«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адал жастардың алар асуы биік

Адал жастардың алар асуы биік
Ақәділ Рысмахан
Қай кезеңде де қазақстандық жалынды жастар өзекті экологиялық мәселелердің алдын алуда әрі қоршаған ортаны көркейтіп көгалдандыруда белсенділік танытуы қажет. Сондай-ақ, «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанатын өскелең ұрпақ – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы саналмақ. Баласағұн орталық концерт залында өткен «Тараз – қауіпсіз қала: жастармен бірге» атты іс-шараның мақсаты осыған саяды. Шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, әділетті қоғам құруда жастардың қосар үлесі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, келешектің иелері – жастардың тәрбиесіне тек қана ата ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысқан жағдайда нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.

Әділеттілік пен адамгершілікті жастардың бойына мектеп жасынан сіңіріп, олардың болашақта адал еңбекпен елге қызмет етуін бала жастан қамтамасыз ету – бүгінгі білім беру орындарының басты міндеті. Өмірдің ащысы мен тұщысын әлі сезіне қоймаған, ақ қағаздай таза беттен басталатын жас ұрпақтың санасына адалдықты құю маңыздырақ. Өңірімізде 355 мыңнан астам жас бар. Олар жалпы облыс халқының 29 пайызын құрайды.

Осы жылдың алғашқы тоқсанында 35 жасқа дейінгі 3 585 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Жалпы, адам баласының айрықша қасиеті – адалдық. Ол қашанда саналарыңызда сайрап, тұла бойларыңызға берік бекісе, сіздер бағындырмайтын белес болмайтыны анық. Демек, адал азамат – әділетті қоғамның тірегі.

Осы ретте хәкім Абайдың:

«Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген даналық сөзі ойға оралады. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайтынына сенімдімін. Жастарымыз ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне дайын болуы керек, – деді облыс әкімі.

Бұдан кейін өңірлік полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев сөз алып, жамбылдық полицейлер тарапынан жастардың қылмысқа бармауының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан кешенді іс-шараларға тоқталды. Ол өз сөзінде жастар бос уақытын тиімді пайдаланып, өмірде өз жолдарын табуға мемлекет қамқорлық жасап отырғанын жеткізді. Ал ақын, жазушы әрі аудармашы Абай Қалшабек даңқты қолбасшы, сұңғыла стратег, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының 1941-1945 жылдары қан майдандағы өшпес ерлігін тілге тиек етті.

Спикер Ер Баукең сол заманда етігімен су кешіп жүрсе де, от пен оқтың ортасында 37 қойын дәптер жазып, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романына лайықты пікір білдіргенін, Ғылым академиясында әдебиет пен мәдениет саласының кіл мықтыларының алдында лекция оқығанын баса айтты. Абай Қалшабек қорытынды сөзінде бейбіт заманда күн кешкен бүгінгі жастардың кітап оқуға уақыт таба алмауы – жалқаудың әрекеті екенін атап өтті.

Шара соңында жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сахналық көріністі көрермендер назарына ұсынса, шымкенттік «Миллион» командасы жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал іс-шара «Дарын» сыйлығының иегері, әнші Ибрагим Ескендірдің орындауындағы «Біргеміз» және «Көк тудың желбірегені» сынды патриоттық әндермен түйінделді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар