Емдеу кабинеттерінің жартысынан астамы рұқсатсыз жұмыс істеп жатыр
- author «Ақ жол»
- 22 сәуір, 2025
- 398

Қайғылы оқиға биылғы жылдың қаңтар айында орын алған. Нақтырақ айтсақ, емдеу кабинетінде дәрігердің тағайындауынсыз антибиотиктер енгізілгеннен кейін науқас анафилактикалық шокқа ұшырап, қайтыс болады. Осы іс бойынша арызданған азаматтың айтуына қарағанда, 29 қаңтарда 29 жасар азамат сағат 11:40-та Тараз қаласы N8 мөлтекаудандағы емдеу кабинетіне барып, дәрігердің тағайындауынсыз тұмауға қарсы «Цефазолин» антибиотигін сынама алынбай қабылдаған.
Антибиотик егілгеннен кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, сол жердегі медбике алғашқы медициналық көмекті толық көрсете алмаған. Яғни, шокқа қарсы іс-шаралар, реанимациялық іс-шаралар жасалынбаған және жедел-жәрдем бригадасы шұғыл шақырылмаған. Нәтижесінде науқас қайтыс болады.
Келесі қайғылы жағдай 2 ақпанда Абай даңғылы бойында орналасқан емшара кабинетінде орын алды. 1974 жылғы азаматқа «Цефтриаксон» дәрісі егілгеннен кейін анафилактикалық шок дамып, бұл науқас та аяқ астынан қайтыс болады.
Сондай-ақ дәл сол 2 ақпан күні Қонаев көшесінде орналасқан емшара кабинетінде 1985 жылғы азаматша «Левамак» дәрісінен кейін анафилактикалық шок алып, әрең дегенде өлім аузынан аман қалған. Осы жағдайдан кейін облыс аумағындағы емшаралар кабинетінің мәселесі майшаммен қаралып, бұл ем-дом жасау кабинеттерінің құжаттары қаншалықты заңды екені, қызметтерінің қаншалықты сапалы, сенімді екеніне көз жеткізу үшін тексеру жұмыстары басталды.
Әрине, негізгі міндеті науқасқа сапалы медициналық қызмет көрсету болғанымен бұл процедуралық кабинеттердің қожайындары табыс табу жағына көбірек мән беріп, негізгі міндеттеріне атүсті қарай ма деген де күдіктің келгені рас.
Осы тұста айта кететін бір мәселе – өткен аптада облысымызда медицина саласы бойынша қоғамдық кеңес құрылып, жұмысын бастады. Мұндай кеңес еліміз бойынша алғаш рет Жамбыл облысында құрылып отыр. Кеңестің құрылуына денсаулық сақтау саласындағы қызметтерге тұрғындар тарапынан көңілтолмаушылықтың көбейе бастағаны, дертіне шипа іздеген науқастар тарапынан арыз шағымдардың өрістеп бара жатқаны да себеп болғанын ескерсек бұл ұйымның алдында әлі талай тірліктер тұрғанын аңғарасың.
Міне, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен өткен осынау кеңестің алғашқы отырысында дәл осы емшара кабинеттерінің заңдылығы талқыға түсті. Жақында Тараз қалалық Қоғамдық кеңесі Жамбыл облысындағы емшара кабинеттері қызметінің заңдылығын зерделеп, арнайы топпен құжаттарының дұрыстығы мен қызметтерінің сапасын тексеріп қайтыпты. Бірден айту керек, тексерудің қорытындысы адам шошырлық.
Осыдан кейін денсаулық саласындағы кейбір қызметтерге бақылаудың жоқ екені, табыс табу мақсатында жекеменшік медициналық мекемелер заңды белшесінен басып, қолынан кеп тұрғанда қонышынан басып, өздеріне тиесілі емес қызметтерді де көрсете бергені белгілі болып отыр. Сонымен қоғамдық кеңес Тараз қаласы мен Байзақ, Жуалы, Шу аудандарында зерделеу жұмыстарын жүргізді. Негізі 2020 жылғы 30 қарашада қабылданған ҚР Денсаулық сақтау министрінің №ҚР ДСМ 223/2020 бұйрығында дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету кезінде медициналық мекемелер мен емшара кабинеттерінің қызмет көрсету шектерін айқындайтын нақты талаптар белгіленген.
Әйтсе де бұл зерделеуде ең көп кездескен заңсыздықтың бірі – инъекциялық процедураларды лицензиясы жоқ және арнайы медициналық дайындығы жоқ қызметкерлердің атқаруы болды.
2021-2024 жылдар аралығында жүздеген кәсіпкерлерге «медициналық көмек», оның ішінде, «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету» бойынша медициналық лицензиялар берілген. Алайда денсаулық сақтау саласы бойынша берілген жарнамаларды зерделеу барысында «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету» бойынша лицензия алған кәсіпкерлер осы көмек түрін көрсетпей, емшара кабинетінің қызметтерін атқарып жатқандығы анықталды. Демек емшара кабинеттерінің сыртқы ақпараттық атаулары ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылдың 30 қарашасындағы №223/2020 бұйрығы бойынша алған лицензияларына сәйкес «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету кабинеті» деген атауға өзгертілуі тиіс.
Бүгінде Жамбыл облысында 107 емшара кабинеті жұмыс істеп жатса, оның 42-сі ғана (31-і Тараз қаласында) заңды түрде «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету» бойынша лицензия алған. Қалған 65-і, яғни 60,7 пайызы ешбір рұқсатсыз жұмысын дөңгелетіп жатыр деген сөз. Тіпті зерделеу жүрген Байзақ, Жуалы, Шу аудандарындағы емшара кабинеттерінің барлығы дерлік заңсыз, ешбір лицензиясыз науқастарға инъекциялық қызметтер көрсетіп жатқаны анықталды. Тек Шу қаласы, Қонаев көшесі, 14 мекенжайындағы «ВЕРАФАРМ» ЖШС-іне қарасты «Семь и Я» мекемесінде ғана «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетуге» лицензиясы бар болып шықты.
ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 30 наурыздағы №49 «Қазақстан Республикасында медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес емшара кабинеттері тек медициналық, фельдшерлік акушерлік пункттердің, дәрігерлік амбулаторияның (отбасылық денсаулық орталығы), медициналық санитариялық алғашқы көмек орталығының, емхана және ауруханалардың құрамында болуы керек.
Бөлек тұрған емшара кабинетінің жұмысы заңға қайшы болып есептеледі. Себебі, дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету барысында инъекциялық процедуралар жүргізу кезінде адамның аллергиялық реакциясы, әсіресе анафилактикалық шок сияқты асқынулар болуы мүмкін.
Тағы бір сұмдығы, медициналық қызмет көрсететін барлық емшара бөлмелерде арнайы мамандандырылған дәрігерлер жоқ және емшаралар дәрігердің тағайындауынсыз жүзеге асырылған. Тіпті қала тұрғынының «Сыздыкбаева Ж.С.» жеке кәсіпкерінің дәріханасына қатысты шағымы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде дәріхана ішінде үй жануарларына арналған дәрілік заттар да сатылатыны және заңсыз жұмыс жасап жатқан егу бөлмесі бар екені анықталған. Ал, егу бөлмесінде инъекциялық процедуралар жасап жатқан мейірбикенің сертификаты болмаған.
Нәтижесінде, дәріхана басшысына және мейірбикеге әкімшілік айыппұл салынып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұйғарым берілді.
«Сондай-ақ, жекеменшік нысандарда дәрігердің мөрі қойылмаған рецептпен инъекциялық емшара жасай беру күнделікті әдетке айналып кеткеніне куә болдық. Қызметкерлер құрамында дәрігерлер мүлдем жоқ және емшара кабинеттері медициналық білімі жоқ қарапайым тұтынушылардың өз ауыздарымен айтылған дәрі-дәрмектерін өздеріне инъекциялық жолмен салуды ғана қаражат көзіне айналдырып отыр. Демек бұл мәселе толық бақылаудан шығып кеткен деуге негіз бар. Қысқасы, осы саладағы қызметтердің заңдылығын зерделей келе емшара кабинеттерінің атауларын қызмет түріне алған лицензиясына сәйкестендіріп, «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету кабинеті» деп ауыстырылуын, емшара кабинеттерінде арнайы кеңес беретін дәрігер штатының қарастырылуын, медициналық құрылғылармен жарақтандырылуын, дәрігердің мөрі қойылған рецепт арқылы ғана инъекциялық шараларды жүргізуді, емшара кабинеттерінде оқыс жағдай орын ала қалған жағдайда, сапалы қызмет көрсетуі үшін мемлекеттік медициналық мекемелер медбикелерінен талап етілетін «Шұғыл медициналық көмек көрсету дағдылары» және «Жүрек қан тамырлары қызметінің жіті бұзылуы және жүрек тоқтаған кезіндегі қарқынды терапия алгоритміне» дайындық (BLS (Basic Life Support) және ACLS (Advanced Cardiac Life Support)) сертификаттарын талап етуді қамтамасыз ету, емшара кабинеттерінде олардың қызметіне рұқсат беретін лицензияның көрнекті орында ілініп тұруын, заңсыз емшара кабинеттерінің иелеріне Тараз қалалық әкімдігінің «заңсыз дүңгіршектермен» күрес іс-тәжірибесін негізге ала отырып, жергілікті әкімдіктің өкілетті сәулет, кәсіпкерлік бөлімдерінің өкілдері және учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен қызметтерін тоқтату жөнінде ескерту жасау, айыппұл салу шараларын ұйымдастыруды жолға қоюды талап еттік», дейді бұл жөнінде Тараз қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов.
Тағы бір өзекті мәселе – соңғы кездері белең алып бара жатқан пластикалық және эстетикалық хирургия кабинеттерінің қызметтерінің де заңдылығына назар аудару қажет. Себебі, заңсыз емшара кабинеттерінде орын алған қайғылы жағдай ертеңгі күні осы қызметте де қайталанбасына кім кепіл?! Өйткені пластикалық кабинеттерде тек адамның бет-әлпетін түрлі жақпа майлар арқылы әрлеп қана қоймай, азаматтардың келбетіне әр сарындағы инъекциялық дәрілер егуді және көз жанарларының айналасына, жүздеріне ота жасауды тиісті медициналық білімі, біліктілігі бар маман-оташылардың атқарып жатқанына күмәніміз зор.
Шынын айтқанда, бұл мамандарда көмекші медбикелер бар ма, олардың кәсіби біліктілігін растайтын мемлекеттік үлгідегі дипломдары мен қызмет түріне сай сертификаттары бар ма? Нысаналы кабинеттердің жауапты органнан алған лицензияларына сәйкес медициналық құрал жабдықтары бар ма? Ең бастысы – тұтынушылармен түрлі оқыс оқиғалар бола қалған жағдайда, оларға алғашқы шұғыл медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етерлік дәрі-дәрмектер мен олардың қоры бар ма? Міне, медицина саласындағы қоғамдық кеңестің алғашқы жиынында осы мәселелер өткір қойылды.
Оралхан ДӘУІТ
Ұқсас жаңалықтар
Таразда даңқты батыр Бауыржан Момышұлының музейі ашылды
- 9 мамыр, 2025
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: батырлар рухына тағзым етілді
- 9 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді