«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жеделдетілуі тиіс

Сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жеделдетілуі тиіс
Автор
Жамбыл өңірі еліміздің энергетика саласы бойынша айтарлықтай үлеске ие. Әсіресе аймақта баламалы энергия көздерін өндіру бойынша облыс алдыңғы қатарда келеді. Бұдан бөлек, 24 компания электр энергиясын өндірумен айналысады. Олардың жалпы қуаты 1844 мегаватты құрайды. Мұндай стратегиялық ресурсты халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, энергияны тиімді пайдаланудың, үнемдеудің маңызы зор. Сондықтан облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте аймақ басшысы энергетикалық әлеуетті одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Жиында энергия қауіпсіздігі, оны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру жұмыстары 6 бағыт бойынша жүргізіліп келе жатқандығын тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбек салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жаңартылатын энергия көздері жұмыс істеуде. Оның ішінде, 6 су электр станциясы, 10 жел электр станциясы және 6 күн электр станциясы бар. Өткен жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегаватты құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр станциясы іске қосылды. Сондай-ақ Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр станциясы қосымша 20 мегаватқа кеңейту жұмыстары жүргізілді. Алдағы жылдары облыста екі ірі жобаны іске асыру көзделуде. Олар: Мойынқұм ауданында «Total Eren» ЖШС тарапынан қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр станциясы, Сарысу және Талас ауданында Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar компаниясы тарапынан қуаты 1 гигаватт болатын жел электр станциясы жобалары, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Жиында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бүгінгі күнде өзекті мәселе болып отырғанын сөз еткен аймақ басшысы өңір халқы мен өндірістік кәсіпорындарды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету, энергетика саласына инвестиция тарту назардан тыс қалмауы қажеттігін еске салды.

– Шетелден инвестиция тарту ісін жандандыру, жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды қолдау, жүйеге заманауи технологияларды енгізу – уақыт талабы. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуы қажет. Сондықтан жауаптылар жоғарыда аталған мәселелер тұрақты бақылауда болуын күшейту керек. Инновациялық энергетиканы дамыту, жаңартылған энергия көздері бойынша жобаларды уақытылы жүзеге асыру, заңнама талаптарына сәйкес тиісті шараларды орындау – басты міндет. Бұл бағытта тізімге сәйкес энергияны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру ісі белгіленген мерзімде іске асырылуы қажет. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері теңгерімдегі электр желілері мен трансформаторлық нысандарды сенімгерлік басқаруға беру жұмыстарын жеделдетіп, бұл бағыттағы жұмыстар ұзаққа созылмауы тиіс. Әр ауданның межелі уақыты нақтыланып, жауапкершілік күшейтілсін, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан бөлек жиында өртке қарсы маусымға дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар барысы қаралды. Бұл ретте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Ералы Ақылбеков саладағы жұмыстарға тоқталды. Кейбір аудандарда өрт сөндіру бекетін құру ісі баяу жүргізіліп жатқанын сынға алған аймақ басшысы жиын соңында тиісті жұмыстарды межелі уақытында аяқтау, ерікті өрт сөндірушілердің жағдайын тексеру және өзге де өзекті мәселелер бойынша жауаптыларға арнайы тапсырма берді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

Ұқсас жаңалықтар