«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстан - өңірлік диалог орталығы

Қазақстан - өңірлік диалог орталығы
Автор
16-17 маусым күндері елімізге Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келді. Сапар барысында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесу өткізіліп, екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланды. Сондай ақ елордада Қытай көшбасшысының және аймақтағы мемлекеттер басшыларының қатысуымен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті.

АСТАНАДА «ОРТАЛЫҚ АЗИЯ – ҚЫТАЙ» САММИТІ ӨТТІ 

САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫС НЫҒАЮДА

Қытай бүгінде Орталық Азияны ұзақмерзімді капитал салымы үшін басым кеңістік ретінде қарастырады. 2024 жылы Еуразия өңірі елдеріне салған тікелей инвестициясының 47 пайызы Орталық Азия елдеріне тиесілі болған. Ең ірі алушы Қазақстан. Бұл – өңірдің Бейжің үшін маңыздылығын көрсетеді. Аспан асты елі әлі күнге дейін өз инвестициясының негізгі бөлігін өндіруші секторға салады.

Дегенмен, соңғы жылдары әртараптандырудың айқын тенденциясы байқалып, Қытай өңдеу өнеркәсібіне ерекше көңіл бөле бастады. Бұл салаға салынған инвестиция 8 пайызға өсіп, 11,8 миллиард долларға жетті. Бұған қоса қаражаттың басым көпшілігі (97 пайызы) Орталық Азия елдеріне келуде.

Осындай маңызды жобалардың қатарында Қазақстандағы керамогранит өндірісі бойынша зауыт бар. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда экономикалық ынтымақтастық тұрақты өсу мен стратегиялық тереңдікті көрсетуде.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша, өткен жылы екіжақты сауда көлемі 30 миллиард долларға жеткен. Қазақстанның ҚХР-ға экспорты 15,8 миллиард долларды құрады, бұл қазақстандық тауарларға деген жоғары сұранысты және елдің Азия бағытындағы позициясын нығайтуды көрсетеді.

Аграрлық секторға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда көлемі 1,4 миллиард долларға жетіп, 10,5 пайызға ұлғайған. Оның 1,1 миллиард доллары қазақстандық экспортқа тиесілі болды. Қазақстан жыл сайын 15-20 миллион тонна астық өндіреді, ал қытайлық компаниялар қосылған құны жоғары өнім жасау үшін оны қайта өңдеуге белсенді инвестиция салады.

Жарқын мысалдардың бірі – 650 миллион долларлық бидай өңдеу зауытының құрылысы бойынша Dalian hesheng Holding Group жобасы. Ол жаңа жұмыс орындарын құруға ғана емес, сонымен қатар өнімнің халықаралық нарықтарға шығуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осылайша, арадағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты өсуі – екі елдің стратегиялық әріптестігінің беріктігін растайды.

ЕҢ ІРІ ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ БЕСТІГІНДЕ

Қытай Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді, жинақталған капитал салымдарының көлемі 26 миллиард долларды құрайды. Бүгінгі күні 9,6 миллиард доллар сомасына 12,8 мыңға жуық жұмыс орнын құрумен 63 бірлескен жоба іске асырылды, 14,6 миллиардқа тағы 59 жоба іске асырылу сатысында және ол 14,7 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Бүкіл инвестициялық пулға 57 миллиард доллардан асатын 235 жоба кіреді және энергетика мен агросектордан бастап, өнеркәсіптік өндіріске, инфрақұрылым мен химияға дейінгі салалардың кең ауқымын қамтиды.

Бастамалардың көпшілігі қайта өңдеу мен өнеркәсіптік әлеуетті дамытуға бағытталған, бұл Қазақстанның қосылған құнды ұлғайту және заманауи, бәсекеге қабілетті экономиканы құру жөніндегі стратегиялық басымдықтарына сәйкес келеді. Бұған қоса Қазақстан мен Қытай «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында белсенді ынтымақтасады, онда Қазақстан Азияны Еуропамен байланыстыратын маңызды транзиттік тораптың рөлін атқарады.

Бұл бастамаға қатысу Қазақстан алдында кең логистикалық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктер ашады, оның халықаралық көлік тізбектеріндегі негізгі буын ретіндегі маңызын күшейтеді. Өзінің тиімді географиялық жағдайы мен инфрақұрылымды дамытуға деген ұмтылысының арқасында Қазақстан Қытай экспортын құрлық бағыттарына қайта бағдарлаудың басты бенефициарларының біріне айналуда. Ел транзиттік қуаттылықты белсенді түрде арттыруда, «Қорғас» құрғақ порты, Алтынкөл арқылы өтетін теміржол өткелдері, сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автотрассасы тұрақты логистикалық ағындарды қамтамасыз ете отырып, өсіп келе жатқан жүктемемен жұмыс істеуде.

ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ ҚАТЫНАСЫ – ЖАҢА ДЕҢГЕЙДЕ

16 маусымда Ақордада Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен ресми келіссөз жүргізген Қазақстан Президенті Қытайды Қазақстанның тату көршісі және уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктесі деп атады. Мемлекет басшысының айтуынша, екі елдің қарым-қатынасы тұрақты сипатқа ие әрі оған геосаяси сын-қатерлер мен дүрбелеңдер, сондай-ақ халықаралық ахуал теріс әсер етпейді. Қытай Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығында қандай да бір саяси шарт қоймаған.

Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынас жылдан жылға нығайып, жаңа «алтын кезеңге» қадам басқанын мәлімдеді. Достық байланыс екі елдің тұрақты әлеуметтік экономикалық дамуына және халықтардың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп жатқанына назар аударды. Кездесу барысында Қазақстандағы атом электр станцияларының бірін Қытайдың CNNC компаниясы салатыны белгілі болды.

Мемлекет басшысы Си Цзиньпинмен әңгімелесу кезінде аталмыш компанияға сенім артатынын жеткізді. «Біз Қазақстанда бірнеше, тым болмағанда екі-үш АЭС салу туралы шешім қабылдадық. Осы маңызды жобаға ірі компанияларды тартуға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. АЭС құрылысы бойынша CNNC компаниясын сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отырғанымызды ерекше атап өткім келеді. Әлемге әйгілі компания біздің нарықта өз орнын табатыны анық. Сонымен қатар Қазақстан Қытайға табиғи уран мен ядролық отын жеткізіп отырған сенімді ел», – деді Президент.

Қазақстан басшысы айтқандай, Қытайдың АЭС құрылысын салудағы тәжірибесі әлемдегі көп елдерден көш ілгері. Сондықтан ауқымды құрылысты ысылған әрі тәжірибесі мол мердігерге тапсыру ынтымақтастығымызды арттырып, сол арқылы қауіпсіздігімізді сақтауға негіз болмақ. Си Цзиньпин өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан ұлттық жаңғыру жолына түскенін, ел дамуында тың табыстарға қол жеткізіп келе жатқанын атап өтіп, Қытай – Қазақстан достығын нығайтуға, өңірдің және жалпы әлемнің дамуына елеулі үлес қосу үшін екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуге әзірлігін жеткізді. Келіссөз барысында екі ел ынтымақтастығының барлық бағыт бойынша перспективасы талқыланып, энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын 24 құжатқа қол қойылды.

АСТАНА – «ОА+» ФОРМАТЫНДАҒЫ САММИТТЕР ОРТАЛЫҒЫ

Орталық Азияға жаһандық қызығушылықтың артуы аясында Қазақстан өңір мен әлемнің жетекші державалары арасындағы негізгі диалог алаңына айналып отыр. Соңғы үш жылда Астана бірінші «ОА – Ресей» және «ОА – Италия» саммиттерін, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Еуропалық кеңес төрағасымен алғашқы кездесуін өткізді.

«ОА+» форматы тұрақты серіктестік үлгісіне айналуда, ал Қазақстан осы жаңа дипломатиялық сәулеттің танымал орталығын саналады. Бұл ретте Мемлекет басшысы атап өткендей, өңірлік қауымдасу жай ғана дипломатия емес, уақыттың сын-қатерлеріне өмірлік қажеттілігі бар жауап. Жаһандық турбуленттілік жағдайында тұтастық, сенім және әлемге деген ашықтық Орталық Азияға тұрақтылықты сақтауға және әлемдік жүйеде лайықты орын алуға мүмкіндік береді. Қазақстан осы құндылықтарды өңірлік ынтымақтастықты тереңдету үшін стратегиялық бағдарды белгілейтін «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасы арқылы ілгерілетуде. Айта кетсек, екі жылда бір рет өткізілетін «Орталық Азия – Қытай» саммиті өңірлік диалогты нығайту және бірлескен бастамаларды ілгерілету үшін жаңа жұмыс алаңы ретінде дүниеге келген.

Мәселен, бірінші саммит 2023 жылдың мамыр айында Қытайдың Сиань қаласында өтіп, кездесу барысында сауда, инфрақұрылым, көлік және цифрландыру салаларындағы негізгі келісімдерге қол қойылды. Мамандандырылған саммиттен басқа Орталық Азия елдері Қытайдың қатысуымен басқа да көпжақты алаңдарда өңірлік мәселелерді белсенді түрде талқылауда.

Атап айтқанда, 2024 жылы Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп, онда өңірдің тұрақтылық, инфрақұрылымдық өзара іс-қимылы және Қытай мен өңір мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастығы тақырыптары көтерілген. Қазақстан үшін мұндай бастамаларға қатысу оның белсенді сыртқы саяси ұстанымын баса көрсете отырып, халықаралық беделін айтарлықтай арттырады.

Сонымен бірге бұл платформалардың практикалық сипаты Қытаймен экономикалық байланыстарды нығайтуға, инвестицияларға қолжетімділікті кеңейтуге, жаңа нарықтарға және елдің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін технологиялық алмасуға септігін тигізеді.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ САПАЛЫ ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРГЕН САММИТ

Қытай көшбасшысы Си Цзиньпиннің елімізге алтыншы сапары бүкіл өңір үшін маңызды саяси оқиғалардың бірі саналатын «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитіне орайластырылғаны белгілі. Бұл жолы Қазақстан тағы да қабылдаушы мемлекет болып, өзінің өңірлік дипломатия мен диалог орталығы мәртебесін растады. Екінші саммитті ашқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшыларына ілтипат білдіріп, Орталық Азия елдерімен жан-жақты ынтымақтастыққа ниет танытқаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты.

Сондай-ақ саммит жұмысына белсене атсалысып, өңірлік ынтымақтастыққа ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан бауырлас мемлекеттердің басшыларына ризашылығын жеткізді.

«Сексен миллиондай халқы бар ауқымды нарыққа ие және табиғи ресурстарға бай біздің өңір халықаралық қатынастардың, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде өз позициясын бірте-бірте нығайтып келеді. Осынау оң үдерісте Қытай Халық Республикасымен сан қырлы ықпалдастық негізгі рөл атқарады. Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыстар мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне баса назар аударғым келеді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қолда бар мүмкіндікті біріктіру Қытаймен қарқынды әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін береді.

«Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты триллион доллар межесіне таяп қалды. Соңғы бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің Қытаймен тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді. Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Қытайдан кең көлемде инвестиция тартуға бағытталған саясатынан айнымайтынын растады.

«Қазақстанда экономикалық өсімге серпін беретін тың мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Әсіресе, Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосуға, тауар номенклатурасын көбейтіп, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Өңделу деңгейі төртінші сатыға сай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнемдеу әзірлемелерін қолданысқа енгізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бұл ретте Қытай компаниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз. Елдеріміз арасындағы экономикалық ықпалдастыққа «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы тың серпін береді», – деді Қасым Жомарт Тоқаев.

Президент Қытайдан Орталық Азия елдеріне жүк тасымалының артқанын айтып, Каспий теңізінде терминал салуды ұсынды. Қасым Жомарт Тоқаев қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбегінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын қамтамасыз ету барлық ел үшін стратегиялық тұрғыдан өзекті екенін айтты. «Еуропа мен Азияның ірі өңірлерін жалғауда Орталық Азия басты логистикалық хабқа айналып келеді. Былтыр Қытайдан Орталық Азия елдері арқылы тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға артып, 211 мың контейнерден асты.

Қытайдан Еуропаға құрлық жолдарымен жөнелтілетін жүктің 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. Біз құрлықаралық байланысты күшейтуге және Орталық Азия аймағының бәсекелестік артықшылығын барынша пайдалануға ерекше мән береміз. Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының алғашқы буыны ретінде бұл бастаманы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және «Солтүстік – Оңтүстік» секілді маңызды транзиттік бағыттармен ұштастыруды көздейді.

Транскаспий бағытының тартымдылығын арттыру үшін Каспий теңізіндегі айлақтарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, сондай-ақ жүк кемелері өндірісін жолға қою бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз, – деген Мемлекет басшысы Қытай тарапына Каспийдегі «Құрық» портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынды. Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдің ядролық энергетиканы дамытудағы табысты тәжірибесі туралы айтып, энергетика саласындағы ықпалдастықты өңірдің орнықты дамуына әсер ететін ең басты факторлардың бірі ретінде атады.

«Әлемдегі уран қорының 20 пайызы, мұнайдың 17 пайыздан астамы, табиғи газдың 7 пайызы, сондай-ақ сирек кездесетін металдардың мол кені Орталық Азияда шоғырланған. Яғни, бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Біз озық технологиялар алмасуға және энергетика инфрақұрылымдарын жаңғыртуға ниеттіміз. Сондай-ақ аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қуат көздерін әртараптандыруға мән берген жөн. Қытай Халық Республикасының ядролық энергетиканы дамытудағы бай және табысты тәжірибесін ескере отырып, аталған стратегиялық салада орнықты ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Жуық арада келісімге қол қоюға дайындаламыз», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын» құру бастамасына жоғары баға берді. Оның пікірінше, бұл тең құқылы серіктестік, ортақ игілік пен өзара құрмет қағидаларына толық сай келеді. Мемлекет басшысы аталған ұстанымдар екінші саммит қорытындысы бойынша қол қойылатын «Мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартта» көрініс табатынына сенім білдірді. Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азияның бейбітшілік, орнықты қауіпсіздік пен өнімді ықпалдастық мекені болғанын қалайды.

Еліміз діни экстремизммен, терроризммен, сепаратизммен, есірткі тасымалдаумен, заңсыз қару-жарақ саудасымен, рұқсатсыз көші қонмен және адам саудасымен ымырасыз күресті жалғастыруға әзір. Халықаралық киберқылмыстың өршуі айрықша назар аударуды талап етеді. Осыған орай Президент салалық ведомство басшылары арасында тұрақты байланыс орнатуды ұсынды. Іскерлік кеңесте Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Қытай халықтарының арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары қарқынына тоқталды. Мәдени орталықтардың ашылуы, креативті индустрия және туризм салаларының дамуы осы бағыттағы басты басымдықтар ретінде аталды.

«Сиань қаласынан Алматы шаһарына қатынайтын алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын құптаймыз. «Қазақстандағы Қытай туризмі жылына» орайластырылған бұл оқиға ғасырлар бойы Еуразия аумағында тауарлар мен идеялардың толассыз алмасуына дәнекер болған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртады», – деді Президент.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу қажет деп санайды. Президенттің пікірінше, бүгінгі саммит елдеріміздің тату көршілік қатынасты, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты дамуға мүдделі екенін растады. Мемлекет басшысы жиын барысында айтылған ұсыныстар мәңгі достық пен стратегиялық серіктестікке берік негіз қалайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ ортақ күш-жігер жұмылдырудың нәтижесінде «Орталық Азия – Қытай» форматын институттандыру ісі табысты жүзеге асқанын атап өтті.

«Орталық Азия – Қытай» саммитінде ҚХР Төрағасы және Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан президенттері сөз сөйлеп, форум қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары екінші саммиттің Астана декларациясына, сондай-ақ республикалар арасындағы мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Осылайша, «Орталық Азия – Қытай» саммиті Сиань қаласында өткен бірінші саммитте басталған диалогты жалғастырып қана қоймай, Қытай мен Орталық Азияның бес елі – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті сапалы жаңа деңгейге көтергені сөзсіз.

«ҚАЗАҚСТАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ КӨПІРГЕ АЙНАЛЫП ОТЫР»

Осылай деген сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия қарқынды дамып келе жатқан, үлкен даму әлеуеті бар, жан-жақты ынтымақтастық үшін бар жағдай жасалған өңір. Ал Қытай төрағасының Астанаға жиі келуі – шынында да Қазақстанның Бейжің үшін маңызды екенінің айқын көрсеткіші. Бүгінде Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдерінде экономикалық реформалар жүріп жатыр, олар екіжақты тиімді кооперацияға жаңа мүмкіндіктер ашуда. «Ең алдымен сауда-экономикалық ынтымақтастық – негізгі басымдығымыз.

Орталық Азия өңірі мен Қытай арасындағы сауда қарқыны өте жылдам өсіп, 2024 жылы 95 миллиард АҚШ долларына жеткен және оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі болды. Болашақта біз екіжақты сауда көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін кедергісіз сауданы одан әрі дамыту және іскерлік ортадағы тікелей байланыстарды нығайту қажет».

«Орталық Азия – Қытай» іскерлік кеңесінің екінші отырысында осылай деген Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытай Республикасының зор мүмкіндіктерімен біріктіру өзара мүдде мен серіктестік архитектурасын бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеруге жол ашады.

«Әрине, мұндай ілгерілеуге ең алдымен, біздің елдер басшылары арасындағы шынайы достық пен сенімді қарым-қатынастар ықпал етеді. Бізде барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты тереңдете түсуге зор мүмкіндіктер бар», − деді С. Жұманғарин.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Ұқсас жаңалықтар