«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қалада қарақұрт қаптап бара ма?

Қалада қарақұрт қаптап бара ма?
Автор
Күні кеше әлеуметтік желілерге күйеуін өз төсегінде қарақұрт шағып, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға кетіп бара жатқанын салған әйелдің видеосы жұртты шошытты. Оқиға Талдықорған қаласында орын алған.

Жалпы, биыл елімізде қарақұрт қаптады дегенді жиі естіп жүрміз. Негізінен құрғақ және шөлді жерлерде, құмды және тасты жағажайларда, төмен өсетін өсімдіктер арасын мекендейтін қауіпті өрмекшенің көбеюі жұртты алаңдатып қойғаны рас. Зоолог Айдын Есжановтың айтуынша, олардың көбейіп кетуі былтыр не биыл басталған жоқ.

«Қарақұрттың өршуі 2022 жылы басталды. Сол жылы біз олардың бірнеше ұяларын таптық. Олар тіпті, Алматы қаласында да белсенді болды», – дейді ол.

Қарақұрт – әлемдегі ең қауіпті саналатын өрмекші. Оны «қара жесір» деп те атайды. Ол даланы, құмды және жылуды жақсы көреді. Сарапшылар аптап ыстық қарақұрттың тез көбеюіне және уының жоғарылауына әкелетінін айтады. Ал ең қорқыныштысы – қарақұрттың арқасында қызыл сызығы бар ұрғашысы шұбар жыланнан 15 есе уы болады екен.

Алайда маса секілді шаққандықтан, сезбей де қалуың мүмкін. Бірақ тістегеннен кейін көп ұзамай у бүкіл денеге таралады және адамда өткір ауырсыну синдромы пайда болады. Ентігу, жүрек соғу жиілігі, бас ауыруы, құсу пайда болып, адам қатты терлей бастайды. Егер адам уақытында дәрігерге жүгінбесе, алжасуға апаратын күй кешеді.

Жалпы, қарақұрттың шағуынан қалпына келу, айығу процесі 3-тен 10 күнге дейін созылады. Еліміз бойынша мамыр айынан бастап улы жәндіктерден 9 адам зардап шегіп, оның үшеуі жансақтау бөліміне түскен. Тіпті қарақұрттың қаптап кетуі мал шаруашылығына да өз зиянын тигізіп отыр. Жыл басынан бері қарақұрт шаққан малдың саны 179-ға жетіп, алты бас мал өлген.

Өңірлік санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неила Муликованың мәліметінше, аймақта жыл басынан бері қарақұрттан 20 адам зардап шеккен. Салыстырмалы түрде 2024 жылдың осы кезеңдегі көрсеткіші 79 зардап шегушіні құрағандықтан, биыл аса алаңдауға себеп жоқ екен.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрмекшілердің маусымдық белсенділігі мамырдың ортасынан қыркүйекке дейін артады. Ал ғалымдар қарақұрт таңғы уақытта аса белсенді болатынын айтады. 2025 жылы Қазақстанда қарақұрттардың көбеюіне климаттың жылынуы, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, ауыл шаруашылығы аймағының кеңеюі сынды факторлар әсер еткен.

ҚАРАҚҰРТТАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?

Сарапшылар қарақұрттардың мазасын алмаса, оның адам мен жануарларды шақпайтынын айтады. Арахнокипер Рашит Бараев улы өрмекші анықталған жағдайда сабыр сақтап, оны баспай, қандай да бір затпен түсіріп жіберуге кеңес береді.

Ал ветеринария мамандары:

«Табиғат аясына демалуға барғанда өрмекші торы, қандай да бір жәндіктердің іні жоқ жерлерді таңдауға тырысу керек. Киімге де мән берген дұрыс. Қала мен ауылдан тыс далалы жерлерге ашық-шашық киініп баруға болмайды. Жеңі ұзын киім кию керек. Аяқ киімнің де жабық болғаны дұрыс», – дейді.

Халық арасында қарақұрт қойдың иісі бар жерге жоламайды деген сөз бар. Бұрын ата-бабаларымыз жайлауға шыққанда үй тігетін жеріне қой жайып алады екен. Сондай-ақ үйді қойдың жүнінен жасалған арқанмен қоршап қоятын болған.

Егер адамды қарақұрт шағып алса, ауруды басатын дәрі және көп мөлшерде су ішу керек, сонда у ағзадан табиғи жолмен шығарылады. Науқасты дереу ауруханаға жеткізіп, токсикология бөліміне жатқызу керек. Дәрігерлер инфекция түсу қаупі болғандықтан, қарақұрт шаққан орынды күйдіруге, кесуге немесе уды сорып шығаруға рұқсат етпейді.

Ендеше, қауіпті жағдайларға ұрынбас үшін далалы жерлерге барғанда сақтық шараларын барынша жасап жүрген дұрыс.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар