көруге асық болды.
Сондықтан облыстық газеттерді де жекешелендіру мемлекетке ешқандай пайда әкелмейді. Біздің алдымызда мұның жарқын мысалы тұр емес пе? Бұл істі әбден сараптап, әлі де пісіру қажет секілді. Дәл осы оңтайландырудан кейін мемлекеттік саясатты насихаттау ісі әлсіреп, өңірлік БАҚ-тың болашағына қауіп төнеді. Сондықтан БАҚ саласына, басылымдарға жанашыр көзқарас керек. Қалай айтсақ та, бюджеттік газеттер биліктің көмегіне өте мұқтаж.
«Газеттің тиражы азайып жатыр екен», – деп оның бюджетін де, қызметкерлерін де қысқартудың қажеті жоқ. Былайша айтқанда, «Оқырмандары азайып келе жатыр», – деп газет-журналдардың болашағына, тағдырына селқос қарамау керек. Тегінде қандай заман, қандай жағдай болса да журналистердің басты міндеті – тек ақиқатты жазу. Лайым, Отанымызға адал қызмет ете берейік! Журналистер қауымы халқымыздың үніне, жүрекжарды сөзіне айнала берсін дегім келеді. Төл мерекеміз құтты болсын, әріптестер!
Оралхан ДӘУІТ
Ұқсас жаңалықтар
Әкімдік пен тұрғындар текетіресі: кімдікі дұрыс?
- Бүгін, 03:39
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді