
Қант зауыты аймағындағы жергілікті тұрғындар арасында «Кирпичный» аталып кеткен аумаққа жолыңыз түссе, Тараздағы еңселі ескерткіштердің бірін көруге болады. Мұнда тұрпаты тұрғысынан Төле би мен Жамбыл ескерткіштерінен еш кем түспейтін Ленин мүсіні орналасқан. Сұр түстес еңселі мүсіннің биіктігі үш метрге жуықтайды.
Ескерткіштің айналасынан көп ұзамай-ақ, оның сыңарын, яғни тағы бір Ленинді аңғаруға болады. №6 орта мектептің алдында орналасқан күн көсемінің скульптік бейнесі біршама тозып, тіпті, «мұрыны да сынған». Сыры мен сыны кеткен мүсіннің идеологиялық тұрғыдан да қисынға келмейтіндігін атап өткен қоғам белсендісі Абдолла Бақбергенов Ленин ескерткішінің орнына іргесіндегі білім ошағына есімі берілген Мұқағали Мақатаевтың тұғыртасы орнатылса дейді. Талай тараздық өнер адамдарына қолдау көрсеткен руханият жанашыры Тараз қалалық мәслихат депутаты болып жүргенінде №14 М.Мақатаев атындағы ескі мектептің жаңа ғимаратқа көшуіне де себепкер болған.
– Тәуелсіздік алғалы бері Кеңес Одағы құрамынан шыққан елдер посткеңестік элементтерден құтылуға барынша күш салып келеді. Алайда елімізде бұл үрдіс баяу жүргізілуде. Ленин ескерткішінің өзге емес, қазақылықтың қаймағы саналған еліміздің оңтүстігінде тұрғандығы өкінішті. Оның орнына өзіміздің ақын-жазушыларымызды, белгілі тұлғаларымыздың мүсінін қойғаны дұрыс деп білемін. Мәселен, осы тұста Мұқағали атындағы мектеп орналасқан, соның монументін орнатуға болады. Оның үстіне жастардың біразы ескерткіште кім бейнеленгенін тап басып айтып бере алмайды, – дейді Абдолла Бақбергенов.
Расында, саябақ ортасындағы үлкен мүсіннің тұғыртасында есімі жазылмаған соң, жастардың арасында монументте кім бейнеленгенін білетіндер аз екендігін аңғардық. Жалпы,1991 жылдан бастап күн көсемінің ескерткіштерінен құтылу Эстония, Латвия, Литва, Грузия, Орталық Азияның мемлекеттерінде белсенді түрде жүргізіле бастады.
2021 жылдың қаңтар айындағы жағдайға сәйкес, Ленин ескерткіштерінің саны бойынша Қазақстан Ресей, Беларусь және Украинадан кейін посткеңестік елдер ішінде төртінші орынға жайғасқан. Тараз төріндегі қос ескерткіштің осы күнге дейін демонтаждалмауын «Тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау дирекциясы» КММ директоры Сауран Қалиев мүсіндердің мекеме теңгерімінде болмауымен түсіндірді.
– 1992 жылы жауапты министрліктің бекітілген қаулысына сәйкес елімізде Маркс, Энгельс, Ленин ескерткіштерін демонтаждау жұмыстары басталған болатын. Соған сәйкес, облыс аумағындағы да посткеңестік элементтерден «құтылу» процесі жүзеге асты. Сол сәттен бастап осы сипаттағы барлық ескерткіштер теңгерімнен шығарылып тасталды. Мекеме теңгерімінде болмаған соң, қандай да бір іс-әрекет жүргізуге құқығымыз жоқ, – деді Сауран Қалиев.
Сонымен қатар мекеме басшысы қос нысанның бұзылмай сақталуын қала аумағындағы қандай да бір қоғамдық бірлестіктер қамтамасыз етіп отырғандығын атап өтті. Мәселенің мәнісін білмекке Тараз қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаевамен байланысқан едік, бөлім басшысы екі ескерткіштің қайда орналасқандығын да білмейтіндігін аңғартты.
Еске сала кетсек, 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында Кеңес ескерткіштерін мемлекет қаржысына қалпына келтіру туралы дау-дамай туындағанда Мәдениет комитетінің мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиева: «Қазір мемлекеттік тізімде республика бойынша Лениннің 2-3 ескерткіші ғана қалды. Оларды да алып тастау жөнінде ұсыныс түсіп жатыр. Баспасөзде айтылған Лениннің 109 ескерткішіне келетін болсақ, олардың статусы – жай монументтік өнер құрылыстары. Ондай туындыларды жергілікті әкімдіктер өз шешімімен алып тастауына болады. Алып та жатыр. Ал мемлекеттік тізімдерде бар ескерткіштерді алып тастауға хақы жоқ», – деген болатын.
Ендеше, Тараздағы жергілікті әкімдік шеңберінде шешілетін шаруаға кедергі келтіріп жүрген кім?!
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді